«Бала санын арттыруда басты рөлде ойнайтын еркектердің жәйін мүлдем естен шығарғандаймыз. Бүгінде олардың халі адам аярлықтай. Оларды күйзеліске түсіріп отырған күнкөрістің қиындығы ғана емес, қоғамымызда еркектерге деген белгілі бір көзқарастың жоқтығы. Еркектердің денсаулығын жақсартуға арналған бірде-бір бағдарлама да, орталық та, тіпті кабинет те жоқ» деп «Алаш айнасында» жазып едік. Айта-айта ақыры арманымызға да қол жеткіздік. Оған дәлел, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында «Ерлер денсаулығы орталығы» ашылды.
Елімізде алғашқы болып ашылған орталықтың тіпті ТМД-да теңдесі жоқ. Таңдаудың оңтүстіктің орталығына түсіп отырғаны да тегін емес. Халық тығыз қоныстанған, соған орай ерлер арасындағы түрлі дерттердің дендеп кеткені алаңдаушылық туғызған болатын. Оның үстіне, өткен жылдың қараша айында Астанадан ат арытып арнайы келген бес профессор да ерлердің денсаулығының тіптен нашарлап кеткенін айтып, дабыл қаққаны себеп болған-тын. Облыстық клиникалық аурухана базасында осындай орталық ашу үшін құжат дайындау ісі сол кезден басталған болатын. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов пен облыстық аурухананың бас дәрігері Мұқан Егізбаев қолдау көрсетіп, ашылуына мұрындық болды. Облыстық бюджеттен 4,5 миллион теңге қаржы да бөлінді. Облыста бұрын қаны жерге тамбай тұрған бір ғана андролог маман бар деп аттандайтынбыз. Сөйтсек, басқа облыстарда ол да жоқ екен. Осы аса қажетті, нағыз керекті маман Мырзахмет Жанадилов осы орталықтың тізгінін қолына алды. Санкт Петербургте, Мәскеуде, Мароккода, Италияда оқып келген маман енді ерлеріміздің денсаулығын арттыруға атсалысуда. Еуропалық урологтар ассоциациясының мүшесі болып саналатын Жанадилов еліміздегі ер-азаматтардың денсаулығы, расында да, тым мүшкіл дейді. Ең алдымен, маман жетіспеушілігі басым. Аудандарда андролог түгіл, тіпті уролог та жоқ. Туу көрсеткіші тым кеміп кеткен. Бедеулік пен белсіздік белең алған. Еркектер мен әйелдердің өмір сүру жасында айырмашылық көп. Еркектер әйелдерге қарағанда 12-14 жыл кем өмір сүреді. Ерлер арасында импотенция, простатит, белсіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік дерттері тым көбейіп кеткен. Бала сүйе алмай жүрген отбасыларға бұрын мониторинг жүргізілетін. Қазір ондай жоқ. Сосын есеп те жүргізілмейді. Соның салдарынан нақты қанша баласыз отбасылар бар екенін білу мүмкін емес. Тіпті Статистика департаменті де нақты есепті бере алмайды. Онда тек қана некеге тұрушылар, ажырасқандардың ғана есебі бар. Айтылып жүрген статистика тек долбар ғана. Алдағы уақытта осы орталық нақты есеп жүргізбек. Сондай-ақ скринингтік тексеру жүргізетін болады. Жастар тәрбиесі, оның ішінде сексуалды денсаулық, қауіпсіз жүктілік, жыныстық инфекциялардан сақтану жолдарын насихаттайтын «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мектебі» де қоса жұмыс істемек. Жоспар бойынша алдағы уақытта 8-9 облыста осындай орталық ашылса, оның бәрінің басын біріктіретін есеп базасы болады. Онлайн конференция өткізетін бейне-интернет жұмысын жолға қою да жоспарда қарастырылыпты. Науқастарды осындай тәсіл арқылы профессорларға көрсететін болады.
Мырзахмет Жанадилов, «Ерлер денсаулығы орталығының» меңгерушісі:
– Жасамыс еркектердің тестестерондарын тексеріп тұру керек. Ерлердің ағзасындағы осы тестестерон азайса, адам тез қартаяды. Дер кезінде емдесек, ол ұзақ өмір сүретін болады. Белсіздікті ақысыз емдеу, квота жүйесі жоқ елімізде. Біз әр кезең бойынша жұмыс істеп, бұл мәселені үкіметтік деңгейде шешуге қол жеткіземіз деген үмітіміз бар. Еркектерді көбіне урологтар қарайды. Мен андролог ретінде эндокринологиялық, психологиялық тұрғыда қараймын. Кардиолог, уролог, эндокринолог төрт маман біріге отырып, нақты диагноз қоямыз. Еркектің денсаулығы мықты екенін дәлелдейтін бес көрсеткіш бар. Яғни бөксесі 94 сантиметрден кем болуы керек, одан үлкен болса, онда семіздік дертіне тұсауланғаны. Ұйқысы қалыпты болуы тиіс. Түнде несеп шығаруға тұрмауы тиіс. Төсекке құлшынысы қалыпты болуы тиіс. Біз үнемі сауалнама жүргізіп отырамыз. Сонда белгілі болғаны 60 пайызында аталған мәселелер бар. Андрологиялық мәселелер көп. Пациенттердің тек 10 пайызы ғана дәрігерге қаралады. Қалғандары жеке клиникаларға, емшілерге қаралып, жазылдым деп жүре береді... Базасы мықты ауруханамызда урология бөлімшесі бар. Сонда ота жасаймыз, ЭКО орталық бар. Сонда репродуктивті технология бойынша көмек қолын созуға болады. ОҚО-да алғашқы болып ашылуының себебі мұнда орталықтандырылған барлық бөлімдер бар. Шетелдерде ерлерді емдейтін клиникалардың бәрі де – жекеменшік. Онда тек өте бай адамдар ғана емделе алады. Ал бізде қарапайым адамдарға арналған арнайы орталық ашып, әрі оны тегін емдейміз.
Расында, маманның келтіріп отырған дәйектемелеріне бас шайқамастан басқа амал кем. Белсіздіктің салдарынан неке бұзатындардың көбейіп кеткені, расында, ащы шындық. Бұрынғы апа-әжелеріміз 7-8 баладан қайыратын. Бүгінде бұл арман болып қалды. 10-15 жылда әлем бойынша денсаулығы мықты деген еркектердің өзінің денсаулығы нашарлап кеткені белгілі болып отыр. Еркектердің 16 пайызы қосағының алдында дәрменсіз. Яғни белсіздік дертіне тұсалған. Әрбір алтыншы отбасыға бала сүю бақыты бұйырмаған. Генофонд құртылып барады. 20-30 жылдан кейін елімізде 8-9 миллион ғана халық қалуы мүмкін деген де қорқыныш жоқ емес. 15 жылдың ішінде туу көрсеткіші көтерілмеген. Осындай-осындай шетін мәселелерді бірден шешіп тастаймыз десек артық айтқандық болар. Дегенмен дерттің дендеп кетпеуіне атсалысатын осындай орталықтың ашылғаны да көңілге демеу. Аталмыш орталық мамандары дәл осы саланы кепілдендірілген медициналық тегін көмектердің тізіміне ендіруге күш салып отыр. Елімізде балалар, жасөспірімдер андрологы мүлдем жоқ десе де болады. Жастайынан дертін емдетпеген соң, есейген шақта оны ауыздықтау мүмкін емес екені белгілі. Мамандар осы мәселе де ескерілсе дейді.
Бұл орталықта ерлерді емдеумен қатар түрлі аурулардың алдын алу жұмыстары да қоса атқарылуда. Облыстағы қай аудандар қауіпті, қандай мәселелер көп, соның бәрін де есепке алып отырады. Мәселен, Созақ ауданы. Онда уран өндірілетіні белгілі. Соған байланысты онкологиялық аурулармен қатар, онда белсіздік көбеюі мүмкін. Кентау да экологиялық аумаққа жатады. Осы аймақтар ерлердің ұрық безінің кемдігіне әкеп соқтыруы бек мүмкін. Соған байланысты «мына аймақта мынадай мәселе бар» деген сияқты карта жасалынады. «Ерлер денсаулығы» орталығында бүгінде 300-ден астам науқас уроандрологиялық аурулармен есепте тұр. Жылына төрт рет осында тестестерон, спермограмма, уретроскопия, УДЗ тексеруден өте алады. Оңтүстіктің бөріктілері алысқа ат арытып сабылмай-ақ, осы орталықта дерттеріне дәру алатындықтарына қуанулы. Расында, қоғамымызда ерлердің денсаулығына деген қамқорлық енді бастау алғанының нақты дәлелі осы...
Ерлердің денсаулығына алаңдайтын орталық ашылды
Последние статьи автора