Еуропаны қойып, кешегі кеңестік Республикалармен салыстырғанда Қазақстан халқының орташа өмір сүру жасының ұзақтығы жағынан мақтана алмайды. Бүгінде халқының өмір сүру жасының ұзақтығы бойынша Қазақстан әлемде 152-орынды қанағат етіп отыр. ҚР Статистика агенттігінің рәсми мәліметін алға тартар болсақ, 2009 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша күтілген көрсеткіш 68,6 жас болса, 2010 жылы 68,41 жас болған. Бұл – халықтың орташа жасы. Ал оның ішінде әйелдер мен ерлерді бөле қарасақ, бүгінде әйелдердің орташа жасы 72,86 болса, ал ерлердің орташа жасы 60,68-ді құрайды екен. Байқасақ, ерлер әйелдерден гөрі әлдеқайда аз өмір сүреді екен. Неге?
Ерлердің орташа өмір сүру жасының әйелдерге қарағанда қысқа болуын мамандар әртүрлі факторлармен түсіндіреді. Мәселен, психологтар мұны ерлердің күйзеліске көп ұшырайтынымен (үйде, жұмыст т.б.) және іштегі күйзелісті сыртқа шығара бермеуімен сабақтастырады. «Күйзеліске көп ұшыраған адамның иммунитеті төмендеп, аурушаң болады» дейді дәрігерлер де психолог мамандардың сөзін растап. Сонымен қатар мамандар күйзеліске шалдыққан адамның кез келген ауруды жұқтыруға бейім екенін айтады. Оған қоса, ер адамдар ауруды елей бермей, салғырттыққа салынады екен. Уақытында ем алмаудың салдарынан кейбір ауру қатерлі ісікке айналып кететініне дәрігерлер қынжылыс білдіріп отыр. Осындай аурудың бірі – соңғы жылдары ерлер арасында белең алап бара жатқан еркек безінің қатерлі ісігі. Бұл туралы Алматыда еркек безі қатерлі ісігінің мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында онколог мамандар мәлім етті.
Диляра ҚАЙДАРОВА, Алматы қаласы онкологиялық диспансерінің бас дәрігері:
– Бүгінде республика бойынша аталық безінің қатерлі ісігіне шалдығу көрсеткіші 2010 жылы 7 пайызға өссе, бұл көрсеткіш Алматы қаласы бойынша 8 пайызды құрап отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2009 жылы жиекті ішек ісігінің өсім қарқыны – 4,4 пайыз, ал тері қатерлі ісігі 4 пайызды құрады. Бізді 50 жасқа толмаған ерлердің арасында еркек безінің қатерлі ісігінің анықталу жағдайларының жиілеп кетуі алаңдатады. Бүгінде Алматы қаласының өзінде еркек безінің қатерлі ісігі еркек жыныс мүшелерінде түзілетін қатерлі өскіндердің арасында бірінші орында тұр. Өкінішке орай, емделушілер медициналық көмекке тым кеш жүгінеді, мәселен, емделушілердің 75 пайызы аталған аурудың асқынған кезеңінде дәрігерлерге көрінеді. Яғни бұл кезеңде ісіктің жергілікті таралуы немесе жекелеген метастазалар пайда болып үлгереді. Ал мұндай кезеңде бұл аурудан жазылу мүмкін емес. Алғашқы стадияларда ғана емделуші жүз пайызға сауығып кете алады.
Дәрігерлердің айтуынша, еркек безі қатерлі ісігінің дамуына әкелетін факторлар әзірше жеткілікті түрде толықтай анықталмаған.
Нұрлан БАЛТАЕВ, Алматы қаласының онкологиялық диспансерінің дәрігері:
– Қазіргі таңда қауіп төндіретін үш фактор ғана нақты анықталған, олар – жас, тұқымқуалаушылық және ұлттық ерекшелік. Еркек безі қатерлі ісігі әдетте 50-ден асқан ерлердің арасында дамиды. Оның пайда болу себебі – ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен қартаюшы еркектің ағзасындағы гормон тепе-теңдігінің бұзылуы. Ішкі факторларға тұқымқуалаушы генетикалық факторлар жатады. Егер бірінші ұрпақтағы туысқанның біреуі аталған қатерлі ісікпен ауырған болса, осы кеселге шалдығу қаупі екі есе артады, ал егер аталған аурумен екі немесе одан да көп туысқан адамдар ауырған болса, онда осы ауруға шалдығу қаупі 5-11 есе арта түседі. Қауіп төндіруші сыртқы факторларға семіздік, шылым шегу, тамақтану ерекшеліктері, радиация мен пестицидтер әсері жатқызылады. Мұнымен қатар, еркек безінің қатерлі ісігіне шалдығу көрсеткіштері түрлі географиялық аймақтарға байланысты едәуір өзгешеленеді. Мәселен, Солтүстік Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш жоғары болса, Оңтүстік-Шығыс Азияда бұл ең төменгі көрсеткішке ие.
Еркек безінің қатерлі ісігі қазіргі таңда Еуропа мен АҚШ елдерінде де аса күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
Ал біздің елімізде 1000 еркектің 214-і осы ауруға шалдыққан. Ерлердің өліміне әкелетін онкологиялық аурулар ішінде бұл ісік ауруы 2-орында тұр.
Қарап отырсақ, ерлердің ұзақ өмір сүруіне ықпал жасайтын бірнеше факторлар бар екен. Демек, әрбір ер адам өз өмірін ұзартуға өзі ықпал ете алады. Сондықтан ер-азаматтар ауруға ерік бермей, денсаулықты дер кезінде ескерсе екен.
Дерек
Демограф-ғалымдар өткен 170 жыл ішінде дамыған елдерде өмірдің орташа ұзақтығы артқанын айтады. Олардың есебінше, жыл сайын орташа өмір сүру жасы үш айға артып отырған көрінеді.
Өмір сүрудің ұзақтығы жағынан Қазақстан әлемдік саты бойынша 152-орында тұр. Ұзақ өмір сүру көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұрған Жапония – 82,12. Еуропа елдеріндегі орташа өмір сүру ұзақтығы: еркектер – 75, әйелдер – 81 жас. Көрші Қырғызстан да біздің алдымызда тұр, ондағы орташа өмір сүру 68,6 жасты құрайды.