Елес соңында еліріп жүрген жастарды қалай тоқтатамыз?
Жасыратыны жоқ, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын артпаса, кемімей отыр. Соның ішінде жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігі төбе шашыңызды тік тұрғызады. Аттандап, бекерге атқа қонып отырған жоқпыз. 13-14 жастағы жасөспірімдер уланып жүр. Соңғы кезде олардың жасы 3-4 жасқа жасарғаны байқалады. Өйткені кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында уытты заттарды иіскеу (токсикомания) белең алуда. Ол – нашақорлықтың қақпасын айқара ашудың бірінші баспалдағы. Жасөспірімдер бұл күні желім, сыр, жанармай, ұшуға бейім еріткіш секілді уытты заттарды иіскеп, еліруде. Ертең егілетініне күмән жоқ. Наркологиялық тіркеуде тек ресми сандар сөйлейді. Ал ол тізімге енбей қалғандары қанша?
Токсикомания – адамның жүйкесіне әсер ететін, әрі оған психологиялық және физикалық тұрғыда тәуелді ететін нашақорлықтың бір түрі. Оның салдарынан адам ағзасының ішкі мүшелері зақымданады. Ол – өз алдына. Токсикомания адамды жан күйзелісіне әкеліп соғады. Дей тұрсақ та, токсикоманияның нашақорлықтан бір айырмашылығы – токсикомандар қолданатын заттарды кез келген дүкеннен сатып алу мүмкіндігінде. Себебі олар есірткі заттар тізіміне енбейді. Сондықтан емін-еркін сатыла береді. Токсикомания аты бөлек дегені болмаса, нашақорлықпен пара-пар. Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейтіні секілді. Мамандардың айтуынша, кейінгі уақытта токсикомания эпидемиялық сипат иеленіп отыр. Ең қорқыныштысы, 15-жасқа дейінгі балалар токсикоманға айналуда! Бұл – дабыл қағып, өз шашымызды өзіміз жұлатын мәселе.
«Уытты заттарды иіскейтін адамның ақыл-есі дамуы тежеледі» дейді мамандар. «Әуелгіде шарап ішкендей күй кешкен олар бара-бара елес көре бастайды. Құлағына әлдене бір дыбыстар келетіндей жағдайға түседі. Есін жоғалтады. Бұл жағдайы тек бірнеше сағаттан кейін ғана тарқайды» дейді дәрігерлер. Есі кірмелі-шықпалы күй кешкен балада қайдағы даму?
Қоғамның тағы бір дертіне айналған бұл індет өткен ғасырдың 60-жылдары ТМД елдеріне ауыз салыпты. Соның ішінде біздің ел де бар. Содан бері уытты заттардан балаларды қорғау проблемасы туындады. Бірақ ол проблема шешімін табар емес. Еліміздің түкпір-түкпірінде тізімге іліккен балалар жетерлік. Токсикоман балалар өріп жүр.
Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы алып зауыт «АрселорМиттал Теміртау» АҚ маңына топтасқан қаңғыбас балалардың барлығы дерлік – токсикомандар. Олардың зауыттан шыққан толуол майын иіскеп, еліріп отырғанын жазған-ды басылымдар. Бұл да өтірік емес. Жеңдерін толуол майына шылқытып, шылап алып, «кайф ұстаған» балаларды бұрын да көргенбіз. Енді толуолдың шыққан «тегін» түгендеп көрелік.
Толуол – медицинада және медициналық өндірісте, сол сияқты кейбір дәрі-дәрмектерді даярлауда epiткіш ретінде қолданылатын, адам үшін уытты, оның жүйке жүйесін және қан жасау мүшелерін зақымдайтын хош иісті, көмірсутек. «Толуолды бензолдан Фридел-Крафтс реакциясы бойынша алуға болады» дейді ақылды кітаптар. Олай болса, толуолды иіскеп жүрген теміртаулық балалардың токсикоман екеніне бәс тігуге бармыз.
Қарағанды облыстық наркологиялық диспансерінің тізімінде бүгінде 26 959 адам болса, оның ішінде есірткі және психотропты заттарды қолданушылардың саны 4400-ді құрайды. Мұнда 18 бен 30 жас аралығындағы жастардың үлесі – 45 пайыз. 25 жасөспірім де – осы тізімде. Қазіргі уақытта облыстық диспансер тізімінде токсикомания дерті бойынша 41 адам тізімде тұр.
Бөлім меңгерушісі Алпыс Жанатұлының айтуынша, әзірге жағдай бір қалыпты. Былтыр – 48 адам, 2010 жылы 65 адам болыпты. Жыл басынан бері тізімге үш жасөспірім қосылған. Алпыс Жанатұлы токсикоман дертіне көбіне-көп тұрмысы нашар, жағдайы төмен отбасылардың балалары шалдығатынын айтады. «Тұрмысы түзу, ауқатты отбасылардан мұндай балалар шықпайды», – дейді.
Статистикаға жүгінсек, облыста тізімге алынған балалардың басым үлесі теміртаулықтарға тиесілі. 100 мың тұрғынға шаққанда 8,9 адамнан келіп отыр. Әлбетте, бұл – тізімге алынғаны ғана. Мамандар маскүнемдік дерті бойынша тізімге алынғандардың санын емін-еркін үш есеге көбейтуге болады десе, нашақорларда да солай. Токсикоман балаларды ше? Мұнда да жағдай соған жетіп жығыларына дау жоқ.
Алпыс АМАНЖОЛОВ, Қарағанды облыстық наркологиялық дипансерінің бөлім меңгерушісі:
– Токсикалық заттарды иіскеп, дертке шалдығатындардың барлығы дерлік – жағдайы жоқ отбасылардың балалары: әке-шешесі маскүнемдікке салынған болмаса отбасында толық тәрбие алмаған балалар. Уытты заттарды иіскеу есірткіден кем емес. Екеуі де адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Эйфориялық әсер береді. Эйфория – объективті жағдайға сай келмейтін көтеріңкі, қуанышты көңіл күй немесе мамыражай бейқамдық. Мимикалық және жалпы қозғалыстың ширығу, психикалық қозу нышандарының байқалуы. Балалар «не үшін мұндайға бардың» деген сауалға «әртүрлі мультиктер көреміз, сол үшін» дейді. Шын мәнінде, олай емес. Олар – баланың көз алдында пайда болатын елестер. Уытты заттарды иіскеу, демалу арқылы оларда галлюцинация пайда болады. Жүйкесі бұзылады. Бір дәмін татқан адам бұған бой алдыра береді. Сонымен қатар ол қанға сіңу арқылы жүрекке, бүйрекке, бауырға зақым келтіреді. Токсикалық заттарға бой алдырғандар түрлі дерттерге ерте шалдығады.
Әлбетте, деректер арагідік болса да, отбасысы тап-тамаша балалардың да аңдамай ұрынып қалатынын жоққа шығармайды. Бұған себеп жасөспірімнің еліктеушілігі екен. Олай болса, балаңыз от баспасын десеңіз, оған қым-қуыт тірлікте көп көңіл бөлуді ұмытпаған абзал.