Брест қаһарманы – Ғаббас Жұматов

Ғаббас Жұматов майдандастарымен бірге

Біздің тұрақты авторымыз Тілеу Сәдуақасұлы Көлбаев 1942 жылы Ақмола облысының Макин қаласында туған. Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген. Ширек ғасырдан астам жылдары «Қазақстан – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы» деген ғылыми тақырыппен айналысып келеді. Оның қаламынан «Жеңіс жолында», «Алматы – Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Депортация», «Әбдірахман Әйтиев – ерлік пен қасіретке толы өмір», «Левон Мирзоян. Өмірбаяндық очерк» деген кітаптар жарық көрген. Ұлы Отан соғысының әртүрлі проблемаларын зерттеу барысында Мәскеу, Екатеринбург, Ташкент, Душанбе, Ашхабад, Бішкек мемлекеттік мұрағаттарындағы тың деректерді молынан жинаған ол мыңнан астам мақалалар мен очерктерін баспасөз бетінде жариялаған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академия­сының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор.


Немістермен болған бірінші шайқасқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер. Солдан оңға қарай отырғандар: Тұрар Сатыбалдин (қаза тапқан),
Ғаббас Жұматов.
Солдан оңға қарай тұрғандар: Қыдияр Жоншаров
(қаза тапқан),
Орынбай Әдібаев
(қаза тапқан).

Кеңес халқын герман фашизміне қар­сы күресте Жеңіске жеткізген жол – соғыс­тың алғашқы күндерінен, Брест қамалынан басталды. Батыс Еуропа елдеріндегі жеңіл-желпі жеңістеріне мастанған гитлершілер еліміздің шекара шептеріне жеткен кезде-ақ, аяқ алысынан жаңылып, батыл қарсы­лық­тарға тап болды. Брест қамалының шағын гарнизоны гитлершілердің тегеу­рі­ніне төтеп беріп, ең таңдаулы деген «Ұлы рейх» армиясының 45-жаяу әскерлер ди­визиясымен табандатқан бір ай бойы шай­қасты.
Брест қорғанысына үш мыңнан аса қа­зақстандықтар қатысқан. Солардан қазір біздің арамызда жүрген – алматылық Ғаб­бас Жұматов.
Қазір Брест қамалының музейінде көр­сетілетін фашистердің кинохроникасы кадрлары қамалды қорғаушылардың қан­дай қиын кездерді бастан кешулеріне тура келгенін айдан айқын сипаттап бере­ді. Ол кадрлардан ұлтарақтай жерге бом­балардың қалай жауғанын, бөшке-бөшке жанармайдың қалай тасталғанын көресің. Лапылдаған от ішіндегілердің бәрі өртеніп кеткендей әсер қалдырады. Бір кезде құ­лақ­қа ұрған танадай тыныштық орнайды, бой тасалап келіп, қамалдың шағын терезелерін оқпен емес-ау, отпен атқылай бастаған фашистерді көресіз. Алайда қамалды қорғаушылар қайта көтеріледі, автоматтар мен пулеметтерден оқты қар­дай боратқан кеңес жауынгерлері жау ша­буылының бетін осылай қайтарып тастап отырады.
Неміс фашистері 4-армиясының бұ­рынғы штаб бастығы Блюмен-таритт бы­лай деп жазды. «1941 жылдың маусым айындағы бастапқы шайқастар бізге Қы­зыл Армияның кім екенін танытты. Біз әске­ри күштеріміздің тең жарымынан айырылдық». Ол Брест қамалы үшін болған шайқастар жайлы тоқтала келіп: «бомбалармен төпеп, ірі калибрлі зең­бі­ректермен үсті-үстіне атқылап жатқаны­мыз­ға қарамастан, кеңес солдаттары ақ­тық демі біткенше шайқасты».
Брест қорғанысы – Ұлы Отан соғысы та­рихының аса қымбат беттерінің бірі. Брест қорғанысы – аңызға айналған, теңдесі жоқ ерлік пен асқан батылдықтың үлгісі. Күші әлдеқайда басым жау қаһар­ман қамалды жеңіл жеңіп ала алмады. Фа­шистерге қамалдағы шағын ғана гар­низонға қарсы ұрыс жүргізу басқа бір елдердегі тұтас армияға қарсы шыққандай сезілді.
Бір ғана Брест қамалы фашистерге Франция үшін жүргізілген бүкіл соғыстың ауыртпалығындай тиді.
Ұлы Отан соғысының алдында Бресте 125-атқыштар полкі тұрғаны мәлім. Бұл полкте жүзден астам қазақстандықтар әске­ри қызмет атқарған. Солардың бірі, соғыстан кейін әл-Фараби атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінің профес­соры болған. 1995 жылы дүние салған В.И.Фурсов басқарған батареяда Алматы облысының өзінен ғана 15 адам болатын. Қаһарман қамалдағы шайқастан нарын­қолдық Көпесбай Иманқұлов елге аман-есен оралып, қамал туралы жыр шертіл­генде көптеген жерлес жауынгерлердің, атап айтқанда, сержанттар Ерегешев пен Сарыбаевтың, қатардағы жауынгерлер Сарпековтың, Айтпаевтың, Болдыревтің, Кравченконың, Жигаревтің, Жанпейісов­тің, Технерядневтің, кіші офицерлер Ш.Шол­тыровтың, У.Гаджиевтің, С.Арис­кин­нің, дәрігер-хирург Мыржақып Нығ­матул­линнің, полк писарі Айтбаевтың және басқалардың есімін атаған-ды.
Александр Сопиков, Мақсат Ниязов, Қажымұрат Сыздықов, Мұртаза Қаралиев, Ғаббас Жұматов, Сергей Лебедев, Валерий Вишняков, Асхат Набиуллин, Дастан Кө­шек­баев, Сайлау Сағындықов, Ержан Төлеп­баев, Владимир Фурсов, Нұрым Сыдықов және басқалары – Брест қаласын қорғауда ержүректілікпен ұрыс жүргізіп, содан кейін майдан жолдары 1418 күнге созылған қанды шайқастарға қатысып елге оралған-ды.
Біздің жауынгерлеріміз еңсесі түспей, ерлікпен күресті. Күші басым жаудың ал­дында тізе бүкпеді. Олар ақырғы демі біт­кенше шайқасты. «Өлемін, бірақ беріл­меймін. Хош бол, Отан!» деп, біздің жа­­­уынгерлер тасқа қашап жазды. Әрине, бұл бір адамның қолы ғана емес. Қамалды қор­ғаушы бүкіл жауынгерлердің ой-еркі. Оған тағы бір мысал келтірейік. Қамалды қор­ғауға қатысқан сержант Көпесбай Иман­­құлов 1963 жылы желтоқсанда Брест­ке барып, өзінің көміп кеткен доку­менттерін іздестіріп жүргенде, штыктың ұшымен «Өліп барамын. Ахметов» деген жазуы бар кірпішті тауып алды.
Сол қастерлі кірпіш қазір де Қазақ­станның Мемлекеттік орталық мұража­йында сақтаулы тұр.
Бресте қазір лейтенант Нагановтың есімімен аталатын көше мен жасыл бақ бар. 1962 жылы мұнда Нагановқа ескерт­кіш орнатылған. Бұл семейлік Алексей Наганов еді. 1949 жылы қамалдың қира­ған орнын аршыған кезде тастың астынан лейтенант Алексей Нагановтың сүйегі табылды. Әлі шіріп бітпеген гимнастер­ка­ның қалтасында комсомол билеті сақ­талыпты. Оның кім екені осы билеттен анықталған. Нагановтың сүйегімен қатар оның тапаншасы табылған. Оқшантайда – үш оқ, төртіншісі – стволда, ал тапанша­ның шаппасы қайырылған күйінде қалып­ты. Бұл – ержүрек офицердің жаумен шайқас үстінде жан қиғанын дәлелдейді. Наганов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды. Брест­ қамалы үшін ерлерше күрескендер­дің бірі – Нұрым Сыдықов. Ол 125-атқыш­тар полкінің 3-ротасында пулеметчик бол­ды. Жерлесі алматылық Қилыбай Әлиас­­қа­ров­пен бірге Брестің оңтүстігінде шайқас­қан. 1941 жылғы маусымның 23-інен 24-іне қараған түнде басқа жауынгер­лермен бірге Сыдықов та Стогросельск орманына шегінеді. Бұл орманда пар­ти­зан­дар отря­ды құрылып, Нұрым көп ке­шік­пей парти­зандар отрядының бір ротасын басқарады. 1944 жылғы шілдеге дейін Нұрым пар­тизандар отрядында бо­лып, халықтың кегін алу үшін күрес жүр­гізеді. Ол жаудың әскерлері мен техникасы тиелген үш эшелонды қиратқан.
Соғыстан кейін ол Бресте қалып, қала­лық милиция бөлімінде қызмет істейді. Ер­жүрек партизанның омырауында «Қы­зыл Ту», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қы­зыл Жұлдыз» ордендері және бірнеше медальдар жарқырайды.
Нұрым Сыдықовтың ержүректігі мен табандылығы С.Смирновтың «Брест қа­малы» кітабында да асқан жылы лебізбен айтылады.
«... Брестің ардагер партизаны, алыс­тағы күн сәулетті Қазақстанның перзенті Нұрым Сыдықов осында қалып, бақытты семья құрып, соңғы жылдарға дейін Бресте милиция лейтенанты болып істеп келді. Оның «Нұрым» деген атын Бресте білмейтін жан жоқ десе болғандай», – деп суреттейді жазушы Нұрымды.
Брест қорғанысына қатысқан жауын­гер­лердің ішінде үш мыңнан астам қазақ­стандықтардың болғандығы елең еткізер­лік қой! Солардан қазір біздің арамызда жүргендері – тек қана 12 адам.
... Маусым айының жайма-шуақ күн­дері зымырай түскен сайын, Брест қала­сының түбінде әскери борышын атқарып жүрген Ғаббас Жұматовтың жүрегі алабұр­тып, қобалжулы еді. Әрине, қуаныш ба­сым. Әскери қызметін абыроймен аяқ­тады, таяу күндері туған ауылына жол тарт­пақ. Мынау кең-байтақ Отанымыз Ғаббас үшін ыстық болса, кіндік қаны тамған Баянауыл жауынгер жүрегінің түбінен ерекше орын алады.
Ғаббас туған жері Баянауыл маңынан жастай кетті. Мақсат жолына түсті, оқу із­деді. 1937 жылы Алматы қаласындағы бай­ланыс-электр техникумын бітіріп, ма­мандығы бойынша Қарағанды қаласында бір жарым жыл жұмыс істеді. Оны таңдау жолы жетелеп, жоғары оқу орнына әкелді. Алматының тау-кен институтының гео­логия­лық барлау факультетінен басталған оқуы үзіліп, Ғаббас азаматтық борышын өтеу үшін қызыл әскер қатарына алынды.
Жұматов Ғаббас қызмет ететін 6-ат­қыштар дивизиясындағы 204-ші артилле­риялық полктің жауынгерлері маужыраған сол бір таңда тәтті ұйқыда жатқан еді. Оларды найзағайдай жарқылдап, күндей күркірей шыққан зеңбірек үні аяқтарынан тік тұрғызды. Жер дүние шыр көбелек айналғандай, астан-кестен.
– Соғыс! ... Қаруға! – деген командирдің әмірлі бұйрығы естілді.
Батарея зеңбіректі дайындап, қорға­ныс­қа көшті. Байланыс взводының коман­дирі, кіші лейтенант Ғаббас Жұматов ра­ция арқылы дивизиямен, болмаса полкпен байланысуға жанталасты. Шифр қабыл­дайтын толқынның бірде-бірі жауап бер­мейді. Амал жоқ, жау құлағына естіртіп, ашық текспен хабарласуға мәжбүр болды. Штабта тіршілік белгісі білінбейді, жауап жоқ. Үшінші дивизияның әуе взводымен және артта тұрған бірінші дивизияның үшінші батареясымен тілдесуге мүмкіндік туды.
Осы сәт жол үстінде жау танктері көрін­ді. 152 миллиметрлік гаубицалар тажал танк­терге қарсы оқ ата бастады. Ғаббас барлау пунктінде арттағы дивизион ко­ман­дирінің бұйрығын жауынгерлерге жет­кізіп тұр.
– Жұматов, Жұматов, тыңда, бір расчетке командирлікті өзіңе ал. Өліспей беріспе! – Дивизион командирінің қар­лық­қан дауысы рациядан үзік-үзік шығып естіледі.
...Тірі қалғандар позицияға лезде жи­налды, келіп жеткен кіші лейтенант Жұ­мат­ов командирлікті өз қолына алды. Құ­ралған топты қалашықтан Пугачево де­ревнясына таман алып шығып, орман шетінде қорғанысқа әзірледі. Жау мен қорғанысшылар арасындағы күш айыр­машылығы барған сайын алшақтай берді. Фашист автоматшыларының қарасы көбейе түсті. Қызыл әскерлер саны көрінер көз­ге кеміп бара жатты. Бұл соғыстың ал­ғашқы күні болатын. Жауды бұқпантай­лауға үйрету үшін әлі ерлікке толы көп күндер мен түндер қажет еді. Ал әзірге олар аз топтың атылған оғынан тайсалмай алға ұмтылып, өлім құшып жатты...


«Брест қамалын қорғаушылар». 1951 жыл.
Авторы П. А. Кривоногов.

Жау шабуылы төрт рет тойтарылды.
Фашистердің бесінші шабуылы шағын топтың әскерлеріне тіпті ауыр тиді. Соған қарамастан олар жан аямай жұлқысып, жаудың ілгері жылжуына елеулі кедергі келтіруге тырысты. Оқ-дәрі таусылған соң, зеңбіректі істен шығарып, өздері кейін шегінуге мәжбүр болды. Таңға жақын ормандағы алаңқайға келіп жеткенде Ғаббас өзінің өлердей шаршағанын сезді. Алған жеңіл жарақаты да бар. Оны елер емес. Жолдастарының халі де бұдан жеңіл емес екендігі анық. Шіркін, азырақ қана демалып, әл жинар ма еді! Шегініс күйініші еңсе көтертпейді.
Иә, бұл соғыстың небәрі алғашқы күні еді. Тағдыр Ғаббасты соғыстың басынан аяғына дейін қатысуға жазыпты. Кескілесе ұрыс сала отырып, бірнеше айға созылатын шегіністер де, жойқын шабуылдар арқылы Отан шебін фашистерден азат етудің теңдесі жоқ қуанышы да – бәрі-бәрі де әлі алда болатын.
Арада бес күн өткенде ол Бородино алқабына жақын маңдағы Звенигород қаласының түбінде ұрысқа қатысып жүрді. Бұл кезде әбден шыңдалған, оқ пен оттан өткен, тәжірибелі взвод жауынгер коман­дирі болатын.
Бір күні қатардағы жауынгер Астапов екеуіне жау күшінің орналасуы жөнінде рация арқылы дәл бағдар беру мақсаты­мен алдағы фашистер орналасқан биік­тер­дің біріне көтерілудің сәті түсті. Көп ой­ланып-толғанып жатуға уақыт жоқ, қайт­кен күнде де жауға есеңгірете соққы беруді қамтамасыз ету қажет.
– Зеңбірекшілерден біз тұрған жерге оқ атуды өтінуіміз керек, – деді ол серігі Астаповқа бұрылып.
Екеуі осыған келісіп, үнсіз құшақтасып қоштасты.
– Сендер немене, естеріңнен адастың­дар ма? – Наушниктен командирдің қа­һарлы үні естілді. Ол күйінгеннен ұрсып та жіберді.
– Біз қатты өтінеміз! – Ғаббас жағдайды түсіндіріп, айтқанынан қайтпады. Артын­ша координаттарды хабарлай бастады. Дәлме-дәл бағдар өз дегенін істеді. Зең­бірек оқтары барған сайын жау шебіне дәл түсіп, Жұматов пен Астаповтың жанда­рынан жарыла бастады. Жау шебінің ой­раны шығып, әскерлерінің берекесі кетті.
– Жарайсыңдар бауырларым! Шыдаң­дар! Аз уақыттан соң біз де жетеміз, – жауын­герлерінің ерлігіне сүйсінген коман­дир оларды жігерлендіруге тырысты. Екеуі­нің өмірін сақтауға ешқандай бекініс көмектес­пейтін-ді. Тек кездейсоқтыққа ғана үміт артуға болады. Мақсатымыз тек хабарлау деп ұққан Жұматов пен Астапов­тың тірі қалу жөнінде ойлауға мұршасы да жоқ еді.
Мұның бәрі Ғаббас Жұматовтың май­дан өмірінен шағын көріністері ғана. Ол 1942 жылдың аяғында Томск қаласындағы командирлер курсын бітірді. Сонан соң 2-Украин майданының құрамындағы 5-Дон­дағы гвардиялық атты әскер кава­лериясының 150-артиллеристер полкінде Отанымызды жау шеңгелінен азат етуге офицер ретінде өз үлесін қоса берді. Фашистердің Корсунь – Шевченко, Ясско – Кишинев тобын жоюға, Румыния, Вен­грия, Австрия елдерін жаудан тазартуға қа­тысты. Әлденеше рет жараланып, көрсеткен ерліктері үшін «І дәрежелі Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» орденде­рімен, тағы басқа да медальдармен наг­радталды.
Жеңіс күнін ол Вена қаласында қарсы алды. 1946 жылы аға лейтенант Ғаббас Жұ­матов әскери қызметін аяқтап, туған жерге оралды. Бейбіт күннің қадір-қасие­тін ерекше түсінген Ғаббас білімін көтеруге кірісті. Университеттің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны үздік тамамдады. Аспи­ран­тураны аяқтап, ғылыммен айналысты. Диссертация қорғап, тарих ғылымы кан­ди­даты дәрежесін алды.
1979 жылы Республика Жоғарғы кеңе­сі президиумының Жарлығы бойынша оған «Қазақ КСР Жоғары мектебіне еңбек сіңірген қызметкер» атағы беріліп, «Рес­публика алдында сіңірген еңбегі үшін» меда­лі қоса тапсырылды. Ғ.Жұматов жиырма жылдан астам Алматы қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің мүшесі.
Өзінің сүйікті жары, медицина ғылы­мының докторы, профессор Раиса Мақа­шевамен (1992 жылы қайтыс болған) Ғ.Жұ­матов үш бала тәрбиелеп өсірген. Бес немересі бар. Ғаббас Жұматов қазір осы бір мәуелі бәйтеректің діңгегі болып сана­лады. Оның отбасының тарихы – бүкіл адамзат баласының тарихы.
Жауынгер жарасын жаумен арпалыс­қандар ғана білсе керек. Ғаббас ағаның ар жағында әлі де айтылмаған талай сыр­лар, аңыз боларлық талай жырлар жатқа­нын­да біздің күмәніміз болған жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста