Еркектер мешітте отырып алып ертегі тыңдайды
Әлеуметтік желіде бір аудио тарап жүр. Оның авторы кім екені белгісіз, тек дауысы арқылы әйел адам екенін ғана аңғаруға болады. Онда дінге қатты беріліп кеткен кей қазақтың жағдайы туралы сөз етіледі. Аудиода былай дейді:
«...Мынау 30 жылдан бері өте көп ертегі пайда болып кетті ғой. Бір жап-жақсы ертегіні айтып келе жатып, ортасына арабтың идеологиясын қосып жібереді. Біз адамдардың рухын езіп, ертегі еліне айналып кеттік. Еркектер мешітте отырып алып, ертегі тыңдайды, Құдай-ау... Сондай ұлтқа айналып кеттік. 30 жылдың ішінде қалың еркек еңбек етпей, технология ойламай, мешітке барып ертегі тыңдайтын дәрежеге жеттік. Ұят емес пе?!
Біздің елімізде бір бас көтеріп шығатын ұл бала жоқ па? Біз неге ертегі тыңдаймыз? «Қойшы мына ертегіңді, «конкретно» нәрсе айтшы. Менің үйіме мынау керек еді, мен қазанды да өзім өндіргім келеді, орындықты да өзім жасағым келеді, қалай соған жетемін?» деу керек қой. Еркектеріміз неге езіліп кетті? Неге ертегіге әуес болып, езіліп бара жатыр? Қазақтың салтында ертегіні ата, әже айтады, молда айтпайды. Ертегі айту деген кәсіп емес.
Бұлар неменеге ертегі тыңдайды деймін-ау?! 21-ғасырда адам ертегі тыңдай ма? Оны әжеңнің қойнында жатып 5-7 жасқа дейін тыңдайсың. Қорқытып, «ойбай, анау келе жатыр, мынау келе жатыр» деп, перде қимылдаса да бала қорқып ұйықтайды. Неге ұйықтап отыр біздің қазақтар?! Мешітке барып алып арабтың 7-ғасырдағы ертегісінен қорқып... Неменеге қорқады?! Сен ешкімге қиянат жасамасаң, ешкімді буындырып, ешкімді өлтірмесең, қанына қалмасаң, ешкімнің ақшасын алмасаң, сенде қайдағы күнә? Не күнә адамда? Біреудің ақысын алмасаң, түзу жүрсең, заңға бағынсаң, ата-анаңды сыйласаң, балаңа мейірім төксең, қайдағы күнә? Неге күнәһар сезінеді бізде қазақтар өзін? Неге бір жерге жиналып алып, ертегі тыңдайды? Мен түсінбеймін.
Мен дінге қарсы емеспін. Неге қорқасыңдар? Неге күнәһармын деп рухтарыңды езесіңдер? Түк күнәсі жоқ қазақтың. Осы күнге дейін езілгеніміз жетеді. Құдайдың бізге беретін шағы болды. Тек екі қолымызбен еңбек етсек қана бізге Құдай береді. Қорқып-қорқып, езіліп-езіліп, анаған да құл, төреге де құл, Шыңғыс ханға да құл, жоңғарға да құл, Екатеринаға да құл, Ленинге де құл, 70 жыл орыстың тілінде сөйлеп, орысқа да құл болып біттік емес пе? Енді Құдай бізге беретін шақ болды ғой. Соны түсінбейміз бе? Біз көп бодан болдық, қан бердік, көп езілдік, дамымай қалдық. Енді даму қолымызда емес пе? Көзді ашу керек қой! Құдай енді береді. Біз тірілсек қана... Біз түзу жолмен жүрсек, ертегіге сенбесек, жалқау болмасақ, өтірікке сенбесек, шынайылыққа шықсақ, тарихымызды түсінсек, біз неге дамымай қалдық деп сабақ алсақ қана Құдай бергелі тұр бізге.
Жапонға берді. Түгі жоқ жапонның, астынан мұнай да шықпайды. Тек қана тәрбие, тіл, ұлтшылдық, өз мәдениетін жандандырумен ғана Жапония әлемнің ең озық мемлекетіне айналды. Жапония шетелге қарызды ең көп береді.
Біз неге сондай ұлттық мемлекетке айнала алмаймыз? Бізге беретін уақыт болды ғой. Аз азап тарттық па? Неге азап тарта береміз өзімізді күнәһармыз деп, арабтың кітабын оқып алып? Біздің не күнәміз бар? Бүкіл қазақтың Құдайдың алдында не кінәсі бар? Бізді төре де, Екатерина да, орыс та биледі. Езіп келеді, езіп келеді, езіп келеді. Енді 30 отыз жыл арабтың кітабы езіп келеді.
Болды ғой, қазақтар, болды ғой, қашанғы езіле береміз?! Қашан бас көтереміз? Біз де адамбыз ғой, біздің де Құдайдан алатын несібеміз бар.
Шынайы Құдай әрбір адамның жүрегінде. Құдай беретінін мықты адамға ғана береді. Езілген адамға бермейді».
Ел арасында осындай да пікірлер бар. Ал онымен келісу не келіспеу әркімнің өз еркінде.
М. ӘМІР.