Дәріні адамға емес, тышқанға салып сынамаушы ма еді?
Қай кезде де жаңа дәрі ойлап тапқандар алдымен оны тәжірибелік зертханаларда тышқандарға сынап көріп, тиімділігі анықталған жағдайда ғана адам игілігіне ұсынған. Солай болуы тиіс те. Алайда біздің елдің дәрі жасаушылары ойлап тапқан дәрісін алдымен адамдарға сынаған. Тәжірибелік зертханада емес, ауруханада емделіп жатқан науқастарға, оларға айтпай сынақтан өткізіпті. Мұндай сұмдықтың бетін прокуратура мамандары ашып отыр.
Адамдарды сынақ нысанына айналдыруды бір кездері фашистер жасаған. Олар концлагерьдегі тұтқындарды олардың еркінен тыс зертханаларда тәжірибелік тышқан орнына пайдаланған болатын. Кейін мұндай тәжірибені Кеңес өкіметі Семей ядролық сынақ алаңында жүргізді. Онда адамдардың тәжірибелік тышқан рөлін атқаруы ерікті-мәжбүрлі түрде жүзеге асты. Сынақ кезінде жақын маңдағы ауыл адамдарын жаппай көшіріп, партиялық тапсырма бойынша әр ауылда екі-үш коммунисті қалдырды. Сынақтан соң олардың организміне ядролық жарылыстың қандай әсері болғанын ұдайы бақылап отырды. Міне, енді адамға сынақ жасау Тәуелсіз Қазақстанда да орын алды.
Нақтылап айтар болсақ, ағымдағы жылдың басында алматылық «ПФК Элеас» ЖШС фармацевтикалық компаниясы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өздері жасап шығарған «Дорипенем» атты дәріні тіркеуден өткізбек болған. Жасап шығарушылардың мәліметіне қарағанда, дорипенем – инекциялық ұнтақ түріндегі антибиотик. Құрамы химиялық қоспалардан тұратын дженерик, яғни химиялық жасанды дәрі. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл дженерик – бір кездері Бельгияда жасалып шығарылып, қазіргі кезде патенттік құқық мерзімі аяқталған дорипрекс антибиотигінің химиялық көшірмесі. Мәселе дорипенем антибиотигінің көшірме екенінде емес. Қазіргі таңда әлемнің көптеген еліндегі фармацевтикалық компаниялар химиялық жолмен алынатын дженериктер жасап шығаруда. Мәселе дорипенем антибиотигінің алдымен зертханада кеміргіштерге сыналмай, ауруханада науқас адамдарға сыналғанында болып отыр. Адамдарға сынақ жасау фармацевтер мен дәрігерлердің келісімі негізінде жүзеге асқан.
Ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің қомақты тендерін ұтып алып жүрген «ПФК Элеас» ЖШС фармацевтикалық компаниясы Алматы қаласындағы Кардиология және іш құрылысы аурулары ғылыми-зерттеу институтымен жаңа антибиотикті науқастарға ем ретінде қолдану туралы келісім жасайды. Бір таңғаларлығы, ғылыми-зерттеу институты басшылығы науқастарға қолданылмақ болып отырған жаңа антибиотиктің қандай жолмен алынғанын, зертханада сынақтан өткені жайлы құжаттарын талап етпестен келісімге қол қойған. Ғылыми-зерттеу институтында науқастар емделмейтін болғандықтан, жаңа дәріні науқастарға сынақтан өткізу үшін институт басшылығы субмердігер ретінде Алматы қаласындағы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасын таңдап, келісімшарт жасасады. Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында дорипенем антибиотигі тәжірибе ретінде науқастарға егіледі.
Бір қызығы, наурыз айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті мамандары «ПФК Элеас» ЖШС фармацевтикалық компаниясында жаңа антибиотиктің жасалып шығарылуы бойынша тексеру жүргізуге барған. Алайда фармацевтикалық компания басшылығы жаңа антибиотиктің әлі жасап шығарылмағандығын алға тартқандықтан тексеру тоқтатылған. Алайда арадан бір ай өтер-өтпестен жаңа антибиотик жасап шығарылып, науқастарға егіле бастаған.
Прокуратура мамандары Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында сәуір-мамыр айларында ем алған 32 науқастың стационарлық картасынан дорипенем антибиотигі егілгені жайлы жазбаларды анықтап отыр. Ал «ПФК Элеас» ЖШС фармацевтикалық компаниясы прокуратура мамандарына жаңа жасап шығарылған дорипенем антибиотигінің зертханада тәжірибелік сынақтан өткені жайлы бірде-бір құжат ұсына алмай отыр. Прокуратура және фармацевтика саласының мамандары мен тәуелсіз сарапшылар фармацевтикалық компанияның клиникалық есебін тексеріп, дорипенем антибиотигінің құрамы, оның қолданылуы жайлы нақты ешқандай мағлұматтар таппаған.
Абылай ОҢДАСЫН, прокурор:
– Клиникалық зерттеу есебінде антибиотикті қандай жағдайда, қанша мөлшерде пайдалану туралы нұсқама болуы тиіс. Дәрігер сол нұсқама бойынша антибиотикті науқасқа тағайындауы керек. Алайда оның бірі де жоқ. Бірде-бір дәрігер не сарапшы бұл клиникалық есептің мазмұнын түсіне алмады.
Демек, бұл – «науқастарға қандай екпе егілгені де белгісіз» деген сөз. Қазіргі таңда прокуратура мамандарына шығу тегі анықталмаған дорипенем антибиотигін науқас адамдарға сынақ жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сынақ нысанына айналған адамдардың жағдайы қазірге бірқалыпты деседі. Алайда бұл химиялық дженерик, яғни жасанды дәрінің адам организміне қандай әсері болары тек Аллаға ғана аян. Оның нәтижесін уақыт көрсетер. Тек жаңа екпенің пайдасы болмаса да, адам өміріне қаупі болмасын деп тілейміз.