Диплом алу – бір арман, жұмысқа тұру – ұлы арман
Бүгінде мамандық бойынша жұмысқа бірден қабылдану екінің бірінің басына бұйырмас бақ секілді.Төрт жылдық еңбегінің жемісін қолына алған сәттен бастап жас маманның алғашқы қадамы шарқ ұрып жұмыс іздеуден басталады. Алайда бүгінде мамандық бойынша жұмысқа бірден қабылдану екінің бірінің басына бұйырмас бақ секілді.
Қазіргі таңда қаржы мамандығын бітіріп – сатушы, заңгер мамандығын тәмәмдап – құрылысшы не болмаса күзетші болып жүрген жастарды білеміз. Бүгінде жұмыс істеу былай тұрсын, жұмыс іздеп барған жас маманға есігін айқара ашып, күліп қарсы алатын мекеме аз. Себебі жұмыс беруші ағайынның талабы асқақтап тұр. Мына заманда қызметке тұру үшін дипломмен қатар кемінде екі жылдық тәжірибенің болуы шарт. Осындай қисынсыз талаптардың кесірінен талай жастың тауы шағылып, үміті үзілген. Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы Қазақстан бойынша 15 пен 28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар көрсеткіші 4,1 пайызды құрайды екен. Осы нәтиже еліміздегі жас мамандарға деген сұраныстың төмендігін көрсете ме?
Бұл сұрақтың жауабын Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина былай түсіндіреді: "Еңбек ресурстарының өңірлік теңгерім тиімділігінің төмендігіне байланысты көбінесе еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша кадрларды даярлап келеміз. Статистика деректеріне сүйенсек, 2018 жылы маман ретінде нарыққа шығатындар 43 мыңға жуықтайды, оның ішінде 27 мыңы жоғары оқу орындарының түлектері. Олардың арасында көбісі басқа өңірлерден келген жастар және 50 пайыздан астамы Алматы қаласында қалуға ниетті. Алайда түлектердің кәсіби таңдауының негізгі бөлігі эконономикалық, қаржылық, заңгерлік мамандықтарға тиесілі. Еңбек нарығында экономикалық, қаржылық, заңгерлік кадрлардың тым көп кездесуіне байланысты қаладағы жоғары оқу орындары түлектерінің 30 пайызға жуығы таяуда тиісті қиындықтарға тап болуы мүмкін".
Сәйкесінше жастарымыз қоғамға қажетсіз саланы емес, заман сұранысындағы мамандықты таңдаса, жұмыссыз қауымның қатары азаяр ма еді? Басқарма сөзінен түйгеніміз – осы. Мемлекет тарапынан жұмыссыздықты жою мақсатында түрлі бағдарлама ұйымдастырылып, қыруар қаражат бөлінсе де, жұмыссыздықтың жыры бітер емес. Бұндай жағдайда ата-анаға масыл болмау үшін 4 жылдық дипломын ысырып тастап, қара жұмыстың жетегінде кеткен жастарымыз да жетерлік. Сонда университет табалдырығын аттағандағы "Осы мамандықтың шыңына жетсем?" деген арманымыз қайда қалмақ? Осы ретте кейінгі күні сан соғып қалмау үшін бәлкім қолжетімді мамандықтарға назар аударғанымыз жөн болар. Мәселен, қазіргі таңда көліктер мен көлік құрастыру, азық-түлік өндірісінің технологиясы, мұнай-газ химиясы, теміржол техникасын жасау және электрмен қамтамасыз ету, педагогикалық мамандықтар, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мамандары сұранысқа ие. Заман көшінен қалып қоймау үшін сұранысқа ие мамандықты тізгіндегеніміз жөн болар...