Қасіретті «Қаңтар трагедиясына» қатысты тергеп-тексеру амалдары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар кінәлілерді анықтау үшін бірер апта бұрын жер қойнына тапсырылған оқиға құрбандарының мәйіттерін қайта қазып алды. Әйтсе де, бұл жағдай қайғыдан қан жұтып, қара жамылғандарға оңай соқпай тұр. Ал құқық қорғау органдары өз әрекеттерін мәйітті эксгумация жүргізудің қажеттілігімен байланыстырады. Десе де, көпшілік қабірден қайта қазып алған мәйітке жасалған сараптаманың қорытындысына күмәнмен қарайды.
Жалпы, бізде жүзін топырақпен жапқан мәйіт тұрмақ аурухана төсегінде демі үзілгендерді де мәйітханаға жеткізбей алып кетуге тырысатындар көп. Алда-жалда мәйітханаға түсіп қалғандарының да денесін кеспей алып шығуға әрекет жасайды. Құзырлы органдар арнаулы санкциясы болмай, мәйітханадағы денеге ешкімнің қол тигізе алмайтынын айтады. Ал санкция болған жерде мәйітке міндетті түрле сот медициналық сараптама жасалады. Сондықтан болса керек, қоғамда аты да, заты қорқынышты мекемеге түскен әр мәйіттің денесін кеседі деген теріс көзқарас қалыптасып қалған. Сонымен бірге әупірімдеп жүріп кебінін кигізіп, жамбасын жерге тигізгендердің денесін қайта қазып алуды да біздің қоғам қабылдай алмай келеді. Әрине, істің ақ-қарасын анықтап, әділеттің салтанат құруы үшін мұндай қадамға бару да керек шығар.
Дегенмен қолында санкциясы бар құқық орган қызметкерлеріне олардың бұл әрекеттері кедергі емес. Себебі бізде заң жүзінде эксгумация жасауға рұқсат етілген. Қылмыстық-процессуалды кодекстің 28-тарауында эксгумация жасаудың құқықтық негіздері тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Кодексте мәйіттің қылмыстық іс үшін маңызға ие жайттарды анықтау талап еткенде қазып алынатыны айтылады. Сонымен бірге мәйітке эксгумация жасау туралы соттың санкциясымен марқұмның туыстарының бірі міндетті түрде танысуы қажет.
Заңмен бірге шариғат та қабірді қылмыстық істі анықтау үшін ашуға рұқсат етеді. Бұл жайында эксгумация хақындағы шариғат үкімін жариялаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы айтты.
– Шариғатта қабірді бекер ашу харам әрекет деп саналады. Қабірді тек қажеттілікке қарай ашады. Мысалы, мәйіт жатқан жерді су басса немесе ол біреудің меншігіндегі жерде жерленіп, жер иелері «мына мәйітті алып шығып кет» деп талап қойғанда ғана мәйітті қазып алуға болады. Сонымен бірге шариғат қылмыстық істі анықтау үшін мәйітті қазуға мәжбүр болса, қабірді ашуға рұқсат береді, – деді Сансызбай Құрбанұлы.
Мәйітті қазып алуға қатысты шариғат тұрғысынан баға берілгенімен, қайғының үстіне қайғы жамылғандардың көңілі жұбанар емес. Өйткені олар бір-екі апта бұрын жерлеген мәйіттің денесіне жүргізілетін сараптаманың нәтижесіне сенімсіздік танытады. Сондықтан марқұмдардың жақындары болмашыға бола қабірді ашып, өлікті қайтадан мәйітханаға тасуды құр әурешілік деп біледі. Енді бірінің пікірінше, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін марқұмға қастандықтың қалай жасалғанын зерделеудің де қажеті шамалы.
Алайда сала мамандары мәйітке бірер апта тұрмақ, бірнеше жылдан кейін де эксгумация жасала беретінін айтады. Республикалық Сот сарапшылары палатасының Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары, белгілі сот медициналық сарапшысы Тахир Халимназаровтың айтуынша, мәйіттің құр сүйегінен де кісі өлімінің себебіне қатысты көп жайтты анықтауға болады.
– Тәжірибемде мәйітті бірнеше жылдан кейін қазып алып, эксгумация жасаған сәттерім болды. Жыл сайын кемінде 1-2 осындай жағдайға тап болып жатамыз. Мәйітті бірнеше жылдан кейін қазып алғанда оның жұмсақ еттері қалады. Мұндай жағдай сараптаманың нәтижесіне мүлдем әсер етпейді. Кісі өлімінің себебіне қатысты тергеушіні қызықтырған барлық сұраққа жауап табылады. Соққыдан болған өлімнің себебін бірнеше жылдан кейін құр сүйектің өзіне сараптама жүргізіп те анықтауға болады. Ал марқұм аурудан көз жұмса, онда мәйіттегі жұмсақ еттің болғаны керек, – дейді Тахир Халимназаров.
Сот медициналық сарапшы «Қаңтар трагедиясынан» кейін қабірді ашуды талап ету фактілерінің жиілеп кетуін мәйітханада мәйіттерге тиісті сараптама жүргізілмегенімен байланыстырады.
– Өздеріңізге мәлім, Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде содырлар мәйітханаларға да шабуыл жасады. Салдарынан сарапшылар мәйітке сараптама жасап, оның қорытындысын әзірлей алмады.
Бейбіт тұрғындар да мәйітханадағы туысқандарының денесін мейлінше ертерек алып, жер қойнына тапсыруға тырысты. Олардың барлығы дерлік қылмыстық оқиғалардан қаза тапқаннан кейін өлімнің себеп-салдарын нақтылау үшін міндетті түрде сараптама жүргізілуі
керек, – дейді маман.
Әлбетте, о дүниеге аттанған адамның обал-сауабын ескеретін біздің қоғамның мәйітті қазып алуға үрке қарауының себебі түсінікті. Оның үстіне, соңғы оқиғалардан соң жағдай тіпті ушыға түсті. Әсіресе, қосақ арасында марқұмдарды құрбандардың тізімінен сызып, бүлікшілердің қатарына қосып жіберу фактісін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда мұндай жағдайға жол бермеу үшін «Қаңтар трагедиясына» қатысты барлық жайт мұқият тексерілуі керек десек, тергеу органдарының марқұмдардың «мазасын» алуы да шартты дүние. Сонда да болса, бұл істе тергеу органдарына заң алдында да, ардың алдында да ұялмайтындай әрекет етуі қажет-ақ.
aikyn.kz