Елордадағы апатты үйлер мәселесі қашан шешіледі
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында биыл 300-ден астам отбасы елордадағы апатты үйлерден көшірілетінін хабарлады, деп жазды Egemen.kz.
«Қала тұрғындарының үй жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл әлеуметтік пәтерлердің құрылысы, қолжетімді жеңілдіктер қарастырылған тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу, ұзақ құрылыстарды аяқтау. Бірақ тағы бір бөлігі бар - бұл апатты үйлерді бұзу. Тозуға байланысты мұндай үйлерде шатыр ағып, іргетас төгіле бастайды, электр сымдары, кәріз және мәселелер үнемі туындайды. Үйлердің салынған жылын ескере отырып, пеш пәтерлердің ішінде, ал дәретханалар көшеде болатын көп пәтерлі үйлер әлі де бар. Осы жылы апатты үйлерден 300-ден астам отбасын көшіруді жоспарлап отырмыз. Бүгін апатты жағдайдағы екі үйдің тұрғындарымен кездестім. Бұл Сарыарқа ауданындағы Дүкенұлы, 21 мекен-жайында орналасқан бес қабатты жатақхана. Біз дәл бір жыл бұрын осы үйдің тұрғындарымен кездесіп, барлық мәселелерді талқыладық. Біз оны бұзамыз. Мәслихатта бұл шешім қолдау тапты, осы жылға арналған бұзу жоспарына енгізілді», деп жазды қала әкімі.
Ол, сондай-ақ, Байқоңыр ауданындағы Әл Фараби даңғылы, 27 мекен-жайы бойынша орналасқан апаттық үйдің тұрғындарымен де кездесті.
«Бұл үйдің тозуы 75% құрайды. Үй апатты деп танылды, ол да бұзу тізіміне енгізілген. Тұрғындар барлық құжаттарды ретке келтіруі қажет. Әр пәтерде туындаған мәселелер қаралады. Соңғы үш жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы көшірілді. Сондай-ақ, тұрғын үй кешенін жөндеу, лифтілерді ауыстыру, ұзақ құрылыс жұмыстарын аяқтау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай ұлғайды», деп жазды елорда әкімі.