Домбыра – ұлттық мұрамыз
Ұлттық музыка өнеріне, оның ішінде домбыра өнеріне баулуда күйлердің атқаратын рөлі ерекше. Ұлттық күй өнерін үш салаға бөле отырып қараған жөн. Бірінші – халық күйлері, екінші – тарихи күйлер, үшінші – бүгінгі күйші сазгерлер күйлері. Музыка көзбен көріп, қолмен ұстайтын бейне жасай алмайды. Оның басқа көркемөнерден айырмашылығы – адамның ішкі сезімін оятып, көңіл күйін дыбыс әуені, саз, ырғақ арқылы бейнелеп жеткізе білуінде. Сондықтан мектепке келген сәбидің ұлттық музыкалық түйсігіне мұғалім қандай ұлттық өрнек салса, өрнек сәби жүрегінде мәңгі қалады.
Еліміздің тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болуы ұрпақ тәрбиесін жаңаша қарауды, оны жақсарту жолдарын нақты айқындауды талап етеді. Қоғамның жаңаруы ғылым мен білімге тәуелді. Домбыра – қазақ музыкалық мәдениеті тарихында, ел ішінде ең көп тараған, ерте заманнан халқымызбен бірге жасасып келе жатқан, рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Домбыра үйрету бағдарламалары қазіргі уақыт талабына сай жаңартылып, толтырылуда.
Домбыра – халық даналығының туындысы. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері ұлтты айқындайтын негізгі белгілердің бірі – ана тілі мәселесімен қоса, ұлттық өнерге де біраз көңіл бөлінген секілді.
Тәуелсіздік туын тіккен жас мемлекетіміздің болашағына тұтқа болар білімді де білгір, білікті азаматтар даярлау – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі.
Музыка өнерінің мақсаты – өскелең ұрпақты тамыры терең ұлттық өнер қазыналарымен сусындату, дүниежүзілік үздік музыка өнерінің шығармаларына баулу, олардың әлемдік эстетикалық көзқарасын кеңейте отырып, оған деген көзқарасты қалыптастыру.
Өнерге тәрбиелеуде музыкалық шығармаларды тыңдату арқылы балалардың еркін қиялына қанат бітіріп, өзіндік шығармашылық әрекет жасауына ықпал етіп, оның қызығушылық ынта-жігерін арттыруына жағдай тудырып, жетелеп отыру қажет. Дүниежүзіне Тәуелсіздігімізді паш ететін тіліміз бен өнеріміздің, оның ішінде қасиетті домбырамыздың мәртебесін көтеру, тереңірек зерттеу – бүгінгі ұрпақ міндеті.
Осы домбыра аспабын негіз ете отырып, «Арнау» фольклорлық ансамблі құрылды. «Арнау» фольклорлық ансамбль болғандықтан, оқушының талабына, жас ерекшелігіне қарастырылып алынды. Оның ішінде домбырамен қоса, қазақтың көне ұлттық аспаптарын: сазсырнай, жетіген, қылқобыз, дабыл, шаңқобыз, дауылпаз, асатаяқ т.б. аспаптарды қосымша үйрете отырып, оқушының қазақ музыкасына деген қызығушылығын арттыру көзделді. Алғаш рет репертуар таңдағанда әр аспаптың үнін үзінді ретінде тыңдата, көрсете отырып, біртұтас музыкалық шығарма ретінде ойнатылады.
Әр дайындық үстінде шығарманың мағынасын түсіндіре отырып, оқушының талабын байқай, ой-пікірімен санасқан жөн болар. Ұстаздың міндеті – баланың қиялын дамытуға жағдай жасап, шеберлікпен бағыт беріп, басшылық жасау. Ұстаз ұлттық мәдениет үрдістерін өркениетті өмірмен байланыстырып, тәлім-тәрбиеге пайдалана білуге міндетті. Мол адамгершілік тәрбиенің аталмыш қасиеттерін баланың бойына дарыту әдістерінің бірі – ұлттық өнер.
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп Мұхтар Әуезов атап көрсеткендей, рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім ғана – ең мықты білім, рухани ұлттық тәрбие алған ұрпақ қана болашақта Тәуелсіздікті баянды ететін ұрпақ бола алады.