Елімізде қанша бала бар
Қазақстан халқының үштен бірінен астамын балалар құрайды. Бала туу бойынша оң динамика бар. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ұлттық заңнамалық база құрылды. Бүгінде кішкентайлардың құқығын 15 халықаралық құжат, 4 кодекс және 15 заң қамтамасыз етеді. Дегенмен балалар құқығын қорғау саласындағы негізгі заңдар – «Бала құқықтары туралы» заң және «Білім туралы» заң», - деді Еділ Оспанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, өскелең ұрпаққа қамқор болу мемлекеттік мүдде.
«Қазақстан бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Елімізде балалар санының өсуі тұрақты үрдіске ие. Қазақстан халқының үштен бірінен астамын балалар құрайды, санмен айтқанда 6,6 млн бала. Жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Мемлекет пен қоғам бірлесіп қабылдаған шараларының арқасында оң динамика бар», - дейді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бүгін халықаралық балаларды қорғау күні.