«Біреулер тапсырыс берген»: Журналист Динара Егеубаеваның көлігіне от қойғандар ұсталды
Олар бұйрықты интернет арқылы белгісіз біреуден алған.
Журналист Егеубаева Динараның көлігін өртеп, «Ел медиа» редакциясының кіреберіс есігінің терезелерін сындырды деген күдікпен бес адам ұсталды. Бұл туралы Полиция департаменті мәлімдеді.
“Жедел бөлімшенің қызметкерлері бірқатар қылмыстарды жасады деген күдікпен 2005, 2006 және 2007 жылы туған бес кәмелетке толмаған жастарды ұстады.
Сотталушылардың айғақтарына қарағанда, олар екі бұйрықты да интернет арқылы белгісіз біреуден алған. Дәл осылай тапсырыс беруші оларға «жұмыс» үшін ақша төлеген.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешілуде. Тергеу жалғасуда. Бұл ретте тапсырыс берушінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар жүргізілуде”, делінген хабарламада.
Айта кетейік, барлық фактілер бойынша қосымша ақпарат тергеу толық аяқталғаннан кейін жарияланады.
Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
“Адырна” ұлттық порталы