Соғыс тақырыбындағы әндер туралы әңгіме қозғала қалған бойда, негізінен, ойымызға Ұлы Отан соғысының эмблемасына айналған «Священная войнадан» бастап, «Катюша», «В землянке», «Синий платочек», «День Победы» сияқты атақты орыс әндері оралады.
Осы концертте Әйткеш Толғанбаевтың «Түн сарыны», Ғали Әбеновтің «Жауынгер сағынышы», Мәлік Жаппасбаевтың «Сәлем», Смағұл Көмекбаевтың «Майданға» әндері мен М.Ибраевтың Бауыржан Момышұлының сөзіне жазылған «Аңсау» романсы сияқты бұрын-соңды ешкім естімеген 14 ән орындалды. Бәрінің нотасын іздеп тауып, өңдеп, орындаушыға ұсынған Нұрғали ағаның бұл орайдағы еңбегі, әрине, қандай марапатқа болсын лайық. Бірақ ол кісі мұны мақтан үшін емес, өзінің ұлтына, ұлттық өнеріне деген сүйіспеншіліктің нәтижесінде іске асырды. Бір әттеген-айы, қысқа хабар-ошар ғана берілгені болмаса, концертті таспаға жазып, теле-радио эфирлерінен күллі халыққа тарату жағына ешкім құлықты болған жоқ. Біздегі жағдай белгілі ғой, ол үшін ақы төленуі тиіс. «Мынау ұлтқа керек нәрсе екен. Мұны елге бірлесіп жеткізейік, бірігіп насихаттайық» деген түсінік болмаған жерде қандай құнды идеяның болсын тасада қала берері анық.
Нұрғали ағаның сөзіне сүйенсек, бір ғана Әсет Бейсеуовтің өзі соғыс тақырыбына арналған 22 ән жазыпты, ал Нұрғиса Тілендиевтің бұл тақырыптағы он шақты әні бар көрінеді. Сол сияқты Ә.Еспаев, С.Мұхамеджанов, Б.Байқадамов, Ш.Қалдаяқовтардың да бейбітшілік туын асқақтатуға үндейтін, өршіл рухтағы әндері қаншама! Ал осындай маңдайалды композиторларымыздың жан-жүрегінен төгілген ән-әуендердің намыс пен жігерді жанитын керемет дүниелер еместігіне немесе соғыс тақырыбындағы орыс әндерінен олқы екендігіне сіз сенесіз бе?.. Мұндағы мәселе – санамызға әбден сіңісті болған жат әндердің жетегінде жүріп, солардан бірде-бір кем түспейтін өз ән-әуендерімізді елемеуге дағдыланып кеткендігімізде және соны мін санамайтындығымызда. Әйтпесе әрбір Жеңіс мерекесін «Менің Мәншүгім», «Әлия», «Батыр Бауыржан», «Жас қазақ», «Дубосеково зиратында», «Болмасын, соғыс, болмасын», «Сөнбесін, әже, шырағың» әндерімен әрлесек, ұлтымыздың да, ұланымыздың да мерейін асқақтатпас па едік?..
Шын мәнісінде, майдан әндерін насихаттап, лайықты биігіне көтеру жас ұрпақтың патриоттық сезімін арттырып, отаншылдық рухын күшейту үшін де қажет. Сондай-ақ жылауық әндерден «ұнжырғасы» түсіп кеткен қазақ эстрадасының еңсесін тіктеу үшін де мұның көп септігі тиері анық...