Еркекті құртқан "ал,давай"
Бүгінгінің басты ұраны – ана мен баланың бар жағдайын жасау. Дұрыс-ақ. Келешекте ана өлімін азайтып, бала санын арттыру мақсаты тұр. Өкінішке орай, бала санын арттыруда таразының тасын басымырақ басатын еркектердің жәйін мүлдем естен шығарғандаймыз. Сол себептен де, бүгінде еркектердің хәлі адам аярлықтай. «Шағын мемлекеттің» негізгі тірегі – еркектердің ертеңін бүгіннен ойламасақ, ештен кештің кебін киіп, сан соғып қалуымыз ғажап емес. Олай деуге негіз де жоқ емес. Себеп... Осы жайында «Алаш айнасы» ой толғайды.
Оларды күйзеліске түсіріп отырған күнкөрістің қиындығы ғана емес, қоғамымызда еркектерге деген белгілі бір көзқарастың жоқтығы. Бар ауыртпалықты бір иығымен көтеретін қажырлы күш иелерінің соңғы әлетте жүректері ауырып жүр. Дәрігерлердің зерттеулеріне қарағанда әйелдерден гөрі еркектер жүрек дертіне тез шалдығады екен. Қорқыныштысы бұрын бұл дерт 40-45 жастан асқандардың үлесінде болса, бүгінде 18-ден аспай-ақ «жүрегім» деп жүйкесі тозып жүрген жігіттер жетерлік. Жүрек дерті тым жасарып барады. Ауру атаулының ең қауіпті түрлері де ер-азаматтарға үйірсек. Оның үстіне салауатты өмір салтын ұстануға селсоқ қарайтын бөріктілеріміз басты байлығын өз қолдарымен құртуда. Темекіге тәуелділердің дені тағы да осы бөріктілер. Ал, шылым шегетіндердің төрттен бірі инфарктке душар болатынын ескерсек дабыл қағуға тұрарлық-ақ жағдай. Денсаулықтарына баса назар аудармауларының салдарынан олар жыл жылжыған сайын нашақорлыққа салынып, ішкілікке бой алдыруда. Түпсіз терең құрдымнан оларды құтқарып қалу да оңай шаруа емес. Ішкілік демекші... «Алып қояйыққа» алданып, мас болып малданып жүргендер бізде көп. Тым көп. Соңғы он жылдан астам уақыттың ішінде Қазақстанда маскүнемдік дертіне шалдыққандар саны 10 есеге өскен. Яғни, олардың барлығы таңғы асын арақсыз ашпайтындар. Түсінікті де, басым бөлігі еркектер. Елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық адам жүрек қан тамырлары, бауыр, асқазан жарасы сияқты дерттерді араққа салыну салдарынан асқындырып алып, көз жұмады екен. Құлқынның құлына айналғандардың жүйке жүйесінің ауытқуына шалдығуы сөзсіз, әрине. Араққұмарлардың үштен бірі әртүрлі психикалық ауытқушылыққа ұшырап отыр. Ер адамдардың 10-12 пайызы ішімдіктің салдарынан, ал 8-10 пайызы естен айыратын есірткінің есесінен өз-өздерін өлімге қиятын көрінеді. Маскүнемдердің қолынан жасалатын қылмыстар да, жол көлік оқиғаларының 50 пайыздан астамы да ащы суға аңсары ауып тұратындардың кесірінен орын алатыны белгілі жәйт. Қазіргі қым-қуыт тіршіліктің миға жүк, санаға салмақ салып тұрғаны да жасырын емес. Жұмыстан босап қалса да, бастығымен сөзге келіп қалса да, жүрегіне жүк түскенін сылтауратып стақанға жүгіретіндер көп. Жанын ауыртқан азапты ащы су арқылы басқысы келеді. Ал, оның соңғы салдарын ойлап та жатпайды. Сөйте-сөйте аққайнарсыз тұра алмастай күйге жеткенін кеш аңғарады. 60-шы жылдары 100 грамнан артық арақ сатылмасын деген қаулы да шыққан. КСРО-ның соңғы көсемі Горбачевтың тұсында да араққа қарсы аяусыз күрес аштық. Арақты қымбаттатқанда да қойдыра алмағанбыз. Енді көшке ілескендердің түзеле қоюы да қиындау-ау. Бұл біздің ғана басымызға түсіп отырған нәубет емес. Ресейдің астанасында кәмелет жасқа жетпей жатып-ақ маскүнемдіктің тұзағына тұсалғандарға арналған арнайы клиника ашылыпты. Мұндай клиниканы бізде де ашуға мәжбүр болып жүрмейміз бе? Соңғы статистикалық деректерге жүгінсек, аузынан ана сүті кеппей жатып, араққа ауыз салғандар 2 есеге дейін өскен(!). Ал, 12-16 ға дейінгілер арасында 2,5 есеге көбейген. Арақпен ауызданған жасөспірімдердің ең жасы 11-де екен. Бүгінгі бозбала ертеңгі бір отбасының басиесі. Байлыққа да сатып ала алмас басты байлығын бүгіннен улаған жастардан қандай дені сау ұрпақ дүниеге келмек? Бұл да болса басы қылтиып келе жатқан қауіптің бір түрі. Жуан жұдырығын алға тартып, күпінгенімен еркектердің денсаулығы жыл өткен сайын нашарлап барады. Олардың осал тұстары көп. Темекіні түтіндетпесе, тұра алмайтындардың дені өкпе дертіне душар болған. Демікпе дертіне шалдыққандар өткен жылдардағымен салыстырғанда 8,2 пайызға артқан...
Қазақстанның ертеңгі өндіруші күштерін әзірлеу бүгінгі күннің сыбағасына тиесілі мәселе. Бұл жерде тағы бір қауіптің басы қылтияды. Заман алға зырлаған сайын еркектердің белсіздігі белең алып барады. Олардың әрбір бестен бірі ұрпақ қалдыру мәселесінде дәрменсіз. Белден қалған еркектің белестен аспайтыны белгілі нәрсе. Бала санын арттыруға бел шеше кіріседі деген басиелеріміздің осындай өздері үшін өзегі өртене өкінетін аурудың шеңгеліне шырмалып жатқаны қабырғамызды қаусатып кетері даусыз. Әрбір бесінші еркек белсіз болса болашаққа деген сенімнің де селкеуі сетінемей ме? Бұрын бедеулік 37 пайыз, ал белсіздік 36 пайыз болса бүгінде еркектердің 46 пайыздан астамы белсіздік дертіне тұсалған. Оған олардың арасында көп кездесетін урологиялық ауруларды, ең бастысы простатитті қосыңыз. Мамандар қазір екі еркектің бірі простатитпен ауыратындығын алға тартады. Науқасын елемей асқындырып алып жатқандар көп. Олардың көбісі жеке клиникаларда емделуге құмбыл. Ауруынан айығып жатқандар да аз емес. Дегенмен, дертіне дерт жамап алып жатқандарды да жоқ дей алмайсыз. Еркектердің 12 пайыздан астамы несеп жолына тас жиналу сияқты сырқаттан зардап шегуде. Ал, оларға көмек қолын созатын андролог мамандар мүлдем аз. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде еркектер 48 пайызды құрайды. Алайда мамандар мәліметке қарағанда олардың саны әлдеқайда аз деп есептейді. Жалпы, әйелдердің орташа жасы 70-71 ді құраса, соңғы кезде еркектердің орташа жасы 60-тан да төмендеп барады. Бүгінде жас жігіттердің 30 пайызы Пайғамбар жасына да жетпей өмірден озып жатыр. Құрылыста болсын, әскерде болсын, жол апаттарынан болсын ажал құрығына еркектердің ерте ілінуі басым. Әйелдердікі сықылды «қырық шырағы» жоқ еркек кіндіктілерге ерекше күтім керек-ақ. Оның үстіне еркектердің құқымен ешкім санасып отырған жоқ. Әйелдердің қызмет қуып, түзде жүргенін қош көретін гендерлік саясат те еркектердің оңтайына жағып тұрмаған сыңайлы. Баласының да, басиесінің де бабын бағып, бар жағдайын жасап үйде отыруы тиіс ақжаулықтыларымыздың біразы саясат қуып кетті. Орамалдыларға оң көзқарас бар-ақ. Дегенмен, еркектердің жайын ойлап, жағдайын жасайтын бірде-бір заң да, бағдарлама да жоқ екен. Еркектердің ертеңін ойлайтын кез келген сықылды. Бөркінен де, шалбарынан да, ең ақыры темекі мен арағынан да айырылып қалған еркектер енді билігімен де қоштасып қалмаса екен дейсің. Әлемді билейтін еркектер екені даусыз. Бірақ сол әлемге әмірі жүретін еркектердің үйдегі әйелдеріне әлі келмей қалатын кездері де болатыны даусыз. Олай деп айтуымызға себеп жасырары жоқ отбасындағы баланы жоспарлау әйелдердің қолында. Отағасының сөзі өтпейтіні де осы тұс. Егер еркектеріміз билікті бермей, бала санын белгілеуді өз қолдарына алса, қарадомалақтарымыздың саны артары сөзсіз. Онсыз да белсіздік белең алып тұрған тұста, бөріктілер жағынан батылдық та қажет, әрине. Бөріктілерден көрікті озған заманның сиқы осы деуге ауыз барыңқырамайды...
Қалай десек те, алтын басты әйелден бақа басты еркек артық екені ақиқат. Олардың денсаулығына баса назар аударатын кез жетті. Әйелдерді атқа қондыру мәселесімен мемлекеттік деңгейде айналысып жатырмыз ғой, онсызда...