Думан РАМАЗАН: Көркем шығарманың құны көлеммен өлшенбейді

Думан РАМАЗАН: Көркем шығарманың құны көлеммен өлшенбейді

- Думан Әмірғалиұлы, байқауымша, сіз тек әңгіме-хикаяттар жазасыз. Көлемді шығарма жазу ойыңызда жоқ па?

 

- Менің өмірде ұстын ғып ұстанатын өз ұстанымдарым бар. Сол қағидалармен өмір сүруге тырысамын. Шығармашылықта да солай. Мәселен, мен неге роман жазбаймын? Жаза алмаймын ба? Жазғанда қандай? Бірақ, жазбаймын. Неге? Айтайын. Біріншіден, көркем шығарманың құны ешуақытта көлеммен өлшенбейтінін білемін. Кейбір бес жүз беттік романдардан "Кармен», «Бейтаныс әйелдің құпиясы», «Пышка», «Қаралы сұлу», «Шолпанның күнәсі», «Шұғаның белгісі», «Қараой», «Қылау» секілді әңгіме-новеллаларды жоғары қоямын. Мәселен, шығармашылық тұрғыда Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарынан гөрі, «Шыңырау», «Күй» сияқты хикаяттарын және Мұхтар Мағауиннің төрт томдық «Шыңғыс ханы» мен «Аласапыранынан», «Тазының өлімі», «Архив хикаясы» қатарлы әңгіме-хикаяттарын жоғары қоямын. Ешкім де Әбіш ағам мен Мұхтар ағамды менен артық жақсы көрмейтін шығар. Сондықтан сөзімізден астар іздеп, өтірік байбалам салудың да түкке қажеті жоқ. Бар болғаны, өз ойымды айтып, көзқарасымды білдіріп жатырмын. Әдебиеттің талғамымен өлшесек, қайсысы құндырақ екенін ойлы жан білуге тиіс.

 

Ал енді екіншіден, бір тарихи тұлға туралы көркем шығарма жазғым келсе, сол тарихи тұлғаның өзіме қажетті, жазуға болады-ау дейтін өмірінің бір сәтін ғана таңдап аламын. Мәселен, «Құса» әңгімемдегі Абай атам мен «Ажал келген күндегі» Кетбұға абыздың соңғы күндерін таңдап алғаным секілді. Осы арқылы ұлы тұлғалардың бүкіл қайғы-қасіретін, қуанышы мен жұбанышын, арман-аңсарын ашып көрсетуге тырысамын. Сол заманның рухы мен ұлы тұлғаның басындағы жай-күйді шынайы беруге күш саламын. «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тарихи драмаларымда да, жаңадан жазылып жатқан Шыңғыс хан мен Жошы туралы драматургиялық шығармамда да осы қағидатты берік ұстандым. Ешуақытта бір тарихи тұлғаның туғанынан өлгеніне дейін тәптіштен роман жазбаймын. Оны шығармашылық деп санамаймын. Оқырмандар білгісі келсе, тарихи тұлғаның ғұмырбаянын тарихи еңбектер мен жазбалардан, баяндардан оқысын. Сол өзім жазған тұлғалардың мерейлі мезеттері мен мұңға батып, уайымға салынған сәттерінен барынша үлкен ой айтуға тырысамын. Тарихи оқиға туралы жазсам да, не болғанын бастан-аяқ тәптіштемеймін. Сонда қатысқан адамның бірер сәттік өмірін суреттеу арқылы, сол дәуір мен тарихи оқиғаның рухын сездіруге болады деп ойлаймын. Мылжыңдыққа, езбелеуге қарсымын. Не нәрсенің болсын, қысқа да нұсқа болғанын қалаймын!

 

- Сөзіңіз аузыңызда, Шыңғыс хан мен Жошы туралы тарихи шығарма жазып жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Бұл шығармада қандай оқиғалар қамтылады?

 

- Мен бұл шығармада 1222 жыл мен 1226 жылғы бейбіт кезеңді таңдап алдым. Яғни Шыңғыс ханның Хорезм жорығынан – Жошының өліміне дейінгі уақыт аралығы. Шыңғыс ханның айналасына, негізінен бәйбішесі Бөрте ханым мен тоқалы Құлан қатынға деген көзқарасын, Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле сынды төрт ұлымен қырым-қатынасын суреттей-сипаттай отырып, өзімше өнер туындысын тудырамын. Жалпы оқиға желісі осы кейіпкерлер арасында өрбиді. Шыңғыс ханның өз ойы, Бөрте ханым мен Құлан қатынның өз мүдделері, Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлелердің өз мақсат-мұраттары бар. Соларды барынша ашып көрсетуге тырысамын. Шыңғыс хан өз мемлекетін төрт ұлына неге бөліп берді, Үгедейді мұрагерлікке қалай таңдады, ең аяғында Жошыны неліктен өлімге қиды? Міне көрермен осындай күрделі сауалдарға жауап табатын болады.

 

Мен Шыңғыс ханды Қорқыт ата шыққан қият тайпасының өкілі, яғни түркі деп есептеймін. Бүгінгі моңғолдар тұрып жатқан өлке түркі тайпаларының ежелгі ата-қонысы. Оған Орхон өзенінің бойынан табылған Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін жазбалары, ежелгі түркі ескеркіштері бұлтартпас айғақ бола алады. Тіпті, түркі болмағанның өзінде Шыңғыс ханды ешкім де қазақ тарихынан ажырата алмайды. Жошы хан алғашқы қазақ мемлектінің негізін қалағаны да тарихи шындық. Шыңғыс хан мен Жошыға дейін де бұл өлкеде тіршілік болған, біздің ата-бабаларымыз мекендеген қасиетті мекен. Ең басты мақсатым, бүгінгі ұрпаққа сол заманның рухын сездіргім келеді.

 

- Сіз Жошыны Шыңғыс ханның өзі өлтірді дейсіз бе? Оған сенімдісіз бе?

 

- Мен бұны ойдан алған жоқпын. Лев Гумилев секілді мықты тарихшылардың көршілігі Жошыны Шыңғыс ханның өзі өлтірткенін жазады. Оның себеп-салдарларын да атайды. Көңілге қонады. Шыңғыс ханның жас кезінде балық ұрлап жегені үшін ағасы Бектерді садақпен атып өлтіргені мен тағыма көз тікті, сатқындық жасады деген айыппен туған інісі Қасарды ұзақ жыл зынданға қамап, ол сонда азаппен ажал құшқанын ескерсек, сенемін.

 

- Қазақ арасындағы бір аңызда Жошыны Шыңғыс ханның тапсырмасымен жас тоқалы Құлан қатынның өлтіргені айтылады. Оны білетін шығарсыз? Оған қалай қарайсыз? Құлан қатынның Жошыны өлтіруі мүмкін бе?

 

- Әбден мүмкін. Өйткені ол меркіттің батыр қызы. Ата кегі де бар. Шыңғыс хан меркіт тайпасын ойрандап, Құлан қатынның әкесі мен ағаларын өлтіреді. Соған кектенген Құлан қатынның Шыңғыс ханды азғыруы да мүмкін. Бірақ, мен ол аңыздағы оқиға желісіне мүлде сенбеймін. Шыңғыс хан Құлан қатынға Жошыны өлтір деп тапсырма береді. Меніңше, ол мүмкін емес. Құлан қатын себепкер болуы мүмкін, бірақ өлтіруі мүмкін емес. «Өтіріктің өзіне емес, қисынына – сен» дейді ғой. Қисынға келіңкіремейді. Кейбір кәсіби трихшылардың жазуынша, Шыңғыс хан Жошыны Отшығын деген туған бауырын жібертіп өлтіреді.

 

- Дұрыс-ақ, жоғарыда роман жазбайтыныңызды, көлемді шығармаға құлаш ұрмайтыныңызды айтып өттіңіз. Сонда қалың-қалың романдардың күні өтті деп есептейсіз бе? Себебі ел арасында сондай да бір әңгіменің ұшығы бар екенін білеміз.

 

- Жоқ, мені дұрыс түсініңіз. Романның күні бітті деп ешуақытта айтпаймын. Жақсы жазылса, мың беттік роман болса да жұрт тауып алып, оқиды. «Роман оқып отыруға уақыт жоқ» дегенмен де келісе қоймаймын. Әлемде мықты романшылар да, классикалық көлемді шығармалар да жетерлік. Егер нашар болса, бес беттік әңгімеңді де оқымайды. Бір нәрсе анық: көркем шығарманың құны ешуақытта көлеммен өлшенбейді. Өз басым бір нәрсені мыжи бергенді, езе бергенді ұнатпаймын. Дегенмен, сөзіңіздің астарын түсініп отырмын. Қазақта бір қасаң түсінік бар. Үлкен шығарма жазбасаң, үлкен жазушы атана алмайсың! Меніңше, осындай қасаң түсініктерден арылатын кез келді. Әлем әдебиетінің классиктері Редьярд Киплингты, Ги де Мопассанды, Антон Чеховты, өзіміздің Бейімбет Майлинді, Сайын Мұратбековты, Тәкен Әлімқұловтарды әңгіме-новеллалары үшін жоғары бағалаймын. Классик жазушылар деп есептеймін. Дұрыс түсініңіз, бұл жерде әңгіме шығарманың көлемі емес, құндылығы туралы.

 

- Кейбір білгіштер «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры өтіп кетті» деп жатады. Бұған не дейсіз?

 

- Шынында да кеңес одағы дәуірлеп тұрған кездің өзінде де қазақ қаламгерлері жемісті еңбек етті. Жақсы шығармалар өмірге келді. Оны елдің бәрі біледі, қайталап жатпай-ақ қояйын. Аға буын өз міндеттерін ойдағыдай атқарды. Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Кеңшілік Мырзабек, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Шахан, Иранбек Оразбаев, Фариза Оңғарсынова, Тұрсын Жұртбай, Исрайл Сапарбаев, Марал Ысқақбай, Серік Ақсұңқар, Көпен Әмірбек, Жәркен Бөдеш, Оралхан Бөкей, Жарасқан Әбдіраш, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Мейірхан Ақдәулет, Тұрысбек Сәукетаев, Серік Асылбеков, Есенғали Раушанов сынды ақын-жазушылар әдебиетімізге үлкен олжа салған таланттар мен дарындар. Шетінен сен тұр, мен атайындар. Қапелімде аузыма түскендер ғана, тілімнің ұшында тұрғандары қаншама. Бұл ғасырды «әдебиетіміздің алтын ғасыры» деуге әбден болады. Бірақ, бәрі осымен бітіп қалды деуге болмас. Қазақ халқы аман болса, әлі талай тамаша таланттар өмірге келеді, ғаламат шығармалар туады деп сеніммен айта аламын. «Алтын ғасыр» өз жалғасын міндетті түрде табады. Оған алаңдаудың еш жөні жоқ. Мәселен, біздің алдымыздағы толқын қандай талантты буын. Бауыржан Жақып, Роза Мұқанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Светқали Нұржан, Гүлнар Салықбай, Нұрғали Ораздар да өз миссияларын толығымен ақтап келе жатыр деп айта аламын. Саны аз, бірақ сапалы. Шетінен білімді, дарынды, ойлы қаламгерлер. Әдебиеттің нәзік жібін үзбей, келесі буынға жалғап жіберді. Меніңше, әдебиеттегі бұрылыс осы таланттардан басталған сияқты. Жаңаша жазуға деген талпынысты, жаңалыққа құштарлықты осы буыннан анық байқаймын. Шығармаларында еркіндік, жаңа леп, жаңа тыныс, жаңа дем бар. Ол түсінікті де. Бұл да болса тәуелсіздіктің арқасы ғой деп ойлаймын.

 

- Сіздердің буындарыңыз да ердің жасы – елуге келді. Әлі де соқталы шығармалар тудыра алған жоқ деп сынап жатады. Бұған қалай қарайсыз?

 

- Бұл сынның жаны да бар. Шынымен де біздің буын алаңсыз шығармашылықпен айналыса алмады. Біз әдебиет табалдырығын аттағанда бәрі бүлінді. Жастық шағымыз қиыншылықпен арпалысуға арналды. Кеңес кезіндегідей бір кітабың шықса кем дегенде бір жыл алаңсыз шығармашылықпен айналысуға болатындай қаламақының шет жағасын да көрмедік. Қысқаша қайырып айтсақ, бәрі құрыды. Біздің буын сонда да қолдарынан қаламын тастаған жоқ. Қал-қадерінше еңбек етті. Бірақ, әлі де кеш емес. Біздің буыннан да классик жазушылар шығарына әлі де мүмкіндік бар. Құдай амандығын берсе, елу деген шығармашылықтың нағыз кемелденетін шағы деп ойлаймын. Дидар Амантай, Амангелді Кеңшілікұлы, Дәурен Қуат, Маралтай Райымбекұлы, Жанат Әскербек қызы, Айгүл Кемелбаева, Жарас Сәрсек, Нұржан Қуантай, Бауыржан Бабажан, Сәкен Сыбанбай сынды қаламгерлер әлі де болса, өздерін-өздері дәлелдейді ғой деп ойлаймын. Соған сенемін.

 

- Сіздерден кейін де бір толқын келе жатыр. Сан жағынан көңіл тоғайтады, ал сапа жағынан қалай? Үміт артар, сенімді ақтар жас таланттар бар ма?

 

- Құдайға шүкір, бар. Жастардың бәрін қадағалап оқып жүремін. Әрқайсысының қарым-қабілеттері мен шама-шарқыларын жақсы білемін. Мен өткенде «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатымда жастарды біраз сынап алдым. Бұл жолы аз-кем жақсы жағын сөз етейін деп отырмын. Әрине, ақындар көп. Жақсы ақындар да баршылық. Жақсы ақын болып көрініп, өтірік «түр» жасап жүргендері де бар. Қысқаша айтқанда, жан-жүрегімен жыр тудыратын табиғи тума таланттар да бар, ал жылтыр сөзден ұйқастырып тақпақ құрастыратын ақынсымақтар да бар. Фокус жасап, елдің көзін «жылтырақпен» алдап жүрген сайқымазақтар да бар. Менің бір таң қалатыным, көбінесе сол философ болып өтірік тақпақ құрастыратындар көбірек мақталады. Күрделі жазам деп қиялилыққа салынып, қуып кететіндер де жоқ емес. Еленбей, ескерусіз жүрген жақсы ақындар да бар. «Әй, олар мықты ақындар ғой, неге еленбейді?» деп айғай салғым келеді. Жастардың арасында бөлу, бөліну бар сияқты. Ондай жаман қылықтарды да байқап қаламын. Кезі келгенде мұның бәрі міндетті түрде айтылады ғой деп ойлаймын. Уақыт бәрібір бәрін өз орнына қоятынына сенемін. Ал прозаға келсек, біздің өзіміз көп ештеңе бітіре қоймадық. Ал бізден кейінгілер тіптен сирек жазатын сияқты көрінеді. Мәселе, онда да емес. Әдебиетте көлем, көп жазу ештеңе шешпейді. Отыз роман немесе жүз әңгіме жазып әдебиет тарихында қалмауың мүмкін, ал мықты бір роман, он әңгіме жазып әдебиет тарихыңда мәңгі қалуың мүмкін. Ол шығарманың құндылығына байланысты. Сондықтан үміт үзгім келмейді. Ақындар туралы айттым, енді жас прозашыларға келсем, Аягүл Мантай, Жадыра Шамұратова, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым, Есболат Айдабосын, Қанат Әбілқайыр, Нұрлан Қабдай, Өміржан Әбдіхалық, Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбек, Мақсат Мәлік сынды таланттар бар. Осылардан үлкен үміт күтемін. Қай-қайсысы да өнімді еңбек етсе, өздерін-өздері әлі дәлелдейді ғой деп ойлаймын. Кейбіреулері тіптен жалқаулау сияқты. Дегенмен, бұлардың бір артықшылықтары, бәрі де өздерінше жазады. Бір-біріне ұқсамайды, бірізділіктен ада. Әркімнің өз қолтаңбасы, өз жазу стилі, өз таным-түсініктері, өз ұстын-ұстанымдары, өз айтарлары бар. Ең бастысы, жаңаша жазуға деген талпыныстары байқалады. Әлем әдебиетімен молынан сусындағандары сезіліп тұрады. Кейбіреулерінің кемшіліктеріне қарамастан, жас жазушылардың шығармашылығынан жаңалықтың жылы лебін сеземін. Ең басты нәрсе сол. Соған қуанамын. Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, Бағашар Тұрсынбай секілді дарынды жас сыншылар да өсіп келеді. Сондықтан әдебиет құриды деп алаңдауға ешқандай негіз жоқ.

 

- Сіз бір кездері шетел қаламгерлерінің үздік шығармаларын аударып басатын «Әлем әдебиеті» журналын басқардыңыз. Ұлтымызға аса қажетті басылым еді. Өкінішке орай, жабылып қалды. Сондай бір газет-журнал ма, жоқ әлде интернет басылым ба, ашу ойыңызда жоқ па? Жалпы бүгінгі таңдағы аударма өнерінің жай-күйі туралы не айтасыз?

 

- Бұл менің жанды жерім, осал тұсым. Ойласам болды, жаным күйзеліп, жүрегім ауырады. Қандай жақсы журнал еді. Жалпы қазаққа, өскелең ұрпаққа нағыз қажетті басылым еді. Енді не істейсің?! Біздің шенеуніктерге керегі болмай қалды. Қаржыны қақты. Содан амалсыз жауып кеттік. Қазір аударма өнері туралы айтудың өзі ауыр. «Аударма» баспасы бар еді. Жап-жақсы аударма кітаптар шығарып жатыр еді. Менің ойымша, жақсы жұмыс істеді. Бірақ, оны да жауып тынды. Бүгінгі аударманың жай-күйі осындай болып тұр. Аударма өнері құрдымға құлады десе де болады. Әрине бірлі-жарым аударылып жатқан дүниелер бар. Бірақ олар осынау қасиетті өнердің көз жасындай ғана болып тұр.

 

Аудармасыз даму болмайтынын білмейді, түсіне алмайды біздің биліктегілер. Бұл үлкен өнер ғой! Кезінде үлкен мектеп қалыптасып еді, мықты аудармашылар да болды. Соның бәрі көз алдымызда быт-шыт болды. Осыған налисың, күйінесің! Бірақ, одан не пайда?!

 

- Қазір мемлекеттік сыйлық туралы әңгіме гулеп тұр. Сыйлықтың әділетсіз берілетіні жөнінде әңгіме көп. Қалай ойлайсыз, билікте ауыс-түйіс болды ғой, биыл әділетілікке жол ашылады деп ойлайсыз ба?

 

- Әй, қайдам! Өз басым ештеңеге сенбеймін. Әрине, бір жақсылықтың боларына, әділеттілікпен шешілетініне сенгім-ақ келеді. Бізде сыйлық шығармаға емес, авторға беріледі. Ең жаманы осы. Кім биліктің тілін табады, кім жоғары жаққа адам салады. Сол алады. Масқара емес пе?! Жәркен Бөдеш, Тынымбай Нұрмағамбетов, Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек Дәуітайұлы, Смағұл Елубай, Исрайл Сапарбай сынды қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктері ала алған жоқ. Есесіне кейбір тақпақ жазатын халтурщиктер алып кетті. Масқараның көкесі сол. Осыған таң қаламын. Халықтың көзін бақырайтып қойып, осындай белден басуларға қалай барады екен?! Түсіне алмаймын. Түсінгім де келмейді. Биылдан бастап бір жаңалық болады дегенге шынымен сенгім-ақ келеді.

 

- Жалпы сіз қазақ әдебиетінің гүлдеп, мәуелі жеміс беріп, өсіп-өркендеуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

 

- Жапонияда өзін-өзі дәлелдеген мәдениет және өнер қайраткерлеріне өмірлік стипендия тағайындау дәстүрі бар. Соны бізге де енгізсе деп ойлаймын. Өйткені, біз аз халықпыз. Ешуақытта ой еңбегімен күн көре алмаймыз. Ал таланттарға өмірлік стипендия тағайындалса, алаңсыз шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туар еді. Ал біз күндіз қызмет істейміз, түнде жазу жазамыз. Одан не өнеді? Ал шығармашылық иесі үнемі оқып-ізденбесе, тоқырауға ұшырайды. Мәселен, мықты жазушы болғың келсе, әлем әдебиетін өте жақсы білуің керек. Өткен емес, бүгінгі шетел қаламгерлерін де қадағалап оқып отыру ләзім. Олай болмаса, даму туралы сөз қозғаудың өзі ерсі. Оған уақыт керек! Күндіз қызмет істеп жүрген адамның оған уақыт таба қоюы қиын. Ал өмірлік стипендия тағайындалса, шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік туар еді. Бірақ бұл бізде құр қиял, орындалмас арман ғой! Сондықтан осы күнімізге тәуба деуімізге тура келеді.

 

- Сіздің шығармашылығыңызбен жақсы таныспын. Дін тақырыбына да қалам тартасыз. «О дүниедегі кездесу», «Жан», «Жын» секілді әңгімелеріңізде діни таным-түсініктер мен наным-сенімдер туралы біраз шиырладыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, дінге қалай қарайсыз? Аса діндар емес сияқтысыз.

 

- Дұрыс байқағансыз. Діндар емеспін. Десе де Жаратушы Жаппар иеме сенемін. Өзімді мұсылманмын деп есептеймін. Жыл сайын ораза ұстаймын. Біліп-білмей істеген күнәларым үшін Құдайға жалбарынып, кешірім сұраймын. Десе де арабтық таным-түсініктер мен жөн-жоралғыларды жөн-жосықсыз қабылдауға қарсымын. Ата-бабаларымыз ислам дінін қалай қабылдады, қалай ұстанды, біз де солай ұстансақ жетіп жатыр. Арабтың киімін киіп, жалбыратып сақал қойып, қысқа балақ шалбар мен дамбал киюдің не қажеттілігі бар?! Бізге араб болудың түкке де керегі жоқ, қандай жағдай болмасын, қазақ болып қалуымыз керек!

 

Шынымды айтсам, менің дінім – халқым. Туған халқыма адал қызмет еткім келеді. Халқымның қасиеттерін көзімнің қарашығындай сақтағым келеді. Біз халықтан қорықпаймыз. Тілімізге қарсы шыққандарды да, жерімізді жырымдағысы келгендерді де кешіре саламыз. Өте кешірімшіл халықпыз. Халықтың да киесі мен қасиеті барлығын біле бермейміз, оны жете түсіне алмаймыз. Халықтың қарғысына ұшыраған адам ешуақытта бақытты бола алмайды. Аяғы аспаннан келеді. Өскелең ұрпаққа осыны ұқтырып, түсіндіруіміз керек!

 

- Келер ұрпақтың жан-жақты дамып, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін аса қажетті бір аманат сөз қалдыр десе, қандай өсиет айтар едіңіз?

 

- Мен бұған көп ойланып жатпас едім. Әр елді мекенге, әр қалаға «Әркім өз орнында отырсын!» деген өсиет сөз жаздырып қояр едім. Шынында да солай! Әркім өз орнында отырса ғана елде даму, өсіп-өркендеу болады. Онсыз бәрі бекер. Ал бізде қалай? Маманның білім-білігі, тәжірибесі, қарым-қабілеті мүлде ескерілмейді. Көкесі, яғни тамыр-танысы мықты болса болды, кез-келген жерге қонжия береді. Бір саланың иісі мұрынына бармайтын адамды басшы қылып сайлайды. Ал ол не істей алады? Әрине, кері кеті процесі басталады, бәрін құртып, құлдыратады. Өйткені, оның қолынан басқа ештеңе келмейді. Осыны шетжағалап айтып едім, өзім жаманатты болып қалдым. Сонан кейін айтуды да қойдым.

 

- Сізді не көп мазалайды?

 

- Халқым мен елімнің болашағы көп мазалайды. Көңіл алаң. Бір Алладан Тәуелсіздігімізді баянды ете гөр деп тілеймін! Өйткені, қауіп-қатер әлі де көп. Біз бір-бірімізбен айтысып-тартысып жүріп, осындай өмірлік маңызы бар мәселелерді естен шығарып аламыз.

 

- Қазақтың ең жаман мінезі не деп ойлайсыз? Жалқаулық па, жоқ әлде енжарлық па?

 

- Қазақтың ең жаман мінезі жалқаулық та, енжарлық та емес, рушылдық. Бұл аса қауіпті құбылыс. Қанша жасырып-жапқанымызбен, рушылдар мен жершілдер әлі де көп. Бұл індет жастарды да шарпыған. Ерте бастан ауырғандары да жетерлік. Бұл індет әбден асқынып кеткен. Тіпті онымен қалай күресуге болатынын да білмеймін. Бірақ емдемесе болмайды. Егер осылай кете берсек, бұның арты жақсылыққа апарып соқтырмасы анық.

 

Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

zhasalash.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста