Ерліктің шынары, ұрпақтың жыр-әні...
Бүгінгі ұрпақ сұм соғысты көрген жоқ. Бірақ олар қанды қырғынды өз көздерімен көрген, бастан кешкен, салқынын сезінген халықтың ұрпағы. Екінші дүниежүзілік соғыс әрбір қазақ отбасына қасірет әкелді, ал Ұлы Жеңіс зор қуаныш сыйлап, жарқын болашаққа жол ашты. Сұм соғыстың аяқталғанына 70 жыл өтсе де, қазіргі жас ұрпақ майдан даласында от кешкен ата-апаларымыздың ерлігін ұмытпайды, ұлықтайды. 4 мамыр күні Медеу ауданының №32 кітапханасы мен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп интернаты бірлесіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ерліктің шынары, ұрпақтың жыр-әні» атты салтанатты кеш ұйымдастырды. Кешке «Алаш айнасының» тілшісі де қатысып қайтқан еді.
Осыдан тура 70 жыл бұрын Кеңес одағының әскері Германияны жеңіп, Рақымжан Қошқарбаев атамыз бастаған кеңес одағының батырлары рейхстагқа ту тікті. Дәл сол күн жанарлардан қуаныштың жасы тамып, қан майданда елі мен жері үшін жанын берген боздақтардың рухы биіктей түсті. Қазіргі жас ұрпақ зеңбіректің үнін естімеу үшін, ұйқылары тыныш, бейбіт елде өмір сүруі үшін біздің ата-бабаларымыз өздерін құрбан етті. Ал бүгінгі егеменді елдің жастары кешегі өткен қаһармандарымыздың есімдерін ардақтап, рухтарына тағзым етеді. Есімдері мен ерліктері аңызға айналған соңғыс және тыл ардагерлерінің күннен күнге азайып барады. Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп оқушылары Медеу пауданы бойынша санаулы қалған соғыс және тыл ардагерлерін арнайы шақырып, оларға құмет көрсетті.
Мектеп директоры Мұхтар Ботабайұлы Ұлы жеңістің 70 жылдығы республика көлемінде тойланып жатқанын айта келіп, өзі басқарып отырған ұжымның да осы айтулы күнге үлес қосатынын, соғысқа қатысқан 2 миллионға жуық қандасымыздың рухына арнап салтанатты кеш өткізіп жатқандықтарын тілге тиек етті. «Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, талғат Бигелдинов секілді батырларымыздың ерлігі жас ұрпаққа үлгі болсын. Ардагерлерге бас ие отырып, елімізде мәңгі тыныштық орнауын тілейміз, деді мектеп басшысы.
Медеу ауданының №32 кітапханасы мен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп интернаты бірлесіп ұйымдастырған шараға Медеу ауданы әкімдігінің орынбасары Айнақұлова Данагүл Мұхаметкәрімқызы, ҚР Халық әртісі, әнші Сара Тыныштығұлова, Медеу ауданы «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Майлыбаев Ғани Айдарұлы, Медеу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасының рекдакторы, белгілі журналист Сайлаубай Тойлыбай, Чехов атындағы кітапхана директоры Роза Қасымбекқызы, ақын Бақыт Жағыпар, «Электронды қазақ үй» жобасының редакторы Жарқын Сәленұлы аталған шараға арнайы қатысып мектеп ұжымының, оқушылардың әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Салтанатты кешті ұйымдастыруға атсалысқан 8-сынып оқушылары соғыс тақырыбында көріністер көрсетіп, әскери дайындықтарын да паш етті.
Мерекелік шараны ұйымдастыруға Айша Баймағамбетова ханым бастаған №32 кітапхана қызметкерлері ерекше атсалысты.
Мектеп оқушыларының алдында сөз алған ардагер Ким Серікбайұлы, Сара Тыныштығұлова секілді белгілі тұлғалар өскелең ұрпаққа ғибратты әңгіме айтып, бата-тілектерін арнады.
©Нұрғиса Елеубеков (фотолар)