Дәлелді медицина: әр науқасқа нақты ем
Қарағандыда әлемнің әр түкпіріндегі медицина ғылымының пұшпағын илеген ғалымдар бас қосып, бәтуаласты. Бұл кеңес екі күнге созылды. «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәлелді медицинаның өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-практикалық конференция деген атаумен айдарланған мәслихат бүгінгі медицинадағы түйінді мәселелердің шешімін табуға талпынды.
Хорватия, Швеция, Грузия және тағы да басқа елдерден келген ғалымдардың бұл мәслихатының мақсаты – медициналық білім беру және денсаулық сақтауға дәлелді медицинаны енгізуде тәжірибе алмасу, денсаулық сақтау ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді оңтайландыру бойынша ұсыныстарға объективті баға беру және әзірлеу. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының фармацевтика нарығын жетілдіру, денсаулық сақтауда фармаколог дәрігердің маңызы мен орнын анықтау болса керек.
Бұдан бұрын дәрігерлер науқастарға ем жасар алдында қандай дәрі-дәрмекпен емдеу тиімді екенін анықтау үшін біршама уақыт жұмсайтын. Ал бұл мәслихатта ғалымдар әр ауру түріне нақты дәріні бекіту мәселесін күн тәртібіне шығарды. Халықаралық бас қосу 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізілді.
Здравко ЛАКОВИЧ, PhD бағдарламасының директоры (Хорватия):
– Әлем әлі күнге дейін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерден беймәлім деп ойлаймын. Бұл бағдарлама арқылы ендігі жерде баспасөз бетінде аталған бағытта мақалалар жарық көретіні даусыз.
Отандық медицинаға дәлелді медицинаны енгізу арқылы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, сонымен бірге еліміздің фармацевтика нарығын жетілдіруге болатынын айтуда мамандар.
Нағима ИСАТАЕВА, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы директорының орынбасары:
– Мысалы, өкпенің қабынуымен келген науқасқа біз нақты бір дәріні емес, құрамы соған ұқсас дәрілерді де ұсынамыз. Ендігі уақытта дәлелді медицинаға сәйкес, әр ауру түрін емдейтін нақты дәрі анықталынатын болады.
Бұйырса, мамандар дәлелді медицинаға арналған бағдарламаны әзірлеп, ұсынуды құп көріп отыр.