Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев журналист Серік Жолдасбайға жұдырық ала жүгірді. Бұл туралы Skifnews.kz тілшісі журналистің facebook парақшасына сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.
«Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты бүгін көріп, пікір алғымыз келген. Алайда ол сұхбат бергісі келмеді. Одан «Назарбаевтың мәртебесін Ата заңға енгізуге қалай қарайсыз?» деп сұрап едім, мүлде жауап бергісі келмеді. Ақыр аяғында ол телефонды қағып жіберіп, жұдырығын ала жөнелді.
«Аманатқа» өздерін оппозиялық партия санайтын Ертісбаев неге ашық сұхбат бермейді? Журналистке жұдық ала жөнелуі қаншалықты дұрыс?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін Серік Жолдасбайдың өзіне хабарласып білген едік.
«Кеше Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін елордадағы «Нұрсая» тұрғын үй кешені жанынан партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты кездестіріп қалдым. Амандасып, жағдай сұрасқан соң, «сізден сұхбат алғым келеді, мүмкін болса, сұхбат ұйымдастырайық», деп ұсыныс жасадым. Ол кісі қашқақтап, сұхбат бергісі келмейтін сыңай танытты. Бұған дейін орыстілді ютюб арналарға сұхбат беріп жүр, маған неге бергісі келмегенін нақты білмеймін. Мүмкін қазақ тілін жетік білмегенінен, әлде өткір сұрақ қойылады деп қаймықты ма, ол жағы маған белгісіз.
Мен қойған ең негізгі сұрақ - экс-президент Назарбаевтың мәртебесін Ата Заңға енгізу қаншалықты дұрыс деген сауал болды. Ол кісі анық естісе де, естімеген кейіп танытып тұра берді. Менің де үнсіз кетіп қалғым келмей, барынша тиісті жауап алуға тырыстым. Телефонымды жақындата бергенімде, ол кісі қолымды қағып жіберді. Мұндай жағдай боларын күтпедім. Жалпы ол кісі жұдырығын түйіп, қол жұмсауға дейін бара алатынын аңғартты»,- дейді тілші.
Серік Жолдасбай өзінің соңғы кездері жасаған кейбір әрекеттерінің орынсыз болғанын да мойындайды.
«Әлеуметтік желіде кейбіреулер шектен тыс тықақтауға да болмайды, деп жазып жатыр. Бірақ, үнемі момындық танытып, басыла беруге де болмас. Ертісбаев - партия төрағасы. Олар өздерін Amanat партиясына оппозициялық көзқарастағы партия санайды. Өздерінің ойларын түрлі арналар арқылы халыққа жеткізуі керек», дейді ол.