«Еркек әлемді, ал әйел еркекті билейді»
Әдетте 7 мамыр күнін көпшілігіміз ер-азаматтардың мерекесі ретінде қабылдайтынымыз шындық. Себебі Отан қорғаушылар, Қазақстанның Қарулы Күштері дегенде, біздің санамызда бірден елес беретіні – әскердегі сарбаздар. Алайда Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ер-азаматтармен бірге иық тіресе еңбек етіп, азаматтық борышын атқарып жүрген қыздарымыз қаншама...
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» әйел затын әскери киімде кездестіргенде, жүзі нәзік көрінгенімен, жүрегінде түгі бар қазақ әйеліне тән қайсарлықты байқағандай боласың. Қолына қару алып, атқа қонған кешегі Томирис, берідегі Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарымыздың ізін жалғастырып келе жатқан қазақ қыздары бүгінде әскердің қай саласында да темірдей тәртіпке бағынып, білімі мен білігін, бар күш-қуатын, сезімталдығы мен төзімділігін ел игілігі жолындағы қызметке арнап жүр.
Еліміздегі Қорғаныс ведомствосының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қарулы Күштер қатарына 9 мыңнан астам әскери қызметтегі қыз-келіншектер мен 12 мыңға жуық азаматтық мамандар тартылған. Олардың 540-тан астамының офицерлік шені бар, соның 90-нан астамы – жоғары шенде. 9 мыңнан астам әйелдер ерікті түрде әскери қызмет атқарып жүр. Бұл келісімшарт бойынша қызмет атқарушылардың жалпы санының 30 пайызын құрайды. Әскери қызметтегі әйелдер өздеріне тапсырылған барлық учаскелерде кәсібилік пен табандылық көрсетіп, өз міндеттерінің адал орындалуына баса назар аударып, әріптестеріне үлгі-өнеге бола білуде. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімдерінде мотоатқыштар, десантшылар, мергендер, жауынгерлік басқару офицерлерінің қатарында нәзікжандылар жиі кездеседі. Әсіресе әскердегі байланыс қызметі мен әскери оқу орындарындағы оқытушылық қызметте әйел адамдардың үлес салмағы көп.
Жазира МҰХТАРҚЫЗЫ, әскери қызметкер:
– Жаратылысымыз нәзік, әйел баласы болғандықтан, біздің әскери қызметті таңдауымызға әркім таңданыспен қарайтыны рас. Кейде тіпті ер-азаматтар төзе бермейтін әскердегі темірдей тәртіпті таңдауда әскери қызметке келген әр әйелдің өзіндік мақсат-мүддесі болады. Мен, негізінен, қазақ тілінің маманымын. 20 жылдан бері әскерилерге қазақ тілінен сабақ беріп келемін. Алғаш әскери қызметке келгенімде, әскерилердің жалақысы да, жалпы жағдайы да мәз емес еді. Әскердегі жігіттер ана тілін жақсы меңгерген нағыз ұлт патриоты болу керек деген ойымды жүзеге асырып, сол мақсатта аз да болса өз үлесімді қосу үшін осы қызметті таңдадым. Қазақстанның Қарулы Күштерінің болашағына қазақ қыздарының да қосар үлесі зор деп ойлаймын.
Әлемге аты мәшһүр белгілі саясаткер Маргарет Тэтчер: «Егер сөз айтқың келсе, ер азаматқа, іс жасағың келсе, әйел адамға тапсырма бер» деген еді. Дәл қазіргі біздің қоғамға қажеті де сол – аз сөйлеп, көп іс тындыру. Сондықтан қазіргі кезде әскердегі ерлердің табандылығын, бірбеткейлігін әскери қызметтегі әйел адамдар өздерінің бойындағы ұқыптылықпен, жауапкершілікпен толықтыра түсуі – еліміздің Қарулы Күштерінің жарқын болашағының кепілі. Өйткені атақты қолбасшы Наполеонның өзі «Біз әлемді билейміз, ал бізді әйелдер билейді» демеп пе еді..