Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?!

Мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевты Д.Қонаевтың марапаттау сәті

 Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, журналист-жазушы Кәкімжан Қазыбаев туралы үзік сырлар, ол кісі жайлы айтылған естеліктер газетіміздің өткен сандарында жария етілгендігін көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Таяуда тұғырлы тұлғаның 80 жылдығына орай өзінің туған жері Алматы облысы Сарқан ауданы Қойлық ауылындағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінің алдында қайраткер ағамыздың ескерткіші ашылды. Оған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов, аудан әкімі, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Кәкеңнің ұл-қыздары мен туған-туыстары және жерлестері қатысты.

Жалпы, Кәкімжан Қазыбаевты жалпақ жұртқа таныстырып жатудың өзі артық. Ол кісі туралы әңгіме қозғағанда, ең бірінші, Кәкімжан ағамыздың атақты Бауыржан Момышұлынан тәлім-тәрбие алғандығы, Берлинге жеңіс туын тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев жайлы бірінші болып очерк жазып, Халық қаһарманы атағын иеленуіне ықпал еткендігі еске түседі. Әрине, әскери жағдайға бейімделген Баукеңдей тұлғамен жақын болу, оның сенімінен шығып, бауыр басу оңай емес. Оның үстіне алғаш Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев туралы ең бірінші очерк жазып, оның атаққа лайық екендігін дәлелдеу кеңес заманында өте қиын болатын. Сондықтан болар, Кәкең Мәскеу жаққа қайта-қайта хат жазып, қолдау болмаған соң, дүние саларынан жеті ай бұрын бұл істі жалғастыруды өзінің шәкірті Жанболат Аупбаевқа тапсырған. «Біз қартайдық. Бір жылдан соң, Баукең айтқандай, «дерпен», яғни дербес пенсионер боламыз. Сөйтіп, қоғамның қыз-қыз қайнап жатқан өмірінен алыстаймыз. Ал бұл деген – тіліңді біреу алып, біреуі алмай, пұшайман күй кешесің деген сөз. Сонда Рейхстаг қаһарманы туралы жиып-терген дүние не болады? Жеңістің 15, 20, 25, 30 жылдығындағы бастамалар жағдайы қайда қалмақ? Оны келешекте кім жалғастырады? Осыны ойлай келе, мен мынадай шешім қабылдадым. Ол – Рақаң туралы 30 жыл бойы жинаған архив деректерімнің көшірмесін саған беру. Жассың. Болашағың алда. Қайда, қандай жағдайда жүрсең де, осы мәселе әйтеуір жүрек түкпірінде жатсын деген ниет қой менікі. «Үмітсіз — шайтан» деген... Алда Жеңістің 45 жылдығы келе жатыр. Одан кейін 50 жылдық та бой көрсетпек. Сондай кезде үнсіз қалмасаңдар болғаны да», – деп аманатын сеніп тапсыруы осыдан...

Әдетте Баукеңдей, Рақымжандай батырлар туралы сөз қозғағанда, іштей тосырқап, көп ойланатынымыз рас. Себебі осындай тау тұлғалы батырлар ерлігін паш ету оңай іс емес. Бұл хас батырлар жайлы бір ауыз сөз қозғаудың өзі үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігінен болса керек. Ол жауапкершілік сот, не әлдебір үкімнен қорқу емес, «осы жазғандарым әйгілі батырлардың теңеуіне лайық па еді, мүмкін, батырларға деген мақтанышымды жеткізу үшін әлі де сұлу, әлі де жұмыр, әлі де әдемі сөздермен жазу керек пе еді» деп ойланасың. Өзіміз де осындай батырларды танытқан тау тұлға – Кәкімжан Қазыбаев туралы жазғанда көп ойланып, көп толғандық. Біз осы сөздерді жазып отырып, бір нәрсені анық аңғардық. Жоғарыда келтіргеніміздей, Кәкеңе деген ризашылығымызды ақ қағазға түсіру өте қиын екен. Бұл ретте Кәкеңнің ұл-қыздары да: «Әкеміз туралы том-том роман жазсақ та, бәрібір әкеге деген кіршіксіз махаббатты айтып тауыса алмасымыз анық. Себебі әке сағынышы біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалады», — деген еді. Біз осы оймен сөзімізді қорытындылағымыз келіп отыр. Шынында да, Кәкең жайлы қанша жазсақ та, ол кісінің кісілігін, адамдығын, адалдығын айтып тауыса алмасымыз анық. Ол – біздің жүрегімізде!!!

Сондай-ақ тағы бір айта кетер жайт, ескерткішпен қатар, Сарқан ауданы Бақалы ауылында Кәкімжан Қазыбаев атындағы орта мектепте қайраткердің мүсіні бой көтеріп, оқу ғимараты ішінен Кәкеңнің өмір тарихын бейнелейтін мұражай ашылды. Мектеп оқушылары сол жерде тау тұлғаның өмірімен танысып, Кәкеңе ұқсауға тырысып бағатыны сөзсіз.
Ендігі әңгімені Кәкімжан Қазыбаевтың ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан ағаларымыздың өз аузымен баяндасақ.

Кәкімжан Қазыбайұлының мұражайында

Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары:
– Қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың туған топырағында ескерткішінің ашылып, ол кісінің атына мектептің атын беру келешек ұрпақты отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Әрине, бұл салтанатты рәсімге Кәкеңнің жұбайы Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның науқастанып қатыса алмауы өкінішті. Кезінде бұл кісілердің үйінде болып, батасын алғанбыз. Биыл Кәкең тірі болғанда 80 жасқа келер еді. Алайда «жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Алланың берген өмірінен артық өмір сүру мүмкін емес. Ол өзінің туған жерін, соғыс кезінде елі қандай қиыншылықты бастан өткергендігін кітапқа енгізіп, тарихта қалдырды. Қазағым, елім-жерім деп қызмет етті. Сондықтан ер есімін елі ұмытпайды. Бүгінгі тұлға атына қойылған ескерткіш әрі ол кісінің ерлігі жастарға үлгі-өнеге болады деп сенемін.

Кәкімжан Қазыбаевқа қойылған ескерткіштің жанында ұлы Нұртас, қызы Нәргүл

Бауыржан ЖАҚЫП, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы, ақын:
– Бүгін — елімізде үлкен елеулі оқиға. Кәкімжан ағамыз — кезінде Димаш Қонаевпен бірге қанаттас болып, елді басқарған тұлғалардың бірі. Біздің ұстазымыз, қазақ журналистикасының корифейі атанған Кәкімжан Қазыбаев қазақ журналистерінің сандаған өкілдерін тәрбиелеген. Кәкеңнің шәкірттерінің атынан ескерткіштің ашылуына келген барлық қонақтарға алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі ескерткіштің ашылуына ҚР Премьер-министрі Кәрім Қажымқанұлынан бастап, Сенат және Мәжіліс депутаттарынан көптеген құттықтау хаттар келіп түсті. Енді олардың барлығын оқып жатқанымыз артықтау болар. Сондықтан мен бір нәрсені айтуды парызым деп санап отырмын. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы, аудармашы, көсемсөз шебері Кәкімжан Қазыбайұлы – Ілияс, Сара, Қанипа сынды жыр дүлділдері туып-өскен қасиетті Жетісу өңірінің төл тумасы. Ол еліміз қол жеткізген 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде өз халқының сүйікті перзенті екендігін таныта білді. Сол жылдары Ақмола облысында неміс автономиясын құруды көздеген Мәскеуге тұңғыш рет қарсылық танытып, ұлт намысын қорғаған болатын. 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде тұңғыш рет тіл туралы заңның қабылдануына үлкен үлес қосты. Сондай-ақ ол — қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгер. Ол қаламынан туған «Кернеген кек», «Октябрь өрендері», «Ызғар», «Аманат», «Ақиқатқа ар серік» атты басқа да көркем туындылары арқылы оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленді. Әсіресе оның «Сұрапыл» атты романында ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық кезіндегі халқымыздың қиын тағдыры шынайы суреттелген. Қаламгердің туған топырағында оның ескерткішінің бой көтеруі Кәкімжан ағамыздың рухына, қазақ әдебиетіне көрсетілген құрмет деп сезінеміз. Кәкімжан Қазыбаевтың өлмес рухы Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын тәрбиелеуде қызмет ете береді деп сенемін.

Нұртас ҚАЗЫБАЕВ, Кәкеңнің ұлы, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
– Бүгінгі әкеміздің ескерткішінің ашылуына алтын уақыттарын қиып келген жерлестерімізге, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға шын ризашылығымды білдіремін. Бұл күн — Қазыбаевтар әулеті үшін мәңгілік есте қалатын күн. Бүкіл саналы ғұмырын қызмет етуге арнаған асыл әкеміздің еңбегін елеп, ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін Мәдениет үйіне әкеміздің атын беріп, ескерткішін орнатқан барша қауымға айтар алғысымыз шексіз. Осындай ерекше салтанатты қуанышқа денсаулық жағдайына байланысты анамыздың қатыса алмай қалғаны өкінішті. Алайда анамыздың сіздерге, облыс әкімі Серік Үмбетовке, аудан басшыларына осындай қиын кезеңге қарамай, үлкен азаматтық іс атқарғандары үшін аналық айтар алғысы мол. Серік Үмбетовтің облыс басшысы ғана емес, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін шын сүйетін ұлтжанды азамат екендігін жақсы білеміз. Осы орайда сіздерге мерейлеріңіз үстем болсын деп, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге жеміс тілейміз.

Кәкімжан Қазыбаев атындағы мектепке қойылған мүсін

Әскерболат ЖАЙЛАУБЕКОВ, күйеу баласы:
– Кәкең өзінің туған жеріне келгенде, үнемі бізді қасына ертіп алып жүретін. Өте жақсы әрі өткір адам еді. Көп өнегелі әңгімелер айтатын. Оның барлығын менің түсінігіммен қорытқанда, түзу жолмен жүріп, адам болу жағына қарай бағыт беретін. Ешкімге қиянат жасамай, көп нәрсеге тек еңбек арқылы жету керектігін жалықпай айтып отыратын. Негізі, ұлағатты адамдардың көбін о дүниеге аттанып кеткеннен кейін мақтаймыз ғой. Оның кітабындағы «Көзден кетіп, көңілде қалған» деген тарауында дос-жарандарының ол кісіге деген естеліктері жария етілген. Оның барлығын оқығанда, ағайдың мінезіне қосқан ештеңесі жоқ, тура сол мінездемесін дөп басып айтқанын аңғарасың. Ағай өте салмақты сөйлейтін. Қарапайымдығы соншалық, кейде жақын адамдарының тойы бола қалса, асаба да болып кететін. Өте керемет билейтін. Қазақтың қара домбырасын шертіп, құйқылжыта ән айтқанда, ерекше әсерде қалатынбыз. Кейбір адамдар қызметінде өссе, бірден бауырларын жанына тартып жатады. Ол кісі олай емес, қасына тек қолынан іс келетіндерді жинайтын. Сондықтан болса керек, Горбачев Кәкеңді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тұрғанда «кристальный, чистый идеолог» деп баға берген екен. Біз жұбайым екеуміз ерте үйлендік. Осы кезде қарап отырсам, жаман жердің қызын алмаппын, мен соған қуанамын. Себебі жас кезде өте бұзық болдық. Егер алған жерімнің қызы тура мен секілді қияпар болғанда, ішіп кетіп, бұзылып кетер ме едім, кім біледі?! Ал бұл кісілерден мен көп нәрсе үйрендім. Себебі Кәкімжан аға мені бес ұлдың ортасындағы жалғыз қыздың жолдасы деп жанына жақын тартатын. Өмірден көрген-түйгендерін айтқанда, сол кісіге ұқсауға тырысатынбыз. Бұл кісілердің тағы бір тектілік қасиеті, жерде іске жарайтын қамшы жатса да, оны алмайтын. Себебі ол — біреудікі. Горбачевтың «кристалды таза идеолог» дейтіні содан. Біреуден бір нәрсе сұрау деген бұл кісілер үшін жат. Тазалығы сондай. Тұқымында, қанында солай. Кәкеңнің ағасы Ахметжан Қазыбаев колхоздың председателі болып тұрған кезде малшыларды жем-шөппен, көмірмен қамтамасыз етіп тұратын. Үкіметтің кең заманында сол көмірді үйіне тасып алса да болар еді. Бірақ ол заңды түрде сатып алатын. Сөз соңында айтарым, Кәкеңе күйеу бала болып, ол кісінің өнегелі істерін көргеніме шүкіршілік етемін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста