Иә, бәрі тазалықтан басталады. Денсаулық, тазалық, жанға жайлы атмосфера Жапониядағы сантехника өнімдерін шығаратын компаниялар осыны әрдайым есте ұстады. Олар тіпті бір отырғанда қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тексеріп беретін дәретхананы да жасап шығарды. Жапониядағы мекемелер ғана емес, тұрғын үйлердің көпшілігінде пайдаланатын бұндай дәретхананы EXPO-2005 көрмесіне барған еуропалықтар алғаш көрмеде көріп қатты таңданған. Кейбір Ресей журналистері унитаз жапон тілінде тіл қатқанда не дерін білмей сасып қалғанын да ақпарат құралдарында жазды.
Жапон мамандары адам денсаулығы үшін өте маңызды зат, яғни денсаулыққа қызмет ететін заманауи унитаз жасап шығарып, дүниежүзін таңқалдырып отыр. Жапондардың өздері таңданбайтын, қарапайым нәрсе деп қабылдайтын жаңа унитазды да интеллектуалды деп атасақ болғандай. Иә, қарапайым нәрсені таңғажайып етіп жасауға жапондар машықтанған. Көбінесе қонақүйлерден көрінетін бұл унитаздың қақпағы адам оған жақындаған сәтте өздігінен ашылады. Үстіне отырғанда адам өзінің дене температурасындай жылылықты сезінеді. Дәретханалардағы саф ауа, қоңырсалқын атмосфера нағыз тынығуға арналғандай. Кісі отырған сәтте флеш жадыға енгізілген МР3 форматындағы көп әуеннің бірі ойнай бастады. Адам денсаулығын басты орынға қоятын жапон мамандары екі аяқты пенденің дәретханаға кіріп, қажетін өтеу процесінің өзін оның денсаулығына өте пайдалы болатындай етіп ойластырған. Toto, Inax, Matsushita Electric (Panasonic) сияқты компаниялардың сантехникалық өнімдері осыны аңғартады. Лас қалдық толық шығу үшін адамның жаны жайланып, рахат сезімге бөленуі керек екен. Дәретхананың әсем әуен шығаратын жады сол үшін орнатылыпты. Қалдық шығып біткен соң төменнен телескопиялық зат шығып, жылы сумен жуып, тазалап береді екен. Яғни, бұндай дәретханада дәретхана қағазы деген атымен болмайды. Дәрет алып та әуре болмайсыз, арнайы аппарат қажет жеріңізді жуып-шайып береді. Содан соң унитаздан шыққан фен жел соқтырып, жуылған жерді лезде құрғатады. Тіпті отырған кісі унитазға судың қалай дыбыссыз құйылып, бәрін жуып, тазалап тастағанын байқамай қалады екен. Кісі орнынан тұрғанда мұнтаздай боп қалған унитаз таза жапон тілінде адамнан тағы қандай қажеттілігі бары жөнінде бірнеше сауал қоятын қабілетке ие. Сол унитазды жасап шығарған Inax компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Масаширо Игучи: «Жапон үйінде адам жападан жалғыз отырып, жаны рахатқа бөленетін жалыз орын — дәретхана» деген сөзі рас болса керек. EXPO-2005 көрмесіне қатысқан Matsushita Electric (Panasonic) компаниясының дәретханасында ауа температурасы жарты минутта 7 градусқа өзгереді. Жапон унитазының тағы бір кереметі — құймышаққа дейін жылы сумен жуған соң массаж жасап береді.
EXPO-2005 кезінде жұрт өнімдеріне куә болған Toto унитазы тұтас медициналық лаборатория деуге болады. WellyouІІ деп аталатын бұл қондырғыны үйіне орнатқан адам емханаға барып әуре болмайды. Дәретханадағы механикалық манипулятор шағын қалақшамен зәрдің анализін алады және зәрдің қант деңгейін автоматты түрде өлшейді. EXPO-2005 көрмесінде Жапонияда жасалған медициналық супер дәретхана таныстырылды. Бұндай унитазды жасаудағы мақсат жапон қоғамында қариялардың саны артып барады, олар ұдайы медициналық қадағалауды қажет етеді. Унитаздың қақпағы адамның салмағын әр граммына дейін дәл өлшейтін көрінеді. Қан қысымы мен жүрек соғысын тексеретін қондырғы да осы унитаздың қақпағында. Ал унитаздың ішіндегі минилаборатория қант пен альбуминнің зәрдегі мөлшері мен қанды тексереді. Зәрдің ағысына қарап жүрек жұмысына анықтама беруге болады екен. Унитаздағы үш өлшемді детектор зәрді тексеріп, баллистикалық кардиограмма құрады. Супер унитаз адамның жүрек жұмысы жайында қорытынды есепті интернет арқылы автоматты түрде арнайы медициналық орталыққа жібереді.