Осыдан аздаған уақыт бұрын құқық қорғаушыларымыз қазақтың ежелгі билер сотын қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізу мәселесін көтерген еді. Дегенмен айтылған ой аяқсыз қалып бара жатқан сияқты. Есесіне, елімізде дауды шешудің медиация әдісі кең қолданыла бастады. Билер сотының орнын басқан медиация әдісі қаншалықты тиімді? Билер сотынан оның қандай өзгешелігі не артықшылығы бар?
Мамандардың айтуынша, медиация – жалпы дауларды шешудің балама әдісі. Яғни медиаторлардың негізгі міндеті – дауласушы екі жақты сотқа дейін ортақ шешімге келтіру, былайша айтқанда, екі жақтың пікірін үйлестіру. Медиация әдісі өзге елдерде 50 жылдан бері кең қолданылып келеді. Мәселен, дамыған батыс мемлекеттерінде отбасылық болмаса, тұтынушы мен сатушы арасындағы сияқты түрлі салаларда туындап жататын ұсақ келіспеушіліктердің 80-90 пайызы медиация әдісімен шешіледі екен. Қазақстанда бұл әдістің қолданыла бастағанына он жылдан асты. «Алғаш қолдана бастағанда қазақстандық құқық қорғау өкілдері бұл әдіске таңырқап, тіпті жатырқап қарағаны рас. Ал осы күні медиация ең қажетті мамандық түріне айналып отыр. Бұл әдістің дәнекерліктен бір айырмашылығы, онда белгілі бір процесс және тәртіп бар», – дейді мамандар. Қазір «Медиация туралы» заң жобасы дайын тұр. Келесі жылы Елбасы қол қойса, ол толықтай қолданысқа енгізіледі. Қазақ халқында ежелден бері барлық дау-дамай, ел арасындағы, ру ішіндегі кикілжің, келіспеушіліктерді шешетін билер соты болған. Даудың әділ төрелігін айтып, шынайы шешендігімен көрінген билерді ел ерекше құрмет тұтатын. Билер де дауды ханға жеткізбей, ушықтырмай, бейбіт жолмен шешіп отырған. «Би екеу болса, дау төртеу болады», «би әділетсіз болса, қараша халықтан береке кетеді» деген сөздер осыдан қалған. Ал енді сан ғасырдан келе жатқан осы би сотын енгізуге не кедергі болып отыр? Сонда Қазақстанда он жыл бұрын ғана пайда болған медиацияның артық болғаны ма? Біз осы сұрақ төңірегінде Бітімгершілік медиация орталығының жетекшісі Светлана Романов- скаямен пікірлесіп көргенімізде, ол медиацияның билер сотынан көп айырмашылығы бар екенін, медиация әдісінің өміршең екенін айтты. «Егер билер соты сот процесіне араласатын болса, медиация сотқа дейінгі істерді реттейді. Қазір кейбір мамандар «Медиация туралы» заңға билер соты туралы тарауларды енгізгісі келеді. Бұл дұрыс емес. Медиацияның әлемде қалыптасқан өз ерекшеліктері бар, егер біз заңға билер соты туралы жазатын болсақ, әлемдік қауымдастық бізге күледі», – деп жауап берді. Негізінен, қазақ халқы үшін медиация туралы заңнан гөрі билер соты туралы заңды қабылдаған әлдеқайда тиімді. Біріншіден, билер соты қазақ халқының табиғатына, өмір сүру ерекшеліктеріне сай келеді. Екіншіден, бізде ауылдық жерлерде медиация әдісіне көпшілік жүгіне алмайды. Ал билер сотын әрбір ауылда құруға мүмкіндік бар. Үшіншіден, қоғам өкілдері медиациядан гөрі билер сотының әдістерімен жақсы таныс.
Светлана РОМАНОВСКАЯ, Бітімгершілік медиация орталығының жетекшісі:
– Қоғамда көпшілік медиатрия өлшемін дұрыс түсінбейді. Медиация сот емес, ол – тек екі жақты бір мәмілеге келтіру ғана. Егер осы әдіс кең қолданылса, соттардың жұмысы жеңілдейді әрі азаматтар көп уақыт бойы соттың соңынан жүгірмейтін еді.
Бақыт БЕГАЛИЕВ, Алматы қалалық сотының судьясы:
– Өзім бұрын азаматтық сотта жұмыс істегенде, азаматтардың бітімге келуін бірінші орынға қоятын едім. Себебі ең жақсы шешім – келісім. Қазақтың тарихында би соттары болған. Сондықтан, менің ойымша, «Медиация туралы» жаңа заң жобасына билер соты туралы баптар енгізу керек.
Билер соты ма, әлде медиация ма?
Последние статьи автора