Мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына – 80 жыл
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың 80 жылдығы сенбі күні салтанатты түрде аталып өтті. М. Әуезов атындағы академиялық мемлекеттік драма театрында аталып өткен мерейтой қайраткер туралы деректі фильм көрсетуден басталды. Оған Кәкімжан Қазыбаевтың өмір жолдары мен қызметі арқау болған.
Қайраткерді еске алу рәсімінде сөздің «бісмілләсін» мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастады. Министр той иесінің еліміздің дамуына қосқан үлесі жайына тоқталды. К. Қазыбаевтың қазақ журналистикасын биік белеске көтерудегі еңбегі мен әдеби туындыларын ерекше атап өткен М. Құл-Мұхаммед болашақта оның нақты зерттеу нысанасына айналарына сенім білдірді. Сонымен қатар мәдениет және ақпарат министрі жазушы К. Қазыбаевтың Кеңес Одағы ыдырамай тұрып, аштық зобалаңы жайында жазған «Сұрапыл» романына жоғары баға берді. Өкінішке қарай, осы күнге дейін К. Қазыбаевтың әдеби шығармалары тиісті бағасын алмай келе жатқаны да министр назарынан тыс қалған жоқ.
Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қайраткер келбеті турасында тоқталса, сөз алған қайраткердің басқа да замандастары мен қатарластары Кәкімжан аға жайында естеліктер айтып берді. Кешке Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері де қатысып, қайраткердің артында қалған әулеті мен үрім-бұтағына игі тілектерін арнады.
Салтанатты рәсімнің соңында Кәкеңнің зайыбы Орынша Қазыбаева-Қарабалина осы рәсімді ұйымдастырушылар мен ел ағаларына деген өзінің алғысын білдірді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың 80 жылдығына арналған салтанатты рәсімнің соңында ақ дастарқан жайылып, ел ағасының аруағына құран бағышталды.
Кәкімжан Қазыбаевтың повестері мен романдары:
«Кернеген кек»
«Құпия»
«Ызғар»
«Сұрапыл»
«Октябрь өрендері»
«Ақиқатқа ар серік»
«Аманат»
«Қышыма»
Кәкімжан Қазыбаевтың қызметі:
«Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер;
«Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы;
«Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары;
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы;
Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары;
ҚазТАГ директоры;
Қазақстан Компартиясының идеология хатшысы;
«Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы.
Белгілі есімнің белгісіз сыры
Кәкімжан: қазақ арасында «кәкім» түрінде қолданылатын арабтың «хәким» сөзі данышпан, дана, хәкім деп аударылады. Сонымен бірге философияны да, мистиканы да меңгерген, тылсым сырын түйсінетін, оны адамдарға түсіндіріп, таратып айтып беретін хикмет иелерін «хәким» дейді. Мұсылмандар арасында хәкімдер мен философтардың мәртебесі қашан да жоғары болған. Исі мұсылман арасында Бағдатта ашылған алғашқы Ғылым академиясы (ІХ ғасырда) «бәйт ул-хикмә» деп аталған. Бұл хикмет үйі, хәкімдер шаңырағы деген мағынаны береді.