«Болон» бізді қайда апарады?

«Болон» бізді қайда апарады?

 

Еуропа елдері біздегі стандартқа «жерік»
Сөз жоқ, білім мейлінше әрі іркіліссіз дами түсуі тиіс. Білте шамның жарығындай біліміңмен технологиясы заңғарланған мына заманда көретінің – запыс. Бір байқағанымыз, әсіресе, соңғы жылдары әлемде білімді арттыруға деген құлшыныс ерекше. Осы орайда тіпті үзеңгілес елдер бір-біріне керегелерін кере ашып, терезелерін теңестіріп жатыр. Жас елміз ғой, осы уақытқа дейін жиған-терген ілім-білімімізбен халықаралық алаңдарға жүрексіне аттасақ та, артынша «ат жалын тартып мінген екен» деп, озық елдер деп жүргендеріміз бізбен де иық тірестіре бастады. Бұл – кеңестік дәуірден қалған білім жүйесін «жүгендеп» тастағысы келіп жүргендердің назарына. Ол жүйенің де өзіндік артықшылықтары бар. Мәселен, білім мен тәрбиенің қатар жүруі. Қайта Еуропа елдері осы стандартқа «жерік» болып қалған сыңайлы. Енді сол қадірінен айырылса да, қасиетін жоғалтпаған жүйені жаңа заманға икемдей отырып, өзіміздің ұлттық инновацияға негіздесек тіптен жақсы болар еді. Өкінішке қарай, ұлттық құндылықтарымыз жаһандық үдерістің көлеңкесінде қалып, тарылып барады. Кеңес дәуірі қанша жыл жасаса, қазақтың дәстүрлі мәдениеті сонша жыл тар қапаста жатып, жылап көріскенімізде енді тегі еуропалық стандарт ойлантуға мұрша бермей дедектетуде. Азғана уақыттың ішінде бір елдің үлкені мен кішісі бір-біріне ұқсамайтын екі дүниенің адамы болып шыға келді. Ал сөз болып отырған еуропалық үлгі бізді жарға жыға ма, әлде биікке жетелей ме, оны уақыт көрсетеді.

Жалпы, біз еуропалық үлгі деп нені айтып отырғанымызды оқырман түсінген болар деп ойлаймыз. Ол – «Болон» процесі.

Алаш-анықтама «Болон» процесі дегеніміз не?
Еуропа елдерімен жоғары білім берудің біртұтас Еуропа кеңістігін (ЕПВО) құру процесі «болондық» деп аталады. Оның бастауы 1999 жылы Италияның Болонья қаласында Болон декларациясына қол қойылуымен ашылды, онда Еуропа елдерінің жоғары білім жүйелерін дамытудың негізгі бағыт-бағдары түзілді. Болон декларациясының тағы бір мақсаты – Еуропадағы жоғары білім беру үлгісін әлемге стандарттау.

«Болон» үдерісі өзіне мүше елдердегі ЖОО-лардың Ұлы Хартияға қол қоюымен жүзеге аспақ. Қазіргі уақытта «Болон» үдерісі 47 елді біріктіреді.

Білім жүйесінің «жүйкесі» жұқарып кетпесе игі
Негізі, Қазақстандағы еуропалық стандарттың қарлығашы – ҰБТ. Көп ұзамай неміс үлгісіндегі классикалық университет үлгісінен англо-саксондық тәсілге көштік. Оның артын ала келген кредиттік технология да тез «жерсініп» үлгерді. 12 жылдық білім үлгісін де «үкілеп» қойдық. Енді «Болон» үдерісін енгізбекпіз. Жүк ауыр.

Осының барлығы – біздің елдегі білім жүйесінің басында отырған әр министр енгізген бір-бір жаңалық. Бір айта кетерлігі, ешбірі де қоғамның бірауыздан қолдауына ие бола алмады. «Болон» үдерісінің де көрген күні – осы. Айтары бар көп азамат бұған қарсы. Алайда шегінер жол жоқ. Қазақстандық кейбір ЖОО Ұлы Хартияға қол қоюға дайын. Әйтеуір, дауға қалған білім жүйесінің «жүйкесі» жұқарып кетпесе игі.

Әрине, егер қазақ саяси ұлтқа айналып, англо-саксон, классикалық неміс, француз сияқты әлем мойындаған елдермен теңесіп жатса, неге қуанбасқа? Мойындау керек, осы орайда еуропалық стандарттан үйренеріміз баршылық. Алайда ол үлгінің өзін де сүзгіден өткізіп алуымыз керек еді ғой. Ал оған бізде мүмкіндік болды ма? Көпшілік мамандардың «алдымен бейімдеп алуымыз керек еді» деп жүргендері бір оймен дұрыс. «Өйткені, – дейді олар, – біз тіпті кредиттік технологияның өзін енгізуін енгізсек те, тура мағынасында қолдана алмай отырмыз. Студенттер мен оқытушылардың шақшадай басын шарадай еттік». Қаржы мәселесі де басты рөл ойнайды. Мәселен, «Болон» процесінің толыққанды мүшесі болу үшін кез келген ЖОО ең алдымен ғылыми әлеуетін және замануи материалдық-техникалық базасын қалыптастыруы тиіс. Ал бұған қыруар қаржы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлы Хартияға қол қойған ЖОО-ға автономды даму құқығы берілмек. Яғни бюджетті өзі бөлу, оқу бағдарламасын өзі таңдау сияқты басымдықтарға ие болады. «Мұндай жағдайда жемқорлықты ырқына жіберіп алуымыз әбден мүмкін» деген де жорамалдар айтылуда. Сондай-ақ біздің АҚШ пен Ұлыбританияның негізіндегі англо-саксондық білім беру жүйесін, яғни «Болон» үдерісін басы бүтін күйінде көшіру үлкен қателік. Осы тұста айта кетейік, осыдан екі-үш жыл бұрын Германияда «Болон» процесі қатты сынға ұшырап, элита наразылық акциясын ұйымдастыруға дейін барған. Осы текетірестен кейін олар «Болон» процесінен керегін ғана алып, өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалды.

«Болон» процесіне қырын қарайтындарға ұнамайтыны несі?» деген сауалға келсек, қарапайым тілмен айтқанда, «бірізділігі», яғни Еуропадағы жоғары білім берудің біртұтас Еуропа кеңістігін құруы. «Болон» декларациясының да алға қойған мақсаты сол – Еуропадағы жоғары білім беру үлгісін әлемге паш ету. Ал аталған «Болон» процесін қолдайтындар «біз бұл процеске ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып енеміз. Этникалық ерекшеліктерімізге еш нұқсан келмейді» дейді. Лайым солай болғай.

Не ұтамыз?
«Болон» процесінің несімен маңызды екендігін де айта кету керек. Алдымен оның қажеттілігіне тоқталсақ. Жоғары білімнің қоғамдағы орны айрықша. Ал әлемдегі елдердің білім жүйелерінің әр тарапқа бағыт алып кетуі Еуропаның бірігуіне мүмкіндік бермей отырса керек. Ал біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырмыз. Сонымен қатар елде түбегейлі өзгерістер болды. Әлеуметтік-экономикалық саланың дамуы нарық заңдарына тәуелденіп, жаңа өндірістік қатынастардың куәсі болып отырмыз.

Енді қағидаларын атап шықсақ: біріншіден, ЖОО-ның тәуелсіздігі артады, сөздің төркінін айтсақ, кеңестік дәуірдің білім жүйесі иіні жұмсақ адам тәрбиелеуге негізделсе, енді керісінше болмақ; екіншіден, теорияға емес, тәжірибеге басымдық беріліп, студенттің білім мен ілімнің тың жаңалықтарымен танысып отыруына қолайлы жағдай жасалмақ; үшіншіден, құзырлы министрлік басшылығы ЖОО мамандары мен студенттердің оқу процесін қалаулары бойынша еркін өткізулерін қамтамасыз етуі тиіс; төртіншіден, Ұлы Хартияға қол қойған елдерге тек Еуропаның ғана емес, әр елдің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, оны дамытуда ортақ міндеттеме жүктелмек.

Енді айрықша тоқталып айтпағымыз, атышулы процеске мүше ЖОО-ны бітірген студенттің шетелде жұмыс істеуіне мол мүмкіндік тумақ, еліміздегі білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі артады, маман дайындаудың үш циклі, яғни бакалавриат-магистратура-докторантура бойынша білім алып, шетелдік ЖОО-лармен тәжірибе алмасу мейлінше жақсара түседі.

Сөз соңында
Біз «Болон» процесіне осы жылдың наурыз айында қосылдық. Біздің бұл үдеріске қосылуымыз туралы шешімді әлемнің 46 елінің өкілі бірауыздан қолдаған-ды. Ал құзырлы министрлік басшылығы Жансейіт Түймебаев Қазақстанның «болондық» процеске өтуі 2015 жылға дейін толығымен аяқталады дейді. Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде отандық екі ЖОО жаңа жүйеге көшуге дайын.

Бес жыл деген не тәйірі, тез-ақ өте шығады. Асығыстық танытамыз деп ертеңгі күні опық жеп қалмасақ болар еді. Жансейіт Түймебаев осы бес жылда тағында отыра ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім. Қалай болған күнде де оның артынан не жаман, не жақсы сөз еретіні анық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста