Еліміз егемендік алып, ұлттық мұражай ісі тың талаппен жаңаша мазмұнға ие болуда

Еліміз егемендік алып, ұлттық мұражай ісі тың талаппен жаңаша мазмұнға ие болуда

Роза Кәрібжанова, «Ғылым ордасы» РМК-нің бас директоры:

– Роза Оспанқызы, қазір елдің даму көрсеткіші біліммен, ғылыммен өлшенетіндігі белгілі. Әрине, бұл ретте түрлі зерттеу институттарынан бастап, қазақтың қара шаңырағы ұлттық ғылым академиясын да қамтитын ғылым ордасының құрылуы осы ел дамуының алғышарттарын еңсеруге бағытталған деп санауға бола ма?..
– «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2010 жылдың 11 ақпанында Үкімет қаулысымен құрылған. Ғылым ордасының атқаратын негізгі қызметі Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени және ғылыми мұрасын сақтауға және дамытуға, оны одан әрі зерделеуге және жан-жақты насихаттауға жағдай жасау, ғылымның тарихы мен жетістіктерін ғылыми-білімдік және мәдени-ағарту қызметі арқылы дәріптеу және Қазақстан ғылымын көпшілікке таныту болып табылады.
Жалпы, «Ғылым ордасы» – бұл көпфункционалды орталық. Сондықтан мекеменің қызметін барлық деңгейде дұрыс жоспарлау маңызды. Оның барлығына, әрине бір сөзбен тоқталып өту қиындау. Дегенмен аса маңыздылары ретінде мыналарды айтуға болады: «Ғылым ордасы» ғимаратының өзі белгілі мәскеулік сәулетші, Мәскеудегі Қазан вокзалы мен В.И.Лениннің Мавзолейі, Тәшкенттегі Ә.Навои атындағы Опера және балет театры сияқты көптеген қайталанбас үлгілердің авторы А.Щусевтің жобасы бойынша салынған. Ғимарат мемлекет қорғауына алынып, еліміздің тарихи маңызы бар сәулет ескерткіштері қатарына енгізілген. «Ғылым ордасы» жалпы көлемі 38 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын ғимараттар кешенінде орналасқан, онда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, «Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы», Қысқы бақ, 5 миллионнан астам кітап қоры бар бірегей Ғылыми кітапхана, Археология, Қазақстан ғылымының тарихы, Табиғат, Сирек кездесетін кітаптар мұражайлары және ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы 10 ғылыми-зерттеу институты орналасқан. Яғни, «Ғылым ордасының» негізгі мақсаттарының бірі бұл кешенде орналасқан ғылыми-зерттеу институттарының тұтастай ғылыммен айналысуларына жағдай жасау. Институт басшыларының шаруашылық мәселелерге алаңдамай, тек ғылыми үдерісті дамытулары үшін толық мүмкіндік берілген. Біз бүгінгі күннің талабына сай, олардың толыққанды жұмыс жасаулары үшін жағдай жасаудамыз. Осы жағынан алғанда, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жолына бет алған мемлекетімізде ашылатын, ашылған жаңа өндіріс ошақтарының қазақстандық инновациялық ғылым және біліммен қамтамасыз ету сынды маңызды функцияны өз мойынымызға алып отырған жайымыз бар.
– Алда халықаралық мұражайлар күні келе жатыр. Әңгімені осы тақырыпқа бұрсақ. Ғылым ордасындағы мұражайлар күйі туралы не айтасыз?
– Мұражайлар әр кезеңде қоғамның және көптеген елдің мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болып саналды.
Бүгінде мұражайлар қызметінің бағыты – жан-жақты. Түрлі өзгешеліктеріне қарамастан олардың бағдары халықтардың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған. Мұражай тек мың жылдық тарихты сақтап қана қоймай, сондай-ақ өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше орын алады. Мұражай жәдігерлері мен жинақтарын сақтау, зерттеу, көпшілікке ұсыну, сонымен қатар ғылыми, тарихи-мәдени мұраны кеңінен тарату және ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында «Ғылым орда» аясында «Табиғат мұражайы», «Археология мұражайы», «Сирек кездесетін кітаптар мұражайы» мен «Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы» қызмет көрсетуде.
Отан тарихынан хабардар ететін мұражай көрмелері студенттердің және оқушылардың бойында патриотизм, толеранттылық және ұлттық құндылықтарға деген игі қасиеттерді қалыптастыруда.
Ғылым ордасының «Табиғат мұражайындағы» палеонтологиялық экспозиция Қазақстанның геологиялық өткен тарихындағы жануарлар әлемінің сан алуандығы мен байлығын бейнелейді. Мұражай өзінің ғылыми-білімдік және табиғатты қорғау бағытының арқасында республикада ғана емес, сондай-ақ аумақтан тыс елдерде де кеңінен танымал болғандығын айта кеткен жөн.
Отандық ғалымдардың еліміздің барлық өңірлерінде жүргізген көпжылдық ізденістері Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын баяндайтын бай және бірегей материалдарды жинауға мүмкіндік берді. Осы ретте Ғылым ордасының «Археология мұражайы» Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттаудағы алатын орнының орасан зор екенін айта кеткен жөн. Мұражайда әлемдік тарихи және ғылыми маңызы бар сирек кездесетін артефактілер топтамасы сақталған. Олардың ішінде бірегей, әлемдік маңызға ие, қола дәуірінің қазбаларынан алынған материалдар, сақтар мен үйсіндер дәуіріне жататын коллекциялар бар. Сонымен қатар ортағасырлық Отырар, Тараз, Түркістан, Талғар қалаларында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған керамикадан, шыныдан жасалған заттар қойылған. Археология мұражайы осындай сипаттағы республикадағы жалғыз мұражай бола тұрып, қазақстандық мұражайтану жүйесінде ерекше орын алады.
«Қазақстан ғылымының тарихы мұражайының» құрылуы мемлекетіміздің ғылым тарихын талдау мен жинақтаудың қажеттілігінен туындап отыр және бұл еліміздегі ғылым тарихына арналған алғашқы мұражай боп табылады. Мұражай қоры 6 мыңнан астам бірлікті құрайды, оның ішінде фотоқұжаттар, қолжазбалар, кітаптар, ғалымдардың жеке заттары бар. Мұражай экспозициясында ежелгі дәуірдегі Қазақстан ғылымының қайнар көздері, Қазақстан ғылымының пайда болуы, XIX ғасырдың ағартушы-ғалымдары, Қазақстан ғылымының кеңес дәуіріндегі қалыптасуы мен дамуы және Тәуелсіз Қазақстан ғылымы туралы мағлұмат берілген. Мұражай қызметі Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғылымның көрнекті өкілдері, мәдениеті мен өнері туралы оқиғаларды мәңгі есте сақтауға бағытталған.
Ал енді «Сирек кездесетін кітаптар мұражайының» экспозицияларында отандық жазба мәдениетінің кезеңдері, жазба жәдігерлерінің тарихы жан-жақты баяндалады. Экспозиция жәдігерлері мол тарихи мәлімет беретін қолжазбалардан, XIX-XX ғ.ғ. шыққан ескі кітаптардан, көрнекті қоғам қайраткерлерінің көзі тірісінде жарыққа шыққан шығармаларының алғашқы басылымдарынан жинақталған. Мұражай қорында Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосқан ағартушы-ғалымдардың еңбектері мен қазақ ауыз әдебиетінің алғашқы басылған кітаптары орналасқан. Мұражай сөрелерінде қазақ халқының этнографиясын, әдебиеті мен тарихын баяндайтын ғалымдардың кітап топтамаларын, XVIII-XIX ғасырлардағы ақын-жазушылардың туындыларын тамашалауға болады.
– Алдында атап өткенімдей, 18 мамыр - Халықаралық мұражайлар күні. Осы атаулы датаға байланысты қандай іс-шараларды өткізу жоспарлануда?
– 18 мамырда бүкіл әлемдегі мұражай қызметкерлерінің барлығы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл аталмыш мереке - күнтізбеде 1977 жылы Халықаралық мұражай кеңесінің (ICOM) кезекті отырысында осы мәдени мерекені бекіту туралы Ресей ұйымының ұсынысын қабылдаумен орын алды.
1978 жылдан бері Халықаралық мұражайлар күні 150-ден астам мемлекеттерде мерекеленіп келеді.
Жалпы, Халықаралық мұражайлар кеңесіне (ИКОМ) анықтама бере кететін болсақ, - бұл 1946 жылы құрылған мұражайлардың және кәсіби мұражай қызметкерлерінің халықаралық үкіметтік емес ұйымы. Бұл мұражайларды және олардың қызметін басқарумен байланысты мұражай ісіне деген қызығушылықты арттыру мақсатында құрылған. Олар дүниежүзінің табиғи және мәдени мұрасын сақтаумен және дамытумен айналысады.
Айта кету керек, біз біраз уақыттан бері аталмыш кеңестен қол үзіп қалған болатынбыз. Ал 2013 жылдың 28 ақпанында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Комиссиясы Төрағасы И.Тасмағанбетовтың қолдауымен «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінің базасында ИКОМ Қазақстан Ұлттық комитеті қайта жанданды.
Мұражай – елдің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын тәрбиелік орын. Сондықтан да ол қоғам өмірінде ерекше орынға ие, жұртшылыққа ашық болуы керек. Материалдық және рухани мәдениеттің ескерткіштерін жинауда және сақтауда мұражайлар аса зор ғылыми-ағартушылық және біліми-тәрбиелік жұмыстарды жүргізеді. Еліміз егемендік алып, ұлттық мұражай ісі тың талаптармен жаңа мазмұнға ие болуда.
Елімізде мұражай ісіне жаңаша ден қойылып, олардың дамуына көңіл бөлінуде. Бұның бір айғағы Астана қаласында жақында ашылуға дайындалып жатқан Ұлттық мұражайды мысалға келтірсек болады. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен салынып жатқан музей, әлемнің жетекші мәдениет пен өнер орталықтарының біріне айналады деп күтілуде. Сондай-ақ, еліміздің түрлі аймақтарына барсаңыз да өнер ошақтарының қайта жанданып, дамып жатқанын көруге болады. Ғылым ордасы да Елордадағы Ұлттық мұражайдың әлемдік мұражайлармен қатар сап түзеуі үшін, оның қалаптасуына қолдау көрсетіп, өзінің құнды жәдігерлерімен бөлісуде.
Адамдардың бұл күнде тарихқа ден қойып зер салуы артқан жағдайда мұражай үлесіне үлкен міндет жүктеледі. Жыл сайынғы аталмыш мерекенің мұражай қызметінің мәселелеріне арналған белгілі бір тақырыбы болады. Ал биылғы жылдың тақырыбы «Мұражай коллекциялары біріктіреді». 2014 жылдың тақырыбы мұражайлардың тірі ағза екенін, олардың дүние жүзі бойынша әртүрлі мәдениеттің және ұрпақтар бірлестігі арасындағы байланысты нығайтудағы рөлінің орасан зор екенін біздің есімізге салуы керек.
Жыл сайынғы Халықаралық мұражайлар күнін Қазақстанның барлық аумағында атап өту мәдени білімдарлық деңгейін арттыруға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл күні мұражайлар мен мәдени мекемелермен мәдени іс-шаралар және экскурсиялық турлар ұйымдастырылады.
Бұл күні «Ғылым ордасы» РМК мұражайлары келушілерге ашық есік күнін жариялайды. Сонымен қатар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптар, көрмелер және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
– Рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста