Әлемге қара алтынымен әйгілі болған Атырау өңірінде мұнай өндіруді игерген аға ұрпақтың өмір жолы қашанда келешек үшін үлгі-өнеге болары сөзсіз. Қара алтынды алғаш игерген аталарымыздың ұрпақтарының өзі бүгінде 80-ді еңсеріп қана қоймай, өздерінен тараған ұрпақтың мұнайшы болған қызығын көріп келеді. Қара жердің астындағы қазынаны жер бетіне шығаруда ерең еңбегімен еленген майталман мұнайшының бірі – Байдолла Қожахметұлы.
Бүгіндері 85-ке келген ардагер мұнайшы өзі сан ондаған жыл еңбек еткен Мақат ауданына қарасты Байшонас елді мекенінде тұрып жатыр.
Мұнайлы Ембімен тағдырлас Байдолла Қожахметұлының мұнай саласындағы алғашқы еңбек жолы электр дәнекерлеушілікке үйренуден басталды. Тіпті сол кездегі білікті кадрларды дайындау мақсатында Ресейге оқуға жіберілетін ұтымды әдістің нәтижесінде Байдолла Қожахметұлы да Мәскеуге барып, 6-разрядтты электр дәнекерлеуші мамандығын алған бойда ауылына келіп, кәсіби білікті маман болып жұмысын жалғастырды. Мәскеуге барып екі ай оқыған курстық оқу бар болғаны 20 жастағы адамға білімсіз күн жоқтығын ескерткен мерзім дей келіп, Байдолла Қожахметұлы еңбек жолында өзіне қамқор болған Қожахмет Ізімбергеновтің кеңесіне құлақ асып, сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) мұнай техникумына оқуға түсіп, техник-механик мамандығын алып шығады.
Білімнің өзі тәжірибеден анық көрінетіні сөзсіз. Механик Байдолла Қожахметұлының қызметтестерімен бірігіп, 70-жылдардың басында сорғы құбырларының бұрандасын жаңғырту тәсілдерін ойлап тапқандығы, сайып келгенде, өндіріске 10 мыңдаған қаржы үнемдеуге жол ашқаны мұнай өндірудің тарихында қатталып қалды.
Жалпы, ардагер Байдолла Қожахметұлының еңбек жолы туралы сөз болғанда аңғарғанымыз, механик мамандығын игерген жанның ұңғымаларды жөндеу арқылы мұнай өндіру көрсеткішін арттыру және өзге де ұтымды тәсілдерді ойлап табуда қызметтестерімен жасаған тәжірибелері арқылы мұнай саласының дамуына қосқан үлесі туралы біліп, қанығамыз.
Тентексор учаскесінде бірнеше ұңғымалар батпақты сор ішінде тұрды. Аймақтың климатын білетін адам қыс айларында осы ұңғымаларды жөндеуде техник-механиктерден қандай күш-жігер талап ететінін біледі. Біз сол ұңғымаларға баратын жолдарға топырақтан дамбы жасадық. Нәтижесінде ұңғымалар істен шыққан сәтте оларға жету жолдары жеңілдеген соң уақыт ұта алдық. Сөйтіп, 1954 жылы мұнай өндіру жоспарын – 102,8 пайызға, 1955 жылы 123,5 пайызға орындап шықтық. Сол жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда ұңғымалар тоқталысын 4200 ұңғыма-сағатқа қысқартып, жүздеген тонна мұнайдың артық өндірілуіне мол мүмкіндік туды. Ол кезде құрал-жабдықтар қат мезгіл еді ғой. Қазіргі күні мұнай саласында жасайтын ұрпақ ол қиындықтардың бірін де көрген жоқ. Бүгінде әлем елдеріне «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы деген дардай атағымен танымал отандық компания заманауи технологияларды енгізуде көш бастап тұр. Соның нәтижесінде мұнайшылар атқаратын қызмет түрлері жеңілдеді, – деген Байдолла қария қазақ баласының қара алтынның нәсібін көріп отырғанына шүкіршілік етіп отыр.
Ақиқатында, Байшонас мұнай өндіру басқармасының мұнай өндіру цехында электрмен дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, шебер-механик, аға инженер, бумен, сумен қамтамасыз ету цехының бастығы қызметіне дейін білімі мен біліктілігін ұштастырып, мұнай саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Байдолла Қожахметұлы өзімен қызметтес болған М.Жұмағазиев, Е.Дүйсенғалиев және басқа да майталман мұнайшылармен бірігіп мұнай айдайтын құбырларды төсеп, резервуарларды тұрғызуда, газ айыратын тораптар мен насос стансыларын пайдалануға беруде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар атқарып, шеберліктерін көрсете алды.
Ембі мұнайының тарихын ақтарып қарасақ, өндіріске экономикалық пайда, қоршаған ортаға зияны болмайтын қондырғыларды, соның ішінде артезиан ұңғымаларына 8АПВ,10АПВ насостарын енгізу, электропештің бас қорабын, бөлшектерін қайта жасау, пайдалану мерзімін ұзарту секілді ұсыныстарды мұнай өндіру саласында тәжірибеге қолдану жұмыстарын ұсынуда Жәукен Досқалиев, Бағыт Серікбаев, Байдолла Қожахметұлының себепкер болғанына куә боламыз.
Қара алтынды игеру кәсібінде орта білімді электр дәнекерлеуші болып қызметін бастаған Байдолла Қожахметов – Жылыой мен Мақат ауданына қарасты Тереңөзек, Көшкімбет, Тентексор мен Қарсақ кен орындарын игеруге қатысып, мұнай өнеркәсібі саласында абыройлы еңбек еткен жан. Мұнай өндірудің қиын-қыстау уағымен еңбек жолы қатарлас келген Байдолла Қожахметұлының айтуынша, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы Қуаныш Құдабаев басшылық еткен жылдары Байшонас елді мекені мен Қарсақ кен орнында жұмыс жасайтындар үшін барлық жақсы жағдай жасалды. Балабақша мен мәдениет үйі, медициналық қосын, дүкендер секілді адам үшін ең қажетті нысандардың жұмыс жасауына мүмкіндік туғызды. Сол бір жылдарды еске алған Байдолла Қожахметұлы сол жылдары мұнай қорының мол болуынан мұнайшы отбасылары қоныстанған Байшонас елді мекенінің қазіргі халіне жаны ашиды. Өйткені мұнай қоры сарқыла бастаған Байшонас елді мекенінде бұрынғыдай қызу тірлік бүгінде жоқ. Жағдайы бар отбасылар әлдеқашан қалаға не болмаса аудан орталығына көшіп кеткен. Бүгінде осы елді мекенде жастық шағы өткен, ерен еңбектің куәсіндей болған ардагер Байдолла қария сынды адамдар ғана тіршілік етуде.
Соңғы жылдары Мақат ауданына қарасты Комсомол, Қошқар, Байшонас пен Ескене елді мекендерінің қоңырқай тіршілігі өзекті мәселе болып жергілікті атқарушы биліктің назарын аударып қана қоймай, бұл мәселе Үкіметке де жеткен болатын. Осыдан бірер жыл бұрын Қошқар және Комсомол елді мекендері тұрғындары Махамбет ауданындағы жайлы пәтерлерге қоныс аударды.
Ал Байшонас пен Ескене елді мекендері тұрғындарын көшіру мәселесі биылғы жылы өзектілігімен ел Үкіметі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығының назарын өздеріне аударды. Байшонас пен Ескене елді мекендерін инфрақұрылым тұрғысынан жаңарту бюджетке қыруар қаражат қажет ететіндігі ескеріліп, осы екі елді мекендегі тұрғындарды да көшіру мәселесі өткен жылы оң шешімін тапты.
Саналы ғұмыры Байшонаста өткен Байдолла Қожахметұлы өзі қимаса да, балалары мен немерелерінің болашағы үшін қалаға көшуге ниетті болды.
Мұнай алғаш табылған жылдары тіршіліктің қайнаған ортасы болған Байшонастықтардың ахуалы нашарлап кеткені рас. Жол жоқ, қыс айларында көп қиындық көреміз. Заманымыздың жақсарғанынан кішкене ауылдарды қалаға, ауданға көшіру мәселесі өз шешімін тауып жатқаны жақсылық қой. Ең бастысы, оған жергілікті биліктен өзге талай жыл маңдай теріміз төгіліп қызмет еткен мұнай саласының алпауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қолдап жатқаны туралы естіп, қуанып отырған жайымыз бар, – деп егемендіктің арқасында жаңарған жасампаз қазыналы Атырау қаласына жаңа қонысқа ие болу бақытына ие болғалы отырған Байдолла ақсақал өзінен өрбіген ұрпақтардың да мұнай саласында еңбек етіп жатқанын мақтанышпен айтты.
Өмірлік жары Жұмағыздың құрсағынан Бақытжан, Ізғали, Бақтыгерей, Бисенбай, Асқарбай атты ұлдар мен Лиза, Лида мен Лена есімді қыздары дүниге келді. Алайда ата-ана атану бақыты бұйырған отбасының отанасы 49 жасында дүниеден озып, Байдолла ағамыз балаларының бәрін өзі аяқтандырды. Әкелерінің өмір жолында көрген қиындықтарын жіті түсініп ержеткен ұл-қыздары – бүгінде әкелерін аялап отырған өнегелі ұрпақ. Ұлы Ізғали Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-да инженер, Бибіхандай иман жүзді келіншегі әкесінің қас-қабағына қарап, алдынан кесе-көлденең жүрмейді Бақтыгерей – Байшонастағы қара шаңырақтың иесі. Мұнай саласында ауысымдық қызметте оператор болып еңбек етуде. Келіншегі екі ұл мен екі қызды дүниеге әкеп, мұнайшылар отбасының династиясын жалғастырды. Қыздары Гүлнәз бен Гүлфайруз гуманитарлық білімді қаласа, ұлдары Ризабек пен Нұрлыбек мұнай саласында қызмет етуде. Байдолла қарияның Асқарбай есімді ұлы – электрик.
Барлық ұлдары мен қыздары өмірде өз орындарын тауып, берекелі отбасы болып отырған үлкен шаңырақта немере мен жиендердің, олардан өрбіген ұрпақтардың қызығына бөленіп отырған Байдолла Қожахметұлы қазақтың қара домалақ баласына бұйырған қара алтынды игеруде өзіндік қолтаңбасы қалған майталман мұнайшы болуымен бүгінгі ұрпаққа өнеге болып отырған тұлға екені сөзсіз.