Депрессияға қарсы ұлттық бағдарлама керек
Қазір әлемде жүрек қан-тамырлары аурулары бірінші орында тұр. Ал мамандар «2020 жылы адамдардың депрессия дертіне шалдығу көрсеткіші дүниежүзі бойынша бірінші орынға шығады» деп даурығып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта Жер планетасының әрбір бесінші тұрғыны психикасының бұзылуынан зардап шегеді.
Депрессия қазақтың сөзі емес. Десек те, қазір қазаққа тән ауру болып тұрған сыңайы бар. Біздің түсінігімізде ол – жанның күйзелуі, қайғыға салыну, әлденеге қамығу… Қазақстан «депрессияға ұшыраған» елдер арасында алдыңғы қатарда тұр деседі. Ал осы жан күйзелісінің ең соңғы «нүктесі» – адамдардың өз-өзіне қол салып өлуі деңгейі бойынша, соның ішінде жасөспірімдердің арасындағы суицидтің көптігінен, өкінішке қарай, көштің басында келе жатырмыз. Бұлай кете берсек, қайда барып тоқтарымыз белгісіз.
Әлқисса…
Жұмыр басты пенде болған соң, кеудең өртеніп, көкірегің шерге толатын, санамен сарғайып, жаның жаншылатын кездерің болады. Мұртын тартқылап өсіріп жүрген жас баладан тарлан тартқан кәріге дейін қазір әлденеге өкпелі, іші құсаға толып, өзімен-өзі шөгіп жүреді де қояды. Олардың дені – бұйығып, өз сырын өзімен ғана бөлісетіндер, ішіндегі жарасын жалғыз өзі жалап, жазуды қалайтындар.
«Қазір әлемде адамдардың 10 пайызы психикалық аурулармен ауырады, оның саны он жылдан кейін 15 пайызға жетеді» дейді мамандар. Қазақстанда тұрғындардың 10,8 пайызы жан күйзелісіне ұшыраған. 16 млн халқы бар Қазақстан үшін бұл аз емес.
Психологтер депрессияның бетін қайтарудың екі жолы бар дейді, олар — психотерапия және дәрі-дәрмек арқылы емдеу тәсілдері. Алайда депрессия дертіне күйгендердің жартысынан астамы еміне дәру іздемейді екен. Елімізде психологтер институты белсенді дамып келе жатса да, жағдай – осы. Психологке барып шерін тарқатқысы келетіндердің қарасы аз. Тіпті кейде бас дәрігерлердің өздері «екі қолын алдына салып бос отырған психологтерге жұмыс тауып бере алмай, қиналатын жағдайлар да болады» деседі. Себебі…
Рауза КУБАЕВА, Ақтөбе облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері, психиатр:
— Жаны ауырса, жан баласына жоламай, өз-өзімен оңаша қалуды әдетке айналдыратындар көп. Себебі жанының ауруын адамдар көп ретте медициналық мәселе ретінде қарамайды. «Бір-екі күннен кейін өтіп кетер» дейді де жүре береді. Бір-екі күн емес, бір-екі аптадан кейін өтпесе, бұл – физиологиялық себебі бар ауру деген сөз. Әрине, адамды осындай күйге түсірген жағдайлар дұрысталып, тірлік өз арнасына түссе де, науқастың депрессиядан өздігінен шығуы екіталай. Оған медициналық көмек қажет. Өкінішке қарай, адамдар өздігінен психиатрдың есігін қаға бермейді. Не сенбейді, не ұялады. Жан күйзелісін басқамен бөлісуге көбінің дәті бара бермейді. Біздің менталитетіміз де сондай — «бас жарылса, бөрік ішінде», үйдегі жағдайды, басымыздағы жағдайды сыртқа шығара бермейміз. Екіншіден, ешбір адам медициналық картасына психиатрға барғаны жөнінде жазба түсіргісі келмейді, ол туралы жұмыс берушінің білмегенін қалайды. Сол себепті де көбі «жолым болмады», «жолымды ашып береді» деген сеніммен бақсы-балгерлерге баруды жөн санайды.
Соңғы 20 жылда әлемде неврозға шалдыққандар саны 40 есе өсіп кеткен. Шизофренияның өзі 50 миллион адамды «қақпанға» түсірген деседі. Басқа елдер бұл жағдайды медициналық, әлеуметтік, тіпті ұлттық деңгейдегі мәселе етіп көтеріп, қомақты қаржы бөліп, шешуге кірісіп кетті. Біздің елімізде ара-тұра ғылыми конференциялар, дәрігерлердің басқосуы өткізіліп тұрады, бірақ басқа қам жоқтың қасы. Елімізде психикалық ауытқушылықтары бар 300 мыңға жуық адам тіркелген. Олардың төрттен бірі 29 жасқа дейінгілер болса, жартысына жуығы 40 жасқа дейінгілер.
Бұл кісілерге заң бойынша ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Мамандар бұрынғы уақытта еліміздегі заңдылықтар бойынша психикалық ауруы бар адамдарға арнайы жатақханалар берілгендігін айтады. 2000 жылдары бұл заңдылық мүлде күшін жойған.
Біздің елімізде халықтың психикалық денсаулығына қатысты ешқандай мониторинг жүргізілмейді. Ал есепке психикалық аурудың ауыр түрімен ауыратындар ғана тұрады. Мұндай адамдарға дәрігерлік-әлеуметтік көмек қана көрсетіледі, ары кетсе, жүйке жүйесі ауруханаларында жатып емделеді. Аралық ем мүлде жоқ дегенді айтады сарапшылар.
Психикалық аурудың ең көп тараған түрі — депрессияға ел тұрғындарының 30 пайызы шалдыққан. Депрессияның себебі көп, салдары одан асып түседі. Салдарының ең қорқыныштысы — адамның өзіне-өзі қол салуы.
Мамандардың айтуынша, 2020 жылы суицидке баратын адамдар саны бір жарым есеге өседі деп жоспарланса, ал жыл сайын өзіне-өзі қол салып өлетін миллион адамның 12 мыңын – Қазақстанның тұрғындары құрамақ. Ол межеге біз қазірдің өзінде жақындап қалғандаймыз. Қазіргі көрсеткіш – 8 мың.
Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР еңбегі сіңген дәрігер:
– Қазір Қазақстан суицидтің көптігі жөнінен әлем бойынша үшінші орында тұр. Ал балалар арасындағы өз-өзіне қол салу деректерінің көптігі жөнінен ТМД елдері арасында бірінші орында тұрмыз. Былтыр Ақтөбе облысында жеті бала өз-өзіне қол салып, дүниеден озды. Бұл – нағыз дабыл қағатын мәселе. Қоғамда суицидке тек ақыл-есі дұрыс емес адамдар барады деген пікір қалыптаспауы керек. Себебі статистика бойынша өз-өзіне қол салып, дүниеден озатындардың 15-20 пайызы ғана психикалық аурулар болып есептеледі. Қалғаны – дені сап-сау адамдар. Яғни суицидке баратындардың дені депрессия дертінен дер кезінде шыға алмағандар.
Мамандар балалар арасында бұл дерттің көбеюін ұлттық мәселе деңгейіне дейін көтеріп, ұлттық қауіпсіздік саясатының маңызды бір бағыты ретінде қарастыру қажеттігін айтады. Мәжілістің пленарлық отырыстарының бірінде Парламент депутаты Дариға Назарбаева осы жөніндегі мәселені төтесінен қойған болатын. «Соңғы он жылда елімізде жастар арасында өзін-өзі өлтіру үш есе өскен. Жыл сайын 15-19 жастағы әрбір үшінші жасөспірім өзіне-өзі қол салуға әрекет етеді екен. Осы топтағы суицидтің көптігінен Қазақстан ТМД елдері арасында көш бастап тұр», — деген-ді. Оның келтірген деректеріне қарағанда, біздің еліміз Литва мен Солтүстік Кореяның өкшесін басып келеді.
Бала мәселесімен бір емес, бірнеше министрлік айналысады. Білім және ғылым министрлігімен бірге Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі... Мектепте осылардың барлығының өкілдері бар — мұғалімдермен иық тіресе әлеуметтік мұғалімдер, мектеп психологы, инспекторлар балалардың қасында жүреді. Барлық облыста балалардың құқығын қорғау департаменттері жұмыс істейді. Соның өзінде жасөспірімдер арасындағы деструктивті көңіл күйді болдырмау жөніндегі бірыңғай ұлттық бағдарлама жоқ. Әрқайсысы өз бетімен әрекет етеді. Осы ведомстволар бірігіп, кешенді бағдарлама әзірлемейінше, үлкендер депрессияға түсіп, жөнімен кеткенде балаларымыз шетінен өз-өзіне қол салып, өле бермесіне кім кепіл?..