25 мамыр күні Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы № 56 гимназияда соңғы қоңырау салтанаты өтті. Мектеп түлектерін түлетіп, шәкірттерімен қимай қоштасқан алтын ұяның ұстаздары мен оқушылары биылғы мектеп бітірушілер ерекше дарынды, аса білімді, ұйымшыл екендіктерін айтады.
Бұл күн мектеп оқушылары үшін ең маңызды, ең шуақты күндердің бірі екені анық. Әсіресе 11-сыныпты бітіріп, үлкен өмірге аяқ басқалы отырған мектеп түлектері үшін ең толғандыратын сәт. Гимназия ұжымы бұл жылы ерекше концерттік бағдарламалар дайындап, қалалық білім басқармасы мен аудандық әкімдік өкілдерін құрметті қонақ етіп шақырып, өз жетістіктерімен бөлісті. 82 түлекті түлетіп отырған бұл гимназияның енді аяқталған оқу жылында жеткен жетістіктері де шексіз екен. Алты бірдей «Алтын белгіден» үміткері мен үш үздік түлегі бар оқу ордасының білім және ғылым министрінің, Алматы қаласы әкімінің қолынан алған марапат қағаздарының санында шек жоқ. Оқушылардың аудандық, қалалық және халықаралық жарыстардан алған жүлделері де жетерлік. Салтанатты жиынды өз өнерлерімен гүлдендірген төменгі сынып оқушылары ұстаздарына құшақ-құшақ гүл шоқтарын, мектеп бітірген аға-әпкелеріне жыр жолдарын сыйлады. Мектеп басшысы өз кезегінде ақ батасын беріп, ҰБТ-да жоғары балл жинауға тілектестігін білдірді.
Гүлзада Шәкірова, Қ.И.Сәтбаев атындағы №56 гимназияның директоры:
– 25 мамыр – тек соңғы қоңырау соғылатын оқу жылының соңғы күні емес, атаулы мереке. Әрбір ұстаз, әрбір ата-ана дәл осы күн балалардың өміріне жол ашар, жарқын болашаққа жөн сілтер қақпа іспетті ашылуына тілектес болуы тиіс. Әсіресе мектеп бітіруші түлектерге деген үмітіміз мол. Себебі бүгінгі мектептің түлегі – ертеңгі қоғамның жүрегі, білімді, зиялы қоғамның қазығы.
Гимназияда өткен соңғы қоңырау салтанатының өзгелерден ерекшелігі де түлектерге деген ерекше құрметінде болды. Әртүрлі ұлттың киімін киіп, қазақтың биін билеген бүлдіршін қыздардың арасынан гимнастикалық күрделі трюктерді паш еткендері де табылып жатты. Бірі өлең жолдарын оқып, бірі ән айтқан мектеп оқушылары салтанатты шараны тамашалауға барған ата-аналар мен қонақтарды дарынымен тәнті етті.
Әділжан Мұшрапилов, Медеу аудандық әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы:
– Халқымыз «елдің болашағы жастардың қолында» деп бекерге айтпайды. Біз расымен-ақ өскелең ұрпақтың сана-сезіміне, біліміне және заманауи талаптарға сай жан-жақты біліктілігіне қарап, елдің болашағы үшін аса бір алаңдаушылық таныта бермейміз. Себебі қазіргі заманның жастары мектеп қабырғасынан-ақ өмірге деген өз көзқарасы, пайымы, айтары бар тұлға ретінде қалыптасып шығады және бұл бізді қатты қуантады. Сол үшін де мектеп түлектері өздері оқыған мектептерін әрдайым ұмытпай, ұстаздарының еңбегін ақтап, елімізге жемісін жегізсе дейміз. Қазақстанның ертеңі, ұлттың болашағы кешегі оқушы, бүгінгі түлек, ертеңгі зиялы тұлғаның қолында.
Мектеп ұжымын атаулы күнмен құттықтау үшін келген қадірлі қонақтар тек тілектерін айтып, құттықтап қана қоймай, ақ баталарын да берді. Ал мектеп бітірушілер өз кезегінде 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздары мен мектеп басшыларына алғыстарын айтып, көздеріне жас ала қоштасты. Әсіресе гимназия директоры Гүлзада Дүйсебайқызына арнап өздері жазған өлең шумақтарын оқыған сәтте жүздеген оқушы бір адамдай тыңдап, ерекше әсерге бөленді. Алматы қалалық білім басқармасынан барған мамандар да №56 гимназияның түлектеріне зор үмітпен қарайтындықтарын жасырмады. Қала бойынша ең жоғарғы көрсеткіші бар оқу ордаларының бірі де бірегейі болуға ұмтылған ұжым биыл да тек «100» балдан төмен алмаймыз деп отыр.
Қарлығаш Әбдіманапова, Алматы қалалық білім басқармасының бас маманы:
– Алты бірдей «Алтын белгіден» үміткері бар, кілең бестікпен оқитын білімді де ұшқыр ойлы түлектерін түлетіп отырған № 56 гимназияға артар үмітіміз, расында да, өте зор. Жастардың ҰБТ-да жоғары балл алуы тек оқушының немесе ата-ана мен мектеп ұжымының мәртебесі емес, бұл – Білім басқармасының, әкімдіктің, қаланың, бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан кез келген түлектің 125 балдан төмен алмауына тілектеспіз.