Екібастұздықтар ішетін суларына шомылып жүр
Дүниежүзілік картаға қарасаңыз, үлкенді-кішілі қалалардың өзен немесе теңіздің жағасында салынғанына көзіңіз жетеді. Сусыз тіршілік жоқ. Өзгесін былай қойғанда, жаздың күйіп тұрған аптабында суға шомылсаңыз, жаның рахаттанып, тәніңіз сергіп қалады.
Өкінішке қарай, Екібастұздың іргетасы қаланғанда, қалаға канал арқылы су жіберу қолға алынғанымен, жаз маусымында тұрғындар демалатын жағажай салу мәселесі ескерілмеген. Тұрғындар соның зардабын 54 жыл бойы тартып келеді. Жаздың ыстық күндерінде салқындағысы келгендер өз бетінше әрекет жасап, Ертіс-Қарағанды каналына шомылуды әдетке айналдырғалы қашан! Қ.Сәтбаевтың жобасымен Ертістің суын Екібастұз арқылы Қарағандыға бұруда халықты ауызсумен қамтамасыз ету көзделген болатын. Қалаға ауызсу канал арқылы жеткізілетіндіктен, суды лайламай, таза ұстау қажет-ақ. Бір жылдары тұрғындардың жағдайына түсіністік туындап, қаланың шетінен жағажай ашылғанын бәріміз ұмыта қойғанымыз жоқ. Сол уақытта каналға шомылушылардың да саны күрт азайғаны белгілі. Алайда ол жағажайдың «ғұмыры» ұзаққа бармады. Енді суға шомылғысы келетіндерге бір-ақ жол қалды, ол – Солнечный кентіндегі жағажайға бару. Қаладан 45 шақырым жерде орналасқан жағажайға баруды әркімнің қалтасы көтере бермесі анық. Баянауылдағы Жасыбайға, Солнечныйдағы жағажайға қолы жетпегендер тағы да канал суынан айналшықтап шықпайтын болды. Ал канал суына шомылу қала тұрғындарына қастандық жасағанмен бірдей.
Каналға барып шомылатындар өз алдына, жаз уақытында бұл жерге келіп, көліктерін жуатындар, ішімдік ішіп, серуендеп, кір-қоқыс, арақтан босаған шишаларды шашып кететіндер жетіп-артылады. Қысқасы, бүгінде канал жағалауы қоқыс үйіндісіне айналған.
Ал Солнечныйдағы «Шаңдақсор» жағажайындағы көрініс – керісінше. Бұл жақта көлденең жатқан көк шөпті көрмейсіз. «Эмблин» ЖШС-і директорының орынбасары Т. Қырықбаевтың айтуынша, штатта бекітілген төрт адам жағажайда күніне екі рет тазалық жүргізеді екен. Екі құтқару қайығы жұмыс істейді. Жағажайда электр сымы тартылған. Бейсауат машиналар кірмес үшін жан-жағына жыра қазылған. «Бізде демалушыларға барлық жағдай жасалған», – дейді Тарғын Бірлікұлы.
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, мәселеге сырт көзбен қарасақ, екібастұздықтарды канал суына түсіп жатыр деп кінәлай беру де дұрыс емес секілді. Олардың да мүддесін ескеріп, қала шетінде жағажай салса, канал суын таза ұстауда өткір тұрған мәселе шешімін табар еді.
Ербол КӨБЕШОВ, жағажайда демалушы:
– Қала халқының осы каналдан су ішіп отырғаны бәрімізге аян. Суда шомылуға болмайтынын білмейді емес, білеміз. Бірақ еш жерде «Суға түсуге болмайды» деген белгі орнатылмаған. Қазір ми қайнатқан ыстық қой. Суға түскіміз келеді. Қайда барамыз?! Тек Солнечныйдағы жағажайды атай көрмеңіз. Ол алыс.