Екінші дүниежүзілік соғыс қалай басталды?

1939 жылы 1 қыркүйекте гитлершіл Германия Польшаға тұтқиылдан шабуыл жасап, Екінші дүниежүзілік соғыстың өртін тұтатты. Содан бері 70 жыл өтсе де, адамзат өзінің тарихындағы осынау қасіретті дәуірге қайта-қайта назар аударуда. Соғыстың қарсаңындағы жағдайға, оның басталуы мен аяқталуына, халықаралық қатынастардың соғыстан кейінгі дамуына байланысты көптеген жайттарға қайтадан ой жіберілуде. Тарихтың жекелеген беттерін түрліше түсінуден, оларды субъективті түрде қабылдаудан, ақтаңдақтардың орын алуынан туған талас жалғастырылып жатыр.
Біздіңше, Екінші дүниежүзілік соғыс­тың басталуына ғана емес, сонымен қатар оның барысына антигитлерлік коа­ли­цияға қатысушылардың ондағы ынты­мақ­тастығының ерекшеліктеріне, Ұлы Отан соғысының шайқас алаңдарындағы же­ңіс­­тер мен жеңілістерге, кеңестік ко­ман­­до­ваниенің біліктілігіне болашақта әлі де талай рет қайта оралатын боламыз. Көпте­ген нәрселер қайта бағалауды және жаңа көз­қарастарды талап етуде. Өйткені бізде тарих тым сыңаржақ және бұрмаланып жа­зылып келді. Мысалы, 1939 жылғы шарт туралы бізде ұзақ уақыт бойы айтуға да болмайтын еді. Оның құпия хаттама­ла­рына келетін болсақ, олардың бар екені жақында ғана бұлтартпайтын фактілермен дә­лелденді.
Соғысқа жол бермеуге болатын еді
Екінші дүниежүзілік соғыс 30-жыл­дар­дың орта шенінде-ақ ақиқат шындыққа ай­налды. Жапонияның 1931-1932 жыл­да­ры Солтүстік Шығыс Қытайды басып алуы, содан кейін 1937 жылы Орта­лық Қы­тай­ға басып кіруі, 1935 жылы Ита­­лияның Абиссинияға шабуыл жасауы, 1936-1938 жылдары республикалық Ис­па­­­нияға қар­сы жасалған герман-итальян интер­вен­циясы, Германияның 1938 жылы Австрияны басып алуы – міне, бұ­лар­дың бәрі агрессорлар қимылының біртұтас тізбегінің буындары, олар бірте-бірте фа­шистер шапқыншылығының ортақ тас­қынына айналды да, сайып келгенде, іс жүзінде бүкіл дүниежүзін қамтыды. Бар­лық ұлы державалардан тек КСРО ғана агрессорларды дәйекті айыптап, қолынан келген кездері агрессия құрбандарына көмектесіп отырды.
Жаңа дүниежүзілік соғыстың сөзсіз бол­май қоймайтын мүмкіндігі жоқ еді. Сол кездің оқиғаларына жасалған талдау халықаралық қатынастарды дамытудың альтернативті жолдары болғанын көр­се­теді. 30-жылдардың орта тұсында ғана емес, сонымен қатар неғұрлым кейінгі және күрделі кезеңде – соғыс басталар ал­дын­дағы соңғы айларда, тіпті соңғы күн­дер­де агрессорлардың жолына тосқауыл қойып, соғысқа жол бермеуге болатын еді. Гитлершілдер 1938 жылдың жазында және күзінде Чехословакияны басып алуға әзірленіп жатқан кезеңде альтернатива бол­ды; ол Польшаға қарсы неміс-фашист агрес­сиясы тікелей әзірленген 1939 жыл­дың жазында да болды.
1938 жылдың 15 наурызында аме­ри­кан журналистерінің «Германия Чехосло­ва­­кияға шабуыл жасай қалса, КСРО не істемекші?» деген сұрағына КСРО сыртқы істер халық комиссары М.М.Литвинов «біздің ел одақтастық міндеттемесін орын­дай­тынын» мәлімдеді. Сәуірдің екінші жар­ты­сында Москвадағы Чехословакия елшісі З.Фирлингер Прагаға Кеңес үкі­ме­тінің ресми позициясы туралы былай деп хабарлады. «Өтініш жасалатын болса, КСРО Франциямен және Чехословакиямен бірге Чехословакияның қауіпсіздігін қам­та­масыз ету жөнінде барлық шараларды қол­дануға әзір. Бұл үшін онда қажетті құралдардың бәрі бар...» Кеңес Ода­ғы­ның үкіметі жағдайдың ушығып кетуін ескере отырып, Францияға, Чехо­сло­­ва­кияға көмек көрсетудің нақты фор­ма­ла­рын талқылау үшін КСРО, Франция жә­не Чехословакия қарулы күштері бас штаб­та­рының келіссөзін бастауды, Чехо­сло­вакияны қорғау жөнінде халықаралық конференция шақыруды және агрессорға тиісті ықпал ету үшін ұлттар Лигасына өтініш айтуды ұсынды. Бұған жауап қайта­рыл­мады.
КСРО фашизмге қарсы жападан жал­ғыз күресуге мәжбүр болатын еді. Бұл орайда Сталин бастаған кеңес басшы­лы­ғының мұндай жағдайда Мюнхен бітім­ші­лерінің ілтипаты, жалпы, гитлершілдер жағында болып шықпас па екен деп қауіп­тенуі ықтимал еді. 1939 жылы ма­мыр айынан бастап кеңес және моңғол әс­кер­лерінің Халхин-Гол өзенінде жапон интервенттеріне қарсы табанды шай­қас­­­тар жүргізуіне тура келгенін де ескер­мес­ке болмайды. Жапонияның агрессия­шыл­ды­ғының күшейе түсуі екі майдандағы соғыс перспективасын әбден айқын байқатқан еді. Кеңес үкіметі 1918-1922 жылдардағы жағдайдың қайталануына жол бере ал­май­тын, ал ол кезде еліміз дүниежүзінің бір­ден барлық негізгі державаларының интер­венциясына қарсы тұруға мәжбүр бол­ған-ды.
Қалыптасқан жағдай тым қиын еді. Әңгіме шын мәнінде Кеңес мемлекетінің аман қалуының өзі жайында болды. Қа­лыптасқан әдеттен тыс тарихи жағдайда бір-ақ жол қалды: оқиғалардың алдын алып, Гитлермен ымыраға баруға тырысу керек еді. Бұл орайда, біріншіден, фа­шистік Германиямен тікелей қақтығысты шамалы мерзімге болса да кейін шегеру перспективасы ашылатын. Ең алдымен, қару-жарақ пен күштерді жаңғырту, эко­но­миканы соғысқа әзірлеудің кең көлемді жоспарын жасап, жүзеге асыру және ақыр со­ңында жазалау әрекеттері салдарынан әскери командованиенің жоғары буынын­да пайда болған «жарықшақты» бітеу мақ­сатында осындай кейінге шегеру өте қа­жет болды. Екіншіден, герман-жапон альян­сына сына қағу мүмкіндігі ашылды.
1939 жылы 20 тамызда И.В.Сталинге шабуыл жасамау туралы шартқа қол қою туралы ұсыныс жасаған хат жолдай оты­рып, Гитлер олай болмаған жағдайда КСРО-ның «поляк-герман дағдарысына» ки­ліктірілуі мүм­кін екенін ескертті. Кеңес-герман қаты­настарын жақсарту туралы ұсыныстар­ды герман өкілдері бұрын да жа­са­ған бола­тын, алайда кеңестер жа­ғы­нан ең тәуір дегенде әрі-сәрі жауап қай­­та­рылып отыр­ды. 30 мамырда Сыртқы іс­тер халық комис­са­ры қызметінде М.М.Литвинов В.М.Молотов­пен ауысты­рыл­­ғаннан кейін гитлерлік Сырт­қы істер ми­­нистрлігінің жетекші ше­неу­ніктерінің бірі басшылыққа жасаған бас­қармасында Гер­манияның «инициа­ти­ва­лы ұсыныстар енгізіп жатқанын», бірақ орыстардың «се­нім­сіздігіне» тап болып отырғанын атап көр­сетті. Маусым айының аяқ кезінде ел­ші В.Шуленбург кеңестер жағының «көзге ұрып тұрған сенімсіздігін» тағы да атап көрсет­ті.
Молотов пен Риббентроп пактісі
1939 жылы 23 тамызда Москваға Гер­манияның сыртқы істер министрі Иоахим Риббентроп келді. 24 тамызға қара­ған түні Риббентроп В.М.Молотовпен жә­не И.В.Сталинмен әңгімелескеннен кейін ша­буыл жасамау туралы кеңес-гер­ман шартына (пактісіне) қол қойылды. Бұл құ­жатта екі жақтың бір-бірі жөнінде аг­рес­сиялық әрекеттен және ша­буыл жа­­сау­­дан аулақ болуы, егер шарт­қа қа­ты­су­шылардың бірі үшінші дер­жава тара­пы­­нан жасалған «ұрыс қимыл­да­ры­ның объек­­тісіне» айналса, оны қол­дамайтын бо­луы көзделген. Сон­дай-ақ екі жақ бұ­­лар­дың біріне қарсы ба­ғытталған держава­лар тобына қатыспауға мін­деттенді.
Кеңес-герман шартына қол қойыл­ған­нан кейін, дәстүр бойынша екі мем­лекет басшыларының және халқының ден­сау­лы­ғы үшін шарап құйылып, бокалдар кө­те­рілді. «Мен герман ұлтының өз көсемін қа­лай сүйетінін білемін, сондықтан оның ден­саулығы үшін ішкім келеді», – дейді Сталин. Одан әрі қарай: «Кеңес үкіметі жа­ңа шартқа өте байсалды қарайды. Сон­дық­тан да Кеңес Одағы ешқашанда өз сы­бай­ласын сатпайды», – деп мәлімдеді ол. Осы күннің ертеңінен бастап кеңес бас­пасөзі ан­тифашистік науқанды кілт тоқ­татып, Ұлы­бри­тания мен Францияны «со­ғыс өртін тұ­тандырушылар» деп атай бас­тады.
1939 жылғы кеңес-герман құпия келі­сім­шарты кеңес халқына арада 50 жыл өт­кенде, тек 1989 жылы белгілі болды. Бұл шарт нақты жағдайда ақталған және дер кезінде жасалған қадам болғанын, фашистердің бұл келісім демократиялық, бейбітшіл күштерді іріткеніне және осы кезге дейін жағымсыз әсер қалдырып жүргеніне қарамастан, ол КСРО-ның уақыт ұтуына мүмкіндік бергенін қуаттайтын бір­сыпыра құжаттық деректер бар. Оның үс­тіне, тыныстау үшін алынған уақыт әсте де жақсы пайдаланылмағы мәлім. Дос­тық және шекара туралы кеңес-герман шар­тын алып қарасақ, олар нацистермен прин­ципсіз ынтымақтастық жасалғанын дә­лелдейді. Ал бұл құжаттар Еуропадағы оқи­ғалардың дамуына өзінің жазалаусыз қа­латынына сенген Гитлерді қолпаштаған ағылшын-француз саясаты ықпал ете қой­мағанына қарамастан, олардың халық­аралық-құқықтық және этикалық нор­ма­ларға өрескел қайшы келетіні, кеңестік сырт­қы саясаттың принциптерінен ше­гі­нушілік болғаны айқын.
Екінші дүниежүзілік соғысты бірінші бо­лып Германия 1 қыркүйек күні Поль­ша­ға басып кіру арқылы бастаса, КСРО 17 қыр­күйек күні Шығыс Польшаға шабуыл жа­сау арқылы қоштады. Молотов соғыс бас­талғаннан кейін бір апта өткенде Гитлерді «табыстарымен» құттықтады. 18 қыркүйек күні бірлескен кеңес-гер­ман әскерлері алдын ала келісілген жер­лер­ді өзара басып алуды аяқтады. Осы же­ңістің құрметіне 22 қыркүйекте Брест қа­малында біріккен кеңес-герман әскери шеруі өткізілді. Екі елдің мемлекеттік туы, кеңестік орақ пен балға және неміс сва­ти­касы қатар көтерілді. 28 қыркүйек күні екі мем­лекет арасында «достық пен шекара туралы кеңес-герман келісімшартына» қол қойылып, өзара жаңа шекараларын бекітті. Батыс Украина және Батыс Белорус­сия деген атаумен Шығыс Польшаға бөл­шектеліп, КСРО құрамына енгізілді.
Кеңес үкіметі Ленинградтың қауіп­сіз­дігін нығайту үшін Кеңес Одағына Фин шығанағындағы төрт аралды 30 жыл­дық мерзімге жалға беруді, Ханко ауда­нының бір бөлігін сатуды немесе кеңестік тер­риторияның бөліктерімен алмастыруды өтінді. Алайда Финляндия үкіметі бұған келіспеді. Кеңес Одағының «өзара көмек туралы келісімшарт жасау туралы» ұсы­нысы да қабылданбады. 30 қарашада кеңес әскерлері Финляндияға басып кір­ді. Сол күні Финляндия президенті ел­ді соғыс жағдайында деп жариялады. Сталин Финляндияны түгел басып алып, со­ғысты 1940 жылдың наурызына дейін жал­ғастырды, бірақ жеті қабаттан тұратын Маннергейм қорғаныс шебін кеңес әскері бұ­зып өте алмай дымы құрыған соң, 12 нау­рызда бітім шартын жасауға мәжбүр болды. Осыдан кейін жазда Марел-Фин КСР-і құрылды.
«Барбаросса» жоспары
1939 жылдың тамыз айында Польшаға баса-көктеп кірер алдында Гитлер «Менің қол­ға алып жатқан шараларымның бәрі Ре­сей­ге бағытталған» деп мәлімдеме жа­са­ды.
1940 жылдың 22 маусымында Фран­ция тізе бүкті. Енді Гитлер «өзінің ұлы міндеті – большевизммен есеп айырысу үшін» аяқ-қолым босады деп есептеді. Ол «шығыстық сапарды» күз маусымында бастап жіберуді ойластырған болатын. Алайда тәжірибелі генералдар өз фюре­рін Кеңес Одағына шабуылды қыс мау­сы­мының алдында бастаудың өте қауіпті екен­дігіне иландырды.
1940 жылдың 18 желтоқсанында Гитлер «Барбаросса» деген кодтық аты бар жос­парды №21 директива түрінде бекітті.
Бұл жоспарда германдық қарулы күш­тердің алдына кеңестік әскерді Ресейге қысқа мерзім ішінде күл-талқан етудің міндеті қойылды. Үш қуатты соққы арқылы фашистер кеңестік әскерді Прибалтикада, Белоруссияда және Украинаның оңтүстік бөлігінде быт-шытын шығарып, жаудың әскери қабілетті күшін елдің ішіне ен­дір­меуге ұмтылды. «Барбаросса» опе­ра­ция­сының түпкі мақсаты – Волга-Ар­хан­гельск жалпы белдеуі бойынша азияттық Ресейге қарсы тосқауыл қою болатын. Осындай шапшаң соғысқа небәрі төрт ай бөлінген.
Фашистер үлкен соғысты дайындай отырып, Кеңес Одағының басып алын­ған жерлерінде жүзеге асыратын жан­түр­ші­герлік зұлымдықтарының бағдар­ла­ма­сын да қамдады. Мәселен, немістің бір сол­да­тының өмірі үшін 100 адамға дейін ке­ңестік тұрғындарды өлтіруге рұқсат бе­рілді.
«Барбаросса» жоспарымен Кеңес Ода­ғына 1941 жылғы 15 мамырда соққы бе­рудің нақтылы уақыты белгіленді. Әйт­се де Балқанға жасалған сапардың сал­да­рынан, бұл уақыт кейінге шегерілді. Содан Югославия мен Греция жаулап алын­ған­нан кейін 30 сәуірде жоғарыдағы опе­ра­цияны 22 маусымда бастауға шешім қа­былдады. КСРО-ға қарсы соғысты 22 мау­сымда бастаудың түпкілікті бұйрығын Гит­лер 1941 жылғы 17 маусымда берді.
Барлаушылардың мәліметі – арандатушылық
1941 жылдың 5 мамырында Кремль­де Сталин әскери академияларды бітіру­ші­лерді қабылдап, онда «Гитлермен қақ­ты­ғысуымыз сөзсіз, бірақ соғыстың бас­та­луын екі-үш айға шегіндіре алсақ, біз­дің бақытымыз сол болар еді», – деді. Алай­да партия жетекшісінің сөзінен кейін – 14 маусымда орталық баспасөзде ТАСС ха­бары жарияланып, герман-кеңес со­ғы­сы туралы өсек-аяңның негізсіз, не­міс­тер­дің бейбітшілікті қолдайтындығы жә­не олар тарапынан қауіп-қатердің жоқ екен­дігі мәлімденді.
Маусым айының басында Қорғаныс ха­лық комиссары С.К.Тимошенко Бас штаб­тың бастығы Г.К.Жуковпен бірге Сталин­нің қабылдауына баруға рұқсат алды. Олар соңғы мәліметтерді қолма-қол жеткізді. «Ал менің басқа құжаттарым бар, – деді Сталин. – Оны айтасыздар, біз­дің бір... табылыпты. (бұл арада ол цен­­зу­раға жатпайтын сөз айтты). Ол Жа­по­­нияда зауыттар мен жезөкшелер үй­ле­рін иеленіп үлгеріпті, сөйте тұра гер­мандық шабуылдың 22 маусымда бас­та­ла­тындығын хабарлайды. Сонда маған оған сенуіме бұйрық бересіңдер ме?» Бұл хабар көрнекті кеңестік барлаушы Рихард Зоргеден түскен болатын.
Бір жүйеге келтіріліп сарапталмаған, ара­сында анық-қанығы белгісіз шикі-ша­ла көп ақпар Сталиннің алдында үйі­­ліп жат­ты. Оның ақ-қарасын қалай айы­ра­­сыз, сол себепті кейде аса құнды дерек­тің өзіне күмән туындағаны рас. Айта­лық, мемлекет қауіпсіздігі жөніндегі ха­лық ко­мис­сары В.Меркуловтың «ертең со­ғыс бас­талады» деген хабарына сенім көр­се­тіл­меуі соған дәлел. Бұған Сталин: «То­ва­­рищу Меркулову. Можете послать ваш «ис­точник» из штаба Германской авиа­ции к е.... матери. Это не «источник», а де­зин­фор­мация. И.Сталин», – деп бұ­рыш­тама соғыпты. («Жұлдыз», 2005, 166 бет).
А.И.Микоянның куәгерлігіне сенсек, Сталин Германия өз кезегінде Англияны тізе бүктірмейінше екі майданда соғыса алмайды деген пікірге әбден сенген. Ол соғыстың басталуын соза тұруға мүмкіндік бар екендігін айтып баққан. Оның бұл пі­кірінен бөгде әңгіме қозғау өте қауіпті бо­латын. Мәселен, Берия 21 маусым күні со­ғыстың басталатын нақтылы уақытын ғана емес, сонымен қатар гитлерлік әскер­ді­ң басты соққы беретін бағыттарын да дәл көрсеткен. Берлиндегі біздің елшіміз бен әскери атташені тез арада жауапқа тарту үшін Сталиннен рұқсат сұрайды.
Германия бізге шабуыл жасаудың ал­дында Мәскеуге Берлиннен елшіміз Деканозов келеді. Оны германдық елші Вернер фон Шуленбург өз елшілігіне түс­кі асқа шақырады. Сол астың үстінде Шулен­бург біздің елшімізге былай дейді: «Елші мыр­за, дипломатия тарихында мұндай жайт болмаған шығар. Неге десеңіз, мен сізге нөмірі бірінші мемлекеттік құпияны айтқалы отырмын. Мұнымды Молотов мырзаға жеткізіңіз, ал ол Сталин мырзаны хабардар етеді деп үміттенемін. Гитлер 22 маусым күні КСРО-ға қарсы соғыс бастауға шешім қабылдады. Сіз бұлайша қадам жасауымның себебі не деп сұрарсыз, мен Бисмарк рухында тәрбиеленген адаммын, ал ол Ресейге соғыс ашуға әрқашан қарсы болып келді...». Иә, басқа-басқа, Гитлерге жақын тұрған адамның бұл ғажайып жағдайда айтқан хабары да Сталинге әсер етпеді ғой...
Әскерді дайындыққа көшіруге тыйым салынды
Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков өзі­­нің «Воспоминания и размышления» атты кітабында былай дейді: «Әскер мен оның командирлері қандай жағдайда да жар­­ғыға сәйкес әскери міндетті атқаруға дайын болуы тиіс. Алайда соғыс алдында, тіп­ті 22 маусым күнгі түнде шекараны қор­ғау эшелонына енетін бөлімдердің коман­дирлері қайсыбір жағдайларда соң­ғы уақытқа дейін жоғарыдан нұсқау тосты, бө­­лім­дерді қалыпты дайындықта ұстама­­­­­ды». 1941 жылғы 10 маусымда Бас штаб Киев ерекше әскери округі әскері­­­нің қол­бас­шысы генерал-полковник М.П.Кирпо­нос­­тың атына төмендегідей же­­дел­хат жол­дады». Украина НКВД ше­ка­ра әскер­ле­рінің бастығы нығайтылған аудан­дардың бас­тықтары қамдануға тап­сырма алыпты дей­ді... Мұндай өкімді тез ара­да жоққа шы­ға­рыңдар және осындай өкім­ді өз бетінше кім­нің бергендігін анық­таңдар».
Осы тектес қатаң ескертуді 21 маусым кү­ні Прибалтика ерекше әскери округі әс­ке­рінің қолбасшысы генерал-полковник Ф.И.Кузнецов та алған еді («Жетісу», 2005, 7 мамыр).
Шейіт болғандар қанша?
Қашанда тұтқиылдан шабуыл жасау қарсыласына үлкен шығын әкеледі. Мы­салы, соғыстың тек алғашқы алты айын­да ғана кеңес әскерлері 3 млн 138 мың адамынан айырылса, бүкіл соғыс бары­сын­да қаза тапқан офицерлер мен сол­дат­тардың 40 пайыздайы осы қанқұйлы 1941 жылдың үлесіне тиеді екен. Оның ішін­де 1941 жылдың маусым-қараша ай­ла­рында Қызыл әскер майданда күніне екі дивизиядай (24-25 мың адамынан) айырыл­са, соғыс аяғында күнделікті шы­ғындар 20 мың адамнан құраған.
Сөйтіп, 1941-1945 жылдар аралы­ғында Кеңестер Одағының жалпы саны 26 миллионға жуық адамы құрбан бол­ған. Оның ішінде тікелей шайқаста өл­ген солдаттар мен офицерлер 11 млн 944 мың 100 адамды (фашистік Гер­ма­ния­ның Қарулы күштері 8,6 млн адам) құ­рап, тұтқынға 4 млн 59 мың әскери қыз­меткерлер түсіпті (бұлардың 1,2 млн адамнан астамы өлген). Ал бұл қыр­ғын­ның зардабынан жалпы саны 13,6 мил­лион­дай кеңестік бейбіт тұрғын опат бол­ған. Жалпы, соғыс жылдары майданға 34476700 адам шақырылып, оның 490 мы­ңын әйелдер құраған.
Соғыс кезінде 20 генерал абақтыға жабылып, атып өлтірілді (марқұмдар түгел ақталды), үш генерал өзін-өзі мерт қыл­ды, біздің 80 генерал, негізінен, 1941 жылы тұтқынға түсті. Оның 23-і қа­за тапты, бесеуі тұтқыннан қашып, 12-сі жау қолына өтті, 37 генерал Отанға орал­ды. Олардың бәрі «сатқындар, Отанға опасыздық жасағандар» деп жа­рия­лан­­­ды. Бұлар түгелдей сырттай ату жа­за­­сына кесіліп, олардың әйелдері мен әке-шешелері 10 жылға еңбекпен түзеу ла­геріне қамалды. («Вопросы историй», 1995, №11-12,42-б)
Қазақстан соғысқа 1.366 мың адамды ат­­тандырып, Отан қорғауға 5183 қыз-ке­лін­­шектер қатысыпты. Осы орайда рес­­­­пуб­­­ли­када 12 атқыштар дивизиясы, 7 ат­қыш­тар бригадасы, 4 атты әскер ди­ви­­­­зия­сы жә­не екі артиллериялық, 4 ми­но­­­меттік, 3 авиа­ция­лық полк және 14 же­­­ке батальон­дар құрылып, май­дан­ға жі­­берілген. Олар со­ғыс­тың бар­лық шай­қас­­тарына қатысып, май­дан да­ла­ла­ры­на 601.011 адамын қал­ды­рып, елге орал­ған. Оның ішінде туған же­ріне жете ал­май қа­за тап­қан қазақтардың са­ны 130 мың адам­­ды құрайды.

Қорыта айтар болсам, алапат со­ғыста көз жұмып, соғыстан кейін де жа­­­ра­қат­тан, аурудан қайтыс болған қа­зақ­стан­дық­тар­дың адамзатты фа­шиз­мнен құт­қарып, бейбіт өмір орна­­туда сіңірген еңбегі мен ер­лігі та­рих­­тың биік тұғырынан орын ала­­ды және оны сол «тақтан» еш­қандай жүйе, во­люн­та­ризм, саяси ағым мен мода, сая­сат­кер-сымақтар да түсіре ал­­майды. Қа­зір со­­ғыс кезіндегі жүйе, мем­­­ле­кет, идео­ло­­гия жоқ болғанымен, сол за­манның биік рухы, жанқияр отан­­­сүй­­­гіштігі, санамызға сі­ңір­ген прин­­цип­тері ТМД-ның бар халқын бі­рік­­тіріп тұр. Осы қ­асиеттер сақталып тұр­­ғанда – біз­дің ара­мызда соғыс та, жан­жал да болмақ емес. Сондықтан да осы асыл қазынамыз­­ды сақтай білейік.

Сандар сыр шертеді
• Гитлерлік Германия Кеңестер Ода­ғы­на қарсы соғыс жоспарын жа­саған­да, онда Қазақстанға да бай­ла­нысты ша­ралар белгіленген болатын. Ол жос­пар бойынша Атлантикадан Сі­бір­ге дейінгі «Германиялық біртұтас эт­ни­калық-территориялық кеңістік құру» көзделген еді. Сондықтан да қазақтар адамзаттың ортақ жауы фашизмге қарсы күресті.
• Германия және оған одақтас ел­дер – Италия, Румыния, Финляндия мен Венгрия КСРО-ға қарсы құрамында 5,5 млн мұздай қаруланған солдаты мен офицерлері бар 190 дивизияны шығарды. Жаудың 47,260 отты қаруы мен штурмдық жарақтары, 5000-ға жуық әскери ұшақтары және 190 әс­ке­ри корабльдері болды. Мұндай ауқым­да­ғы агрессияны тарих бұрын-соңды біл­меген-ді.
• Батыстағы шекаралық облыстар­да кеңестік әскер де пәлендей кемшін емес еді:
2 млн 680 мың қызыл армия­шы­лар мен командирлер тұрды. Соны­мен қатар 37 500 отты қару мен ми­но­меттер, 1475 жаңа үлгідегі танк­тер, 1540 жаңа үлгідегі әскери ұшақ­тар, сон­дай-ақ ескірген жобадағы көп мөл­шер­де танкілер мен ұшақтар бол­ды.
Соғыстың алғашқы күні неміс-фа­шистік әскердің басшылығы шай­қас­қа 153 дивизия тартты. Біздің тара­пы­мыздан шекара аймағындағы ұрысқа ал­ғашқы эшелондағы 56 дивизия (900 мыңға жуық жауынгер) қатысты. Алай­да біздің әскер барлық жерде бір­дей әскери тәртіпке сай шайқас жүргізе ал­мады, сөйтті де алғашқы бетпе-бет­терде-ақ үлкен шығындарға жол берді.
• 22 маусым күні таңғы уақытта КСРО әскерінен 1200 ұшақ, оның ішінде әуежайларда бүркемеленбей ашық қалған 800 ұшақ, жанар-жа­ғар май құйылмаған 800-ге жуық танк құртылды, дәл шекара іргесінде тұр­ған қару-жарақсыз 500-ден астам артил­лерия құралы жау қолына түсті.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста