Алматыда жеке сот орындаушының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Соттың қаулысына қарамастан Қайрат Тәуекелов шаһардағы алып базарды электронды саудаға шығарып, оны шетелдік азаматтың сатып алуына көмектескен. Наурызбай ауданындағы аталған сауда орны нарықтағы құнынан төрт есе арзанға сатылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматыдағы «Ақбұлақ» базары зейнеткер Болат Жұмағалиұлының отбасылық бизнесі. 1,5 гектар аумақтағы бизнесті жүргізу үшін ұл-қыздарымен бірге жиырма жылдан астам еңбек еткен. Кәсіпкер базар аумағында сауда нысандарын салу үшін банктен 245 млн теңге несие алып, өздеріне тиесілі аумақта сауда ғимаратын салған.
«Әкем, анам, әпкем сынды бүкіл отбасымызбен осы базарды жүргізуге жиырма жылдан астам еңбек еттік. Альянс банктен 2008 жылы несие алып, оны үш жыл төлеп, 220 млн-ға азайттық. 2012 жылы қайта қаржыландырамыз деп бізге пәкстандық банк шықты. Дағдарыс басталғанда шетелдік банк те өздерін банкротқа ұшырату туралы іс бастады, мен өзге проблемамен істі болып, соттасып кеттім. Сол 2,5 жыл аралықта менің жоқтығымды пайдаланып, банктің заңгерлері несие қарызын 220 миллионнан 345 миллион теңгеге көтеріп, базарды 605 миллион теңгеге бағалаған. Экономикалық соттың судьясы Сәуле Басқанбаеваның да бұл жерде мүддесі бар. Олар асығыс шешім шығарып, базарды жеке сот орындаушы арқылы сатып жібермек болды. Олардың бұл жасырын әрекетін біліп қалған мен былтырдан бері соттасып келем. Мен қалған несие қарызын бірден толық жауып тастайын десем де, оны сот та, банк өкілдері де қабылдамады», - дейді базардың директоры Асқар Жұмағали.
Кәсіпкер базардың нарықтағы құны 1 миллиард 100 миллион теңге деп отыр. Қаланың ішіндегі сауда орталығында 45 дүкен, екі асхана, бір үлкен сауда ғимараты, ағаш, темір, құрылыс заттарын сататын ондаған контейнер, бірнеше көлік жөндеу орталығы мен өзге де қызмет көрсететін орындар бар. Жүзден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Мүмкіндікті пайдаланған жеке сот орындаушы Қайрат Тәуекелов базарды асығыс электронды саудаға шығарып, өзінің таныс «серіктесі» - ирандық азамат Хамириан Хосейн Маджидтің сатып алуына көмектескен.
«Біріншіден, базардың сатылатыны туралы жеке сот орындаушы оның иесіне хабарламаған. Екіншіден, базардың төңірегінде дау жүріп жатқандықтан, оны сатуға болмайтыны туралы соттың қаулысы да шыққан. Үшіншіден, қаулыға қарамастан жеке сот орындаушы Тәуекелов оны асығыс, бір күннің ішінде портал арқылы саудаға шығарып, танысы, елдің кепілдегі мүлкін арзанға алып, қымбатқа сатуды кәсіп қылған Хамириан Хосейн Маджидтің алуына көмектескен. Төртіншіден, электорнды сауданың шарты бойынша, сатылатын мүлікке бір-біріне ықпалы жүрмейтін, таныстығы жоқ кемі екі адам қатысу керек. Ал бұл базар саудасына Хосейн мен оның осындағы әйелін қатыстырып, бағасын қолдан жасанды түрде түсіру арқылы ерлі-зайыптылар 314 миллионға сатып алған. Сауда барысында әйелі үшін күйеуі қол қоя салғаны, олардың некеде тұрғаны, өзге адамдарды бұл саудаға қатыстырмағаны сот барысында белгілі болып жатыр. Электронды сауда порталының қағидасына сәйкес, бір үйден екі адам немесе бір біріне ықпалды тұлғалар қатыса алмайды. Бесіншіден, банк 605 миллионға, жеке бағалаушылар 1,1 миллиардқа бағалаған базарды жеке сот орындаушы асығыс 314 миллионға, яғни төрт есе арзанға сатқан. Осы арқылы жеке сот орындаушы Тәуекелов 12 миллион теңге пайда тапқан», - деді адвокат Серік Ахметжанов.
Кепілдегі мүлікті алып-сатуды кәсіп қылған Иранның тумасы Қазақстанның азаматы емес. Қазақ қызына үйленсе де азаматтықты әлі күнге алмаған. Ол «Ақбұлақ» базарын шұғыл 580 миллион теңгеге қайта сатып жібермек болған. Базарды қайта сатуға қойғаны әшкере болып, сот оның әрекетіне тыйым салған. Ал ширек ғасыр жиған дүниелерінен бір сәтте айырылып қала жаздаған Жұмағалиевтер отбасы бұл іске қатысы барлардың бәрін сотқа берді. Кәсіпкер Асқар Жұмағалидың сөзінше, Хосейн Хамириан құқық қорғау органдарындағы таныстары арқылы мұндай алаяқтықпен ұзақ жыл айналысып келеді екен.
«Базарды 314 млн теңгеге, оның сыртында біздің екі қабатты үйімізді 40 млн теңгеге бағалап, сатып жібермек болған. Жеке сот орындаушы әлі күнге дейін істеп тұрған базарды «тоқтап тұрған нысан» деп алдап сатқан. Елдің мүлкін арзанға алып, еңіретіп жүрген Иранның тумасы алаяқтықпен бұған дейін де айналысқан. Жеке сот орындаушысы оны жақсы таниды. Ол да осындай әрекеттерімен көзге түскен. Шетел азаматының бұған дейін қазақстандықтардан 90 шақты нысанды алып сатып жібергені анықталып жатыр. Тек менің оқиғам сияқты дүние-мүлкінен айырылған 8-9 адамды танимын, олар да соттан сотты тоздырып, шаршап жүр. Шетелдіктің үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалған, алайда оны ҰҚК адамдары тергеуден алып шыққан. Қаржыны бөлісудың артында ҰҚК Алматы қалалық департаментіндегі өкілдері тұр. Елдің қауіпсіздігіне жауапты комитет сырттан келген шетелдік арқылы осындай әрекеттерге барып отыр. «Менің крышам ҰҚК, бізге түкте істей алмайсыңдар» деп ашық айтқан. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ. Шетелдіктердің осылай еркін тайраңдауын тек комитет қана бақылай алады», - деді Асқар Болатұлы.
Алматыдағы базар дауының қашан тоқтайтыны белгісіз. Алып-сатардың жымысқы әрекеті әшкере болған соң сот базардың құжаттарын уақытша бұғаттаған. Қазір Алматы қалалық сотында судья Мейірбек Байгеловтың төрағалымен тағы да сот істері өтіп жатыр. Талапкерлер шетелдік пен жеке сот орындаушының әрекетін заңсыз деп тануды талап еткен.
«Жеке сот орындаушы Қайрат Тәуекеловтың үстінен Алмалы аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 385-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғаған. Тергеу ісі қазір қалалық Полиция департаментіне түсті. Хосейн мен Тәуекелов мүлікті электорнды саудаға салардан бір күн бұрын, 2021 жылдың 2 қыркүйегінде жер өлшегіштермен келіп, базар аумағын спутник арқылы атып жүргенде күзетшілер ұстап алған. Сосын 3 қыркүйекте жеке сот орындаушы электронды сауда алаңына салып, сатып жіберген. Ондай ақпараттарды беруге, саудаға салынбаған мүлікті болашақ қожайынды әкеліп таныстыруға сот орындаушысының құқығы жоқ, оған заңмен де тыйым салынған. Бұл жерде олар алдын ала сөз байласқан, сауда нысандарындағы ғимараттарды, аумақты анықтаған. Кейін базарды шұғыл түрде 580 млн теңгеге қайта сатып жібермекші болған. Жарнамада «базар нарықтағы бағасынан арзан» деп өздері көрсеткен. Бұл да олардың пайдакүнемдігін, өзгенің мүлкін қолдан қасақана арзандатып, қымбатқа қайта сатпақ болғанын білдіреді», - деді адвокат.
Келесі сот отырысы 27 қаңтарда жалғасады. Сотқа шағымданушы тарап түгел қатысқанмен, жауапкерлер тек өкілін ғана жіберген. Уақытша тұру куәлігін алу арқылы-ақ Қазақстанда «табысты кәсіппен» айналысып жүрген Иранның тумасы сотқа әлі шақырылған жоқ.
«Олар электорды саудаға әйелі екеуі қатыспағанын, яғни екеуі екі бөлек адам екенін дәлелдегілері келіп, 1997 жылы ажырасып кетті деген куәлікті әкеліпті. Бұл таза өтірік, олардың кезекті алаяқтық әрекеті. Қылмыстық істе олардың некеде бар екені көрсетілген. 25 жыл бұрын бұл ирандық елде де болмаған, олар ажырасса, одан кейн 2002 және 2013 жылғы балалары қалай дүниеге келген? Нағыз алаяқтық. Полиция олардың үстінен талай рет іс қозғаса да, ол біреулердің көмегі арқылы қысқартылып қала берген. Онымен қоймай, Хосейн мені «өлімнен қорықпайсың ба» деп те қорқытқан. Өз бизнесімізге бізді араластырмай, жылдам сату туралы шешім шығаруға Алматы қалалық эномикалық соттың судьясы С.Басқанбаеваның да мүдделік қызығушылығы бар. Оның шығарған қаулысына қарсы арыз берсек те ешқандай негізсіз арызды қабылдауға «отказ» беріп келеді. Оның үстінен қанша жерге арыздансақ та ешкім шара қолдана алмайды. Өйткені Сәуле баяғыда жеке ұшағымен Германияға барып, коронавирусты елге әкелген Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың туған балдызы. Біз базарға тиіспеңдер, несиенің қалған қарызын бірден төлейік десек те қабылдамады», - деді кәсіпкер.
Сот отырысы бейсенбі күні жалғасады.