Ерланның ерлігі
Батыр Баукең: «Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба», – дейді. Иә, бабаның «Отаныңды қасық қаның қалғанша қорғай біл» деген аталы өсиеті. Қазақ батырларға кенде емес. Рухы биік халықтың батыр ұлдары қашанда ел шетіне келген жаудың қабырғасын сөккен. Сөйтіп, елге пана, халқына қалқан болған. Шекарасы шегенделіп, Тәуелсіздігі тұғырланған елге көз алартатындар қашаннан табылған. Қас-қағым қияс басар әлсіздік байқалса, қыл бұрауға салып, табанға таптауға бар. Шекараның беріктігін күзетіп жүрген шекарашыларымыздың нағыз ерлер екендігінде шүбә бар ма? Елінің мүддесі үшін отқа түсіп, қажет болғанда ажал оғын құшып, қаза тапқан, Отан алдындағы борышын қастерлеп атқарған жандарды халықтың асылы демеске шараң жоқ. Иә, олар өмірінде бір-ақ рет қабылдайтын әскери антының, ата-анасының, ең бастысы, елінің алдындағы парызына адал болды. Парыз бен борышты бәрінен де жоғары қойған асылдар. Солардың бірі шекара шебін қорғау кезінде ерлік көрсеткен, күні кеше қатарымыздан қыршын кеткен Ерлан Қонысбайұлы Ниязов еді. Асыл ерге мың тағзым дейміз. Ерланның мемлекеттік шекара бұзушылармен арпалысқа түсіп, жанын пида еткен сол бір оқиғаны есімізге тағы бір түсірейікші.
Марқұм Ерлан Ниязов 2007 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысынан шекара қызметінің қатарына әскерге алынған болатын. Тамыздың 23-і күні оқу орталығынан алғашқы дайындықтан өткеннен кейін Сарыағаш шекара отрядының «Сарыағаш» шекара заставасына жіберілді. Сол бір тамыздың қаралы 31-жұлдызында қатардағы жауынгер Е.Ниязов өмірінде алғаш рет шекара нарядының құрамында кезекшілікке шығады. Дәл сол күні заставаға шекара шебінің бұзылып, мемлекеттік шекараны бұзушының ұсталғандығы жөнінде ақпар түседі. Оқиғаға орай ұсталған шекара бұзушыны заставаға жеткізу үшін, сапында қатардағы жауынгер Е.Ниязовпен бірге төрт сарбаз бар, шекара наряды оқиға орнына аттандырылады. Наряд мемлекеттік шекараны бұзушыны алып келе жатып, қайтар жолда Келес өзенінде қолдан жасалған жүзу құралын пайдаланып, контрабандалық жүкті өткізіп жатқандарды байқаған еді. Наряд ниеті теріс контрабандашыларды ұстауға кіріседі. Батыр рухты Ерлан шекараны қорғауда қайсарлық танытты, контрабандашылардың көптігінен қаймықпай, қасиетті парызы – Отан қорғауға деген адалдығын танытты. Амал бар ма, ерлік жасаған қайсар жан қапияда қыршын кетті. Ерлігі көпке үлгі болған марқұм Е.Ниязовқа 2007 жылдың 7 желтоқсанында Президенттің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табыс етілді. Сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік басқармасы әскери кеңесінің шешімімен боздаққа «2007 жылдың үздік шекарашысы» деген атақ берілді. Сол жылдың қарашасында Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы «Қазан төңкерісінің 70 жылдығы» көшесінің атауы қатардағы жауынгер Е.Ниязовтың есіміне ауыстырылыпты. Өйткені қырағы шекарашы осы көшеде туып-өсіп, Отан қорғауға аттанған екен.
Бүгінгі таңда марқұмның қаза болған жерінде еңселі ескерткіш бой көтерген. Маңында тал-дарақтар отырғызылып, айналасы абаттандырылған. Мемлекеттік шекараны күзетуге шыққан шекара наряды ескерткіш маңынан өткен кезде шекарашы батырға ілтипат білдіретіні және бар.
Жақында батырдың Шалқардағы үй-ішіне хабарластық. Телефонды әкесі Қонысбай ағамыз алды. Хал сұрасып, амандық-саулық біліскеннен кейін, «Ауыр да болса сеземіз, ескі жараның аузын тырнады деп айып етпеңіз, ер Ерланның халық білуге тиіс қасиеттерін еске алайықшы», – деген бірауыз сауалымызды қойдық. Ол оқиғадан қанша жыл өтсе де, жүрегі толқи сөйлеген, сабырлы үнді ел ағасы былай деген еді: «Бала – бауыр етің» немесе Абай хакім: «Өмірдің бір қызығы бала деген», – дейді. Ерланым енді қызығын көрер кезде қыршын кетті. «Жер басып жүргеннің барлығының барар жері сол жақ» деп пәтуа қыламыз. Сағыныштан сарғайған жүректің сыры тек өзімізге және бір Аллаға аян. Жатқан жері жарық болғай ұлымның.
Ол жастайынан қайсар да ақкөңіл, адал болатын. Онымен коймай кіші мен үлкенге қашанда көмектесіп жүретін адамгершілігі мол еді. Қолына алған жұмысын аяғына дейін атқарар табандылығы және бар. Достары көп болды. Олар қазір де үйге келіп тұрады. Армандары көп болатын. Кішкентайында әскери болсам дейтіні бар еді. Бірақ, амал қанша, оған жете алмай кетті. Баламның әке атына дақ түсірмей, Отан қорғау борышын адал атқарғаны – көңіліме бір медеу».
Иә, әкеден артық балаға сыншы кім бар дейсің. Әкесі марқұм Ерланның бойында нағыз ерлерде болатын асыл қасиеттерді атап берді. Отан үшін отқа түскен оның бейнесі жадымызда мәңгілік сақталмақ. Оның ерлік ісі күн санап кейінгі жастар үшін бой түзейтін өнеге бағдаршамы болып қала берері сөзсіз.