Бекмахановқа бетбұрыс
Биыл тарих ғылымының тұңғыш докторы атанған алаш азаматы, профессор Ермұхан Бекмахановтың саяси жаладан ақталғанына – 55 жыл. Осыған орай кезінде өзі қызмет еткен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалымды еске алу кеші өтті.
Қазақ тарихының үлкен бір кезеңіне арналған ғылыми басқосуға қазақстандық тарихшылармен қатар Италия, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар қатысты. Жиналғандар Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қазақ тарихына қосқан үлесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Қазақстан тарихының өзекті мәселелері және зерттеу әдістерін талқылап, өзара пікір алмасты. Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің айтуынша, тоталитарлық шешім бойынша бар атақ-дәрежесінен айырылып, 25 жылға сотталған ғалымды еске алуға арналған «Бекмаханов оқулары» білім ордасында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шара барысында студенттер мен жас ғалымдар тарихшының екі негізгі еңбегі – «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» және «Қазақстанның Ресейге қосылуы» кітаптарындағы ғылыми-деректік мәліметтерді саралап зерделемек.