Маргарита ӨМІРБЕКОВА, Алматы технология университеті дизайн кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты, мәдениеттанушы:
– Маргарита Шаяхынқызы, кезінде дизайнерлік халқымыздың қанында болған сияқты. Ұлттық оюларымыз, ұлттық ерекшелігіміз жасалған қол бұйымдардан айшықталып көрініп тұратын. Қазір көбінесе өз кәсіпкерлеріміз де шығарған өнімдерін шетелдік дизайнмен әрлейді. Әлде бізде ұлттық дизайнмен жұмыс істейтін маман тапшы ма?
– Дұрыс айтасыз. Мәселен, тауарлардың сыртқы бейнесіне қарап, қай өнімнің Жапонияда, қандай тауардың Қытай мен Түркияда, Германия мен Ресейде жасалғанын бірден аңғаруға болады. Ал бізде бұл әлі күнге дейін көшірме болып тұр. Өйткені мойындауымыз керек, шын мәнінде, бізде әлі ұлттық дизайн соншалықты дамыған жоқ. Өнеркәсібіміз бен өндірісіміз енді дамып келеді. Өнер мен өндіріс бірігіп жұмыс істемеген соң, дизайнерлер өз жұмыстарын көрсете алмай отыр. Егер біздің кәсіпкерлер өздерінің тауарларын безендіруге ұлттық нақыштағы дизайнға тапсырыс берсе, біздің дизайнерлер талай мықты дүниелерді жасап шығарар еді. Өйткені қазақ елінің өз көне тарихы, мәдениеті, өзіндік дәстүрі мен өнері атадан балаға мирас болып келеді. Ескіні жаңа заманға лайықтып жасап, мемлекеттің, қазақ елінің имиджін қалыптастыруға болады. Тіпті әріден бастасақ, сақтардан бастап, түркілер бар, әр этникалық топтың өзінің көркемдік өнері, мүсіндері, көне артефактілері қалыптасқан. Cақтардың «аң стилін» ежелгі көшпенділердің тұрмыс-тіршілігіндегі тотем ретінде қолданғанын ескерген жөн. Өйткені қазіргі заманғы тауарларға көнеден қалған элементтерді енгізсек, ол біздің тарихымыздан сыр шертіп, кім екендігімізді, қайдан шыққандығымызды баяндап тұрар еді. Жаһандану кезінде кез келген дүниемізге ұлттық бояу, ұлттық реңк беру өте маңызды. Себебі, зәулім сарайларда, отандық өнімдердің қораптарында ұлттық элементтер байқалса, ол кез келген қазаққа рух береді.
«Қазақстанда жасалған» дегеннен кейін, «олардың сыртқы безендірілуінде міндетті түрде ұлттық колорит болуы тиіс» дейтін заң керек. Сонда кәсіпорындар өздерінің өнімдерін ұлттық нақышта әспеттеуге тырысар еді.
– Қазақ жастарының дизайн саласына қызығушылығы қалай? Оларды дизайн өнеріне тарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
–Қазір бізде біреу бір өлең айтса, бірден жұлдыз болып кетеді. Оны телевидениеде, газет-журналдарда жаппай жарнамалап жатамыз. Неге суретші, дизайнерлерге сондай көңіл бөлмеске? Тіпті мемлекет дизайнерлерді ұмытып кеткен секілді. Бізге заңгер, экономист, филолог, информатик мамандары керек те, ал дизайнерлер керек емес тәрізді. Бұл саланың дамымай отыруының өзі осы салада оқитын қазақ жастарының аздығынан болып отыр. Онымен қоса, дизайн саласында оқитын студенттерге мемлекеттік гранттар аз мөлшерде бөлінеді. Студенттер өз қаражатына оқып жатыр. Олар жылына 270 мың теңге төлейді. Міне, осылайша, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, дизайн өнеріне жіті көңіл бөлініп отырған жоқ. Білім министрлігі дизайн саласына мемлекеттік гранттарды көптеп бөлсе екен дейміз.
Өйткені елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламаларға басымдық беріліп, ірі кәсіпорындар ашылып жатыр. Ертең сол кәсіпорынның логотипін жасау үшін, өнім қораптарын ұлттық нақышта әспеттеу үшін дизайнер мамандары ауадай қажет болады. Бұл ретте қазақтың қазақ екендігін көрсететін дизайнерлердің маңызы үлкен болмақ.
– Оқу орнында оқулық мәселесі қалай шешілген? Жалпы, дизайн саласы төңірегінде қазақша оқулықтар бар ма?
– Жоқ. Мен сізге айтайын, жалпы дизайн мамандығына арналған бірде-бір оқулық жоқ. Университет ұстаздарының өзі Білім министрлігінің стандартына сай оқу бағдарламасын өз күштерімен ізденіп шығаруда. Дизайн туралы оқулықтар, тіпті Ресейдің өзінде көп емес. Себебі кеңес кезінде бұған көп көңіл бөлінген жоқ. Бәріміз бір түрлі қаламсап, бір формамен жүрдік.
– ҚР Дизайнерлер одағымен байланыстарыңыз қалай?
–Ондағы мамандар, тіпті одақтың вице-президенті Қ. Мұратаев студенттерге дәріс беріп жүр. Бір өкініштісі, ондағы мамандардың көбі студенттерге теориялық жағынан сабақ бере алмайды. Бұл – мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Егер тиісті министрлік дизайн саласына көңіл бөлсе, дизайн өнері төңірегінде магистратура ашылса, PhD докторларын дайындап шығарсақ, қандай тамаша болар еді. Бізде қазір жылына 15-20 студент қана қолына диплом алып шығады, олар бүкіл Қазақстанға жетпейді ғой.
– Мүмкін шетелден маман шақыртып немесе қазақ балаларын шетелге оқуға жіберуіміз керек шығар?
–Мен жастарды шетелде оқытудан аса қажеттілік көріп тұрғаным жоқ. Шетелдіктерге еліктей беруді қаламаймын. Ал жапондықтардан үлгі алуға болады. Олар соңғы 40 жылда әлем дизайнерлері қызығушылық танытатын орталыққа айналды. Еуропа мен Американың әлемге танымал дизайнерлері, суретшілері Жапонияның дәстүрлі этномәдениеті мен эстетикалық дүниетанымына қызығушылық таныта бастады. Өйткені жапон дизайнерлері өздерінің соңғы жетістіктерінде көне дәстүрлі этномәдениетінің үлгілерін – ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнеріндегі және бейнелеу, кескіндеме өнеріндегі түстердің гармониялық үйлесімділігін ұтымды қолдана білді.
Біз де сақтардың аң стилін, түріктердің көне тарихындағы үлгілерін, өзіміздің мәдени мұраларымызды жаңғыртсақ, көп нәрседен ұтар едік. Оны жүзеге асыру үшін кез келген жас дизайнер қазақтың мәдениетін, тарихын, этнографиясын терең білуі қажет.
Бір сөзбен айтқанда, біз қазір бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға ұмтылып отырған елміз. Қазақстан дүниежүзіне өзінің бет-бейнесін көрсетуі үшін, өзін бүкіл әлемге танытуы үшін оның өнімінің өзіндік бейнесі, ұлттық нақышы болуы тиіс. Сондықтан ұлттық дизайн өнеріне қазірден бастап мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілгені жөн. Ұлттық дизайн ұлттық мәдениетпен ұштасқанда ғана әлемді таңғалдыра аламыз.