Білім ошақтарын асхана мен көрмеге айналдырғанымыз дұрыс па?
Сіз балабақша мен мен мектепте өтетін Наурыз мерекесіне қатысып көрген шығарсыз? Жыл сайын бірсарынды сценариймен өте шығатын ондағы Ұлыстың ұлы күнін атап өту шараларына қойылатын талаптар да өзгермеген.
Мектеп ұстаздары бұл мерекеге дайындықты оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірге отырып пысықтап алады. Әрине, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпақтың ой-санасына руханият дәнін егу үшін ұлттық мерекелер ең алдымен балабақшалар мен мектептерде ұлықталуы тиіс. Бірақ сол білім мен тәрбие беретін орындарда орынсыз әрекеттер орын алып жатса қайтесіз? Жақында бір жеңгемнің үйіне бардым. Үйде қонақ күтуге дайындық жүріп жатқандай қарбалас. Балалары болса бір заттарды буып-түйіп жатыр. Ағамыз қисайған ескі бесікті түзетіп отыр. Сөйтсем, бұл отбасы Наурызға әзірлік жасап жатыр екен.
– Жылда – осы, – деп күңкілдеп қояды әлгі жеңгем.
– Мектепті дәмхана мен мұражайға айналдыру үшін жанталасып жатырмыз ғой, – дейді ағам жеңгемнің сөзін жалғап.
– Жақсы емес пе қайта, мерекелік қарбалас деген осы болса керек, – деп қоямын мен.
Шынында да, бұл кісілердің күңкілдейтініндей-ақ бар екен. Өйткені бір балалары балабақшада тәрбиеленіп жатыр, үлкен екеуі мектепте оқиды. Олардың әрқайсысы өз мерекелерін атап өтеді. Оған кәдімгідей дайындық керек. Қажет жағдайда балаларға арнайы киім тіктіруге тура келеді. Үйден таситын тағамдар мен зат-бұйымдарды айтпағанның өзінде әр ата-ана әр баласының Наурызына отбасы бюджетінен айтарлықтай қаржылай шығын көреді. Мұғалімдер ата-аналарға Наурызға арнап пісіретін тағамдардың тізімін бөліп беріп, мектепке қосымша көрпе-жастық, кілем, текемет, басқа да тұрмыс-салт бұйымдарын әкелуді тапсырады. Осының бәрі шағын сынып бөлмесін ортағасырлық қазақ ауылына айналдыруға жетеді. Сосын кішкентай қыздарымызға кимешек кигізіп, қолдарындағы қуыршақты бесікке бөлетіп, бала-шалдарға бата жасатып жатамыз. Осылайша мерекенің көрігі қызғаннан соң көже-ақтық пен өзге де дәмді тағамдарды мектепке (балабақшаға) қалдырып, қалған дүниемізді үйге қайта тасимыз. Дәстүрге айналып кеткен осы бір өзгермейтін үрдісті қолдайтындар болғанымен, бұған қарсылық білдіретіндер жағы жетіп-артылады. Жалпы, мектептер мен балабақшаларда Наурыз мерекесін өткізу кезінде мерекелік дастарқан жасауды оқушылар мен ата-аналарға міндеттеу дұрыс па? Осы жөнінде ел арасында әртүрлі пікірлер бар. Осы орайда айтар ойымызды маман сөзімен қорытындыласақ.
Әдібай Табылды, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Біз күн мен түн теңеліп, дүние жаңаратын көктем мерекесін ерекше салтанатпен атап өтуге тиіспіз. Бірақ бұл науқаншылдық үрдіске айналмауы керек. Қазіргі уақыттарда балабақшалар мен білім беретін ошақтарда ұйымдастырылып жүрген Наурыз мерекесін тойлау жақсы дәстүрге еніп кетті. Алайда оны өткізудің негізгі салмағы ата-аналарға түсетіні белгілі. Бұл – балабақша, мектептерге белгілі бір мерекелерді ұйымдастыруға қосымша қаржы-қаражат қарастырылмағандықтан туындап отырған мәселе. Осы төңіректегі түйткілдер шешілетін болса, білім мен тәрбие беретін мекемелер ата-аналарға жалтақтамас еді. Меніңше, әрбір мектеп, балабақшаның өзінде қажетті реквизиттер қоры, көптеген тақырыптық көрнекілік құралдар болғаны дұрыс. Сонда оқушылар мен ата-аналар үйден мектепке ештеңе тасып әуре болмайды. Ал наурызкөже мен басқа да тағамдарды мектеп пен балабақша асханасында неге пісірмеске?! Балаларға ұсынылатын ас мәзірі санитарлық талаптарға да сай болуы керек.
Осындай олқылықтар орын алмас үшін Білім және ғылым министрлігінде ұлттық мерекелерді білім шаңырақтарында атап өтуге қатысты арнайы жоба-жоспар жасалуы тиіс. Ең бастысы, біз жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарымызға деген жақсы көзқарасты қалыптастыруымыз қажет.
P.S.
Қалай айтсақ та, қазіргі қазақ қоғамы Ұлыстың ұлы күнін қарсы алу дәстүрін тамырлы дүниелермен байланыстыра отырып, жаңа заманға бейімдеуі қажет. Қашанғы Наурызды тойлау жәдігерлер көрмесін тамашалау деңгейінде қалып қоя береді?