БАУЫРЖАН мен РАХЫМЖАН

Кәкiмжан Қазыбаев пен Рахымжан Қошқарбаев

Жетпiсiншi-сексенiншi жылдары елiмiзде басшылық қызмет атқарған тұлғалардың арасында Кәкiмжан Қазыбаевтың есiмi ерекше iлтипатпен аталады. Оның сол кездегi ҚазТАГ-ты басқарғандағы бiлiктiлiгi, одан кейiн республиканың идеология хатшысы бола жүрiп, қанша биiктердi бағындырғанын замандастары тамсана әңгiмелейдi. Алаш жұрты тәуелсiздiк қарсаңында қызмет атқарған қайраткерлердiң еңбегiн қалай бағаласақ та лайық болатын. Басқасын былай қойғанда, Кәкiмжан Қазыбаевтың 1985 жылы Мәскеудiң қазақ жерiнде немiс автономиясын құру әрекетiне  тойтарыс берiп, референдум талап еткенiн ұлы тарих ешқашан ұмытпас.
Одан қалды Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тұңғыш ту тiккен батыр екенiн дәлелдеген де Кәкең болатын. Ол 1958 жылы «Лениншiл жас» газетiнiң 21 ақпандағы санында «Рейхстагқа ту тiккен қазақ» деген атпен көлемдi мақаласын жариялайды. Содан берi де Кәкiмжан Қазыбаев Рахымжан батыр турасында 150-ге тарта дерек жинап, «Кернеген кек» повесiн жазды. Кәкеңдi Баукең, Бауыржан Момышұлы да өзiнiң баласындай көрген екен. Баукеңнiң ұлы Бақытжан Кәкеңдi «жан аға» деп атапты. Сарбас Ақтаевтың сөзiмен айтқанда, Кәкең қос батырдың  бауырындай болып кеткен. Сөйткен К. Қазыбаев көзi тiрi болса, биыл сексенге толар едi. Алайда артына елге  үлгi боларлық ұрпақ, өлмес мұра қалдырған осынау ұлы қайраткердiң рухы жаннат нұрына бөленсiн деген тiлектен ажыратпасын.
Төменде Алаш батырларының рухын асқақтатып, Кеңес кезiнiң өзiнде ұлт мәдениетiнiң даңқын асырған Кәкiмжан ҚАЗЫБАЕВТЫҢ қаһарман тұлғалар жайындағы толғаныстарынан үзiндi жариялап отырмыз.       

Баукеңе бұл ғұмырымда аса риза болатын тағы бiр жай – халқымыздың аяулы ұлы Рахымжан Қошқарбаевпен танысуға дәнекер болғандығы. Ол былай болып едi.
Бiр күнi жұмысқа аяқасты телефон соқты. Дауысын бiрден таныдым.
– Маған келiп кеткiн, – дедi.
Келсем, үйде жалғыз, бiр қолы қалтасында, бiр қолында шылым, арлы-берлi ыңылдап жүр екен. Жүзi сұсты. Менiң сәлемiме көңiл де аударған жоқ.
– Неге қалшиып тұрсың, отырмайсың ба? – деп ақырды.
Мен де үнсiз отыра кеттiм. Баукең үздiктiрiп, әлi тiл қатпай тұр. Айбарлы жолбарыстай бөлме iшiнде арлы-берлi жүрiп алды. Әлден уақытта:
– Мен сенi неге шақырдым? – дедi.
– Бiлмедiм, Бауке!
Темекiсiн сорып-сорып жiбердi де, отты көзiн қадай қалды.
– Бiлмесең, жаңа осында маған сәлем бере бiр жiгiт келдi. Аты – Рахымжан. Фамилиясы – қошқар ма, iсек пе, азбан ба, әйтеуiр қойдың бiр түрi. Оны өзiң анықтап алғайсың. Мiне, сол жiгiт...
Баукең сөзiн аяқтамай, қайта жүрiп кеттi. Темекiсiн тартып-тартып алды да:
– Мiне, сол жiгiт Рейхстагқа ту тiккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба өзiң? – дедi.
– Ұғып тұрмын, Бауке!
– Өтiрiк айтасың! Ұққан жоқсың. Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар, неге жазбағансыңдар?! Сен кiмсiң өзi?
– Мен журналиспiн. Дипломым бар.
Баукең дауысын сәл бәсеңдеттi де:
– Сендер журналист емессiңдер, қайдағы журналист! Соғыс бiткелi – он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссiңдер?! «Дипломым бар». Журналиске диплом емес, сезгiш жүрек, көргiш көз керек. Жоқ, сол сендерде, жоқ!

– Знаешь, ты, кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгiн бiрiншi рет көрдiм. Сәлем бере келiптi. Бiлесiң бе, кiмнiң сәлем бере келгенiн? Это – исторический человек!
Бұдан әрi Баукең манадан берi кеудесiне сыймай булыққан ойларын төктi дейсiң.
– Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейiн басқардым. Атақты Момышұлы болдым. Москва түбiндегi шайқасты көрдiм. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың сұмдық қияметтерi көз алдымда. Бiрақ Берлиндi алардағы, Рейхстагқа ту тiгердегi қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың iшiнде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңiс жалауын тiккен! Кiм үшiн?!

  Бауыржан батырмен кездесу 
Баукең тағы орнынан тұрып кеттi. Терезенiң алдына барып, терiс қарап бiраз үнсiз тұрды да, қайта бұрылып:
– Мына сен мен мен үшiн! Бүгiнгi шолжаң қағып тiрi жүргендердiң бақыты үшiн! Сол бiр тозақта оның өзiнiң тiрi қалуы – это чудо! Бiздiң басымызға келiп қонған Жеңiс деген бақыт – сол анау Рахымжан, Рахымжандар! – Баукең әрi қарай тағы сөйлеп кеттi.
– Адам ерлiк жасауды ешқашан жоспарламайды. Ерлiктi туғызатын сәт болады. Адамның асыл қасиетi де, жасық қасиетi де соғыста, тап сондай сәтте көрiнедi. Мұндай сәт адамның ғұмыр-ғұмырына, керек десең, ұрпақтан ұрпаққа кететiн өмiрбаян, өсиет болып қалмақ. Рахымжан сондай сәтте асыл қырынан көрiнген азамат. Ол қыры – жасаған ерлiгi. Тағдыр оның нағыз өмiрбаянын сол сәтте жазды. Оның өмiрбаяны – отпен жазылған өмiрбаян. Осыдан артық сендерге, журналистерге, атаңның басы керек пе?!
Иә, Баукеңнiң тұла бойын сыздатып, ширықтырып тұрған жайды ендi түсiндiм. Ашына, ащы шындықты айтып тұр. Неге бiлмегенбiз мұндай азаматты?! Оның кеудесiнде соққан дауыл менiң де кеудеме ауысқандай болды.
– Сен оны тап!
Баукеңнiң бұл сөзiнен селк ете қалдым.
– Әлгi Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс iстеймiн деген. Түсiндiң бе ендi, неге шақырғанымды?
...Бұл 1958 жылдың бас кезiнде болған. Әскер күнi – 23 февраль жақындап қалған едi. Соған «Қошқарбаев жөнiнде бiрдеңе шығар» деп арғы жағым түрткiлей бердi. Қас қылғандай Рахымжан командировкаға кетiп қалыпты. «Осындай адам жөнiнде соғыс кезiнде, одан кейiн жазылмауы мүмкiн емес қой, көпшiлiк кiтапханасына барып, газет-журналдарды ақтарып, iздеп көрсем қайтедi» дегендей ой туды. Рахымжан келгенше уақыт босқа өтпесiн. Кiтапханада сарыла отырған бiрнеше күндер артта қалды.
Борис Горбатовтың мына сөздерiн оқығанда жерден жетi қоян тапқандай қуандым:
– Бiздiң жауынгерлердi қыранмен, бүркiтпен теңеудi қоятын мезгiл жеттi. Қазақ жiгiтi Қошқарбаев менiң көз алдымда Рейхстагқа ту тiктi. Осындай ердiң образын беру үшiн бөлекше теңеу, бөлекше поэзия, социалистiк реализм поэзиясы керек.
«Литературная газетiнiң» 1948 жылғы 18 декабрiнде жарияланған. Әскери тақырып және әдебиет мәселесiне арналған жиналыста белгiлi жазушы сөйлептi де, соның орта тұсында осылай дептi. Тағы да бiраз материалдар тауып, Рахымжан келгенше азды-көптi қаруланып алдым. Күнде жұмысына телефон соғып, ақыры кездестiк-ау! Аңқылдаған ақжарқын жiгiт, бiрiншi көргендей емес, iшi-бауырыма кiрiп кеттi. Тәптiштеп бәрiн сұрадым. Соғыс бiтiсiмен 150-шi дивизияның газетi «Воин Родины» газетi, орталық баспасөз де бiраз жазыпты.
– Бiраз 1946 жылдың 9 майынан кейiн ләм-мим деп ешкiм аузын ашқан жоқ. Содан берi көрiп тұрған тiлшiм, тiптi, қазақ баспасөзiнен көрiп тұрған бiрiншi адамым өзiңсiң, – дедi.
Рахаңның меңзеген газет-журналдарын қайта барып қарауға тура келдi.
– Өзiңiзде қиындылары жоқ па? – деген сұрағыма:
– Онда шатағым не, жинаған емеспiн, – дедi.
Содан 1958 жылғы 21 февральда «Лениншiл жас» газетiнде «Рейхстагқа ту тiккен қазақ» деген документтi очеркiм шықты. Шынын айтсам, бұл жұрт назарын бiрден аударды. Редакцияға хат жауып кеттi. Осы жағдай Рахымжан жөнiндегi деректердi жинауға менi одан әрi құнықтыра түстi. Жыл сайын қызықты жаңа деректер табылып, папка қалыңдай түстi.
1963 жылдың жазы болатын. Облыстық «Жетiсу» газетiнiң қарбалас жұмысымен отырған едiм. Журналистер одағы басқармасынан телефон соқты.
– Сiз бiзге келiп кете аласыз ба? ГДР-дан келген бiр журналист өте жолыққысы келедi.
Терлеп-тепшiп Журналистер одағына келсем, ет-жеңдi, қызыл-сары жiгiт отыр. Менi дегбiрсiздене күткен адамға ұқсайды. Орнынан атып тұрды.
– Қошқарбаев жөнiнде жазып жүрген журналист сiзсiз бе?
– Иә, мен едiм. Оны қайдан бiлесiз?
– Сiздi маған сыртыңыздан осы арада таныстырды. Мен Қошқарбаевты iздеп жүр едiм. Оның Алматыдан табылғаны қандай ғажап болды. Қазiр үйiнде ме екен?
Немiс мақамымен орысша әжептәуiр сөйлейдi. Екеумiз тiлмашсыз-ақ түсiнiсiп жатырмыз.
ГДР азаматы әрi қарай тағы сөйлеп кеттi.
– Менiң атым – Карл. Фамилиям – Кокошко. Әкемнiң аты – Вильгельм. Германия Коммунистiк партиясының мүшесi болатын. Фашистер соғыс кезiнде азаптап өлтiрдi. 1945 жылы фашизм құрығанда мен 16 жастағы ғана бала едiм. Екеумiз түйдей жасты екенбiз. Өзiңiз жақсы бiлесiз, бiз секiлдi талай немiстiң көзi шын ашылды ғой. Германия Демократиялық Республикасы дүниеге келдi. Мүлде жаңа өмiр бастадық. Немiс халқының сүйегiне фашизм салған қара таңбаны тазарту, Эрнест Тельман бастаған жолмен жүргiсi келген немiстердiң көп болғанын дәлелдеу, соны тарихқа таныту, мiне, басты мiндет осы болды.
Сондай тынымсыз күндердiң бiрiнде, елуiншi жылдардың аяқ кезiнде, 1945 жылы май айында антифашистердiң шығарған бiр листовкасы қолыма түстi. Оны оқып отырып қайран қалдым. Листовкада Рейхстагты алғаш кiмдердiң алғаны жазылыпты. «Бұл оларға не үшiн керек болды екен, фашизмнiң қарғыс атқан ордасына бiрiншi жеткендердi немiстер де бiлсiн деген ғой». Сол листовканы бойтұмардай сақтап жүрдiм. Онда сiздiң Қошқарбаевтың аты бар.
– Қазiр ол листовка бар ма? – дедiм мен де дегбiрсiздене.
– Болғанда қандай!
Карл портфелiнiң түбiнен жамау-жамау сарғыш қағазды алды. Аса бiр аяулы дүниедей орап салып қойыпты. Немiс әрпiмен басылған.
– Оқыңызшы!
Ол немiс тiлiнен орыс тiлiне бiрден оқыды. «Ұмытылмас фактiлер. Рейхстагқа бiрiншi болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жеттi, олар Жеңiс жалауын тiктi. Ал Рейхстагтың үстiне Жеңiс туын тiккен Егоров пен Кантария. Рейхстагтың iшiне бiрiншiлердiң қатарында басып кiрген Сьяновтың, Гришенконың, Неустроевтың, Давыдовтың, Логвиненконың әскерлерi».
Бұл текстi мен тани кеттiм. Алғаш ол «Воин Родины» атты дивизия газетiнiң 1945 жылғы 3 майдағы нөмiрiнде жарияланған. Осыны айтқанымда:
– Ендеше, сол газет антифашистердiң бiрiнiң қолына түскен, олар немiс тiлiне аударып жеке листовка етiп шығарған, – дедi Карл. – Өйткенi кейiн зерттеу кезiнде аңғарғанымдай, антифашистер Совет Армиясының жеңiсi атаулының бәрiн тезiрек халыққа жеткiзуге тырысыпты. Әсiресе, Берлинде бұл жұмыс мейлiнше қатты жүргiзiлген.
Басқалар секiлдi Қошқарбаев маған тарихи адам секiлдi көрiндi, оны қайтадан тапсам екен деп армандадым. «Фамилиясына қарағанда орыс емес, әйтеуiр Шығыс ұлттарының бiрi болу керек» деп топшыладым. Көрiп отырсыз, листовкада ешкiмнiң адресi, қайдан екенi жазылмаған ғой. Тек фамилиясы, сол фамилияны сарыла iздегенiме – мiне, бесiншi жыл. Совет Одағына осымен бесiншi рет келем. Түрiкменстанда, Тәжiкстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда болдым. Баратын жерiм – өлкетану музейлерi, Журналистер одағы. Мандытып еш дерек таба алмадым. «Мұндай жан қалайша белгiсiз?» Менiң ойымша, жұрт оны бiлу керек сияқты. Жоқ, барған жерлерiмнен еш дерек табылмады. Содан әуелi торығайын дедiм. Шынымды айтсам, Қазақстанға «тағы да еш нәрсе шықпас» деп көңiлсiздеу аттанғанмын.
Бүгiн қонақүйден шыға тағы да өлкетану музейiн сұрадым. Менi парктiң iшiндегi шiркеуге жiбердi. Рас, онда аса бай Орталық музей бар екен. ГДР-ден келдiм деген соң, маған музей қызметкерi зор iлтипат көрсетiп, түгел аралатты.
Отан соғысы жайлы экспонаттарға келгенде, өз көзiме өзiм сенбедiм. Көктен iздегенiм жерден табылды. Iлулi тұрған портреттiң астындағы жазуды қайта-қайта оқыдым. Рахымжан Қошқарбаев. Тым дегбiрсiзденiп кеткенiмдi байқаған музей қызметкерi:
– Ол кiсiмен жақсы таныс па едiңiз? Бiздiң ержүрек жерлесiмiз, – дедi.
– Иә, иә! – деппiн қуанғанымнан.
– Ол кiсi қайда тұрады?
Музей қызметкерi адресiн бiлмегенiне қысылды да, Журналистер одағына телефон соқты. Мiне, осында келдiм. Мұнда Рахымжанды бiлмейтiн жан жоқ екен. Солай болса керек едi, не дейсiз, ақыры өзiңiздi шақырып алдық.
Мұндай қуанбаспын! Бес жылғы еңбегiмнiң жанғанын көрдiңiз бе? «Iстеген тындырады, iздеген табады» деген рас екен.
Жүрегiм Карлге бiр түрлi жылып кеттi. Жинағанымның, тапқанымның, бiлгенiмнiң бәрiн алдына жайып салғым келдi.
Екеумiз екi кеш ұзақ әңгiмелестiк. Сонау 1958 жылғы 21 февральда «Лениншiл жас» газетiнде алғаш шыққан «Рейхстагқа ту тiккен қазақ» атты мақаламнан бастап, бәрiн көрсеттiм. Осы жолдардың эпиграфына алынып отырған жазушы Борис Горбатовтың сөздерiн оқыған Карл:
– Қандай ғажап тауып айтылған сөз! Қай бүркiт, қай қыран теңесе алады онымен?! – дедi.
Мiне, 150-шi дивизияның «Воин Родины» газетiнде шыққан материалдар, Василий Субботиннiң жазғандары. Субботинмен жалғастырған да Баукең екенiн айттым.
«Қырым», «Советский воин», «Дружные ребята», «Новый мир» журналдары, ондағы В.Е.Субботиннiң жазғандары, «Жұлдыз», «Простор» журналдары, «Фрунзевец», «Социалистiк Қазақстан», «Қазақ әдебиетi» газеттерi – ондағы жазғандарым.
Мынау «Комсомольская правда» газетiнiң редакциясымен алмасқан хаттар, Чикин жолдастың сұратқан материалдары, «Ту тiгушiлер» деп жарияланған бет.
КПСС Орталық Комитетi жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Ұлы Отан соғысы бөлiмiне арнап, Рахымжан жайлы жинаған материалдар – өз алдына бiр төбе.

Не керек, ұзын саны 100-ге тарта дерек документтердi көрсеткенде, Карл:
– Маған ендi архивтен еш нәрсенi iздеудiң қажетi жоқ, – деп қуанып кеттi.
Рахымжанның өзiмен болған кездесу Карлды одан да зор қуанышқа бөледi. Карлге алда келе жатқан Жеңiстiң 20 жылдығына қарай, Рахымжан туралы деректi повесть жазғым келетiнiн айттым.
– Бiрақ менi қинайтын бiр жайт бар. Ол – менiң соғысты көзiммен көрмегенiм. Ол кезде баламын. Берлинде болған адам емеспiн. Сүйенерiм – Рахымжанның өз айтқандары мен қолдағы документтер ғана. Шiркiн-ай, көзбен көргенге не жетсiн! Ең болмаса, жорық жолдарын бiр шолып өтер ме едi?! – дедiм.
– Бiрлi-жарым кiтап, мақалалар болмаса, ол кезде қазiргiдей салиқалы мемуарлар, Ұлы Отан соғысының тарихы жайлы том-том кiтаптар әлi шығып үлгерген жоқ-ты.
Карл менiң ойымды түсiндi. Бiрақ үндемей отырды да:
– Мен қолымнан келген жәрдемiмдi аямайын, – дедi.
Карлге бiр ғана сырды айтқан жоқпын. Ол Баукең екеумiздiң арамыздағы үлкен құпия болатын. Екi жылдың iшiнде Рахымжанның насихаты бiраз жерге барды да, жұрт оны жақсы бiлдi. Баукең менiң жазғандарымды жiбермей оқып отырды, кездесуiмiз жиiледi. Соның бiрiнде:
– Ал ендi осынша еңбектi аяқсыз қалдыруға болмайды. Бiздiң еңбегiмiздi емес, Рахымжанның. Оны Батырлық атаққа ұсыну керек. Ол – шын батыр. Мұны iстеу – сенi мен маған азаматтық парыз. Анау – сан мыңдап қаза тапқандардың аманаты.

Бiраз үнсiз отырды да:
– Мен Iлияс Омаровен сөйлестiм. Барлық жайды айттым. Ол сенiң жазғандарыңмен түгел таныс екен. Между прочим, сенiмен кездескiсi келедi. Уақыт тауып барғын. Ол ақылды адам, мен оны қатты сыйлаймын. Ал ендi сен мынаны жаса. Жазғандарыңның негiзiнде орысша справка жаз. Маған көрсеткiн. Iлиясқа да бiр данасын ала бар. Ол Республика басшыларымен сөйлеспекшi, түсiндiң бе сөздiң төркiнiн? – дедi.
– Түсiндiм, Бауке.
– Түсiнсең сол. Қимылдау керек.
Баукеңнiң ойға алған нәрсесiн орындамай қоймайтынына сан мәрте көзiм жеткен. Шыңдап тастаған әскери тәртiптiң табы болу керек, тапсырманың дәл уақытында орындалуын қалайды. Бұл талабы менi де ширата түскен. Әсiресе, мына айтқанын ыбылжып, созып алмауым керек.
Көп кешiкпей Iлияс Омаровқа жолықтым. Ол кезiнде Iлекең Қазақ ССР Мемлекеттiк жоспарлау комитетi председателiнiң бiрiншi орынбасары болып iстедi. Өте жылы қарсы алды. Кабинетiнде ұзақ әңгiмелестi. Жүзiнен мейiрбандық, бiлiмдiлiк есiп тұрды. Әсiресе, маған қатты әсер еткенi – жауынгерлерге, соғыс қаһармандарына, арысы жалпы адамға деген үлкен сүйiспеншiлiгi.
Мен жазған қағазбен танысып шықты да:
– Маған тастап кет. Хабарласып тұр. Үлкен жұмыс жасап жүр екенсiң, қарағым, – дедi.
Осы сөздi арқаланып кабинеттен шыққан маған Бауыржан мен Iлиясты тұтастырып тұрған сезiм жайлы толып жатқан ойлар келдi.
Көп кешiкпей Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетiнiң Әкiмшiлiк бөлiмiне шақырылдым. Онда менiмен Мәметқазин жолдас әңгiмелестi. Оның алдына да Рахымжан туралы жазылған материалдардың негiзiнде анықтама және осы iске сонау Баукең шақырған күннен бастап қалай кiрiскенiм жайлы түсiнiктеме тастап кеттiм. Жүрегiм Рахымжан жайлы үлкен бiр қарекеттiң басталғалы тұрғанын сезгендей болды.
Кейiннен бiлдiм, осы қарекетке мықтап атсалысқан адам Жұмабай Тәшенов екен. Ол кезде Жұмекең Қазақ ССР Жоғары Советi Президиумының председателi болып iстейтiн. Баукеңнiң айтуында тиiстi материалдармен қаруланған Жұмекең Москвада СССР Жоғары Советi Президиумы Председателiнiң орынбасары ретiнде бiр айлық кезекшiлiк қызметiнде Рахымжан жөнiндегi Бас штабтың архивiндегi материалдарды көтертiп, одан Рахымжанның кезiнде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын бiлiп, оның нелiктен өтпегенi жайлы маршал И.С.Коневтi шақырып сұрайды. Өйткенi И.С.Конев соғыстан кейiн Бас штабтың бастығы болған. Тәшеновтiң қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады, екеуi қатты сөзге келедi. Жүгiнуге К.Е.Ворошиловқа барады. Климент Ефремович өзiнiң орынбасары мен әйгiлi маршалды татуластыруға күш салады. Даудың түйiнi назардан тыс қалады.
– Бәрi Климент Ефремовичтiң азусыздығынан болды, – дептi Тәшенов Баукеңе.
Тәшеновтiң барлау ретiндегi қарекетi нәтижесiз болған соң, өзiмiздiң Орталық Комитет те бұл мәселенi қараудан бой тартса керек.
– Жұмекең де мен секiлдi қызба ғой. Екеумiздi құртып жүрген – мiнез, – дедi бiр әңгiмесiнде Баукең.
Бұл сырларды, әрине, мен Карлге айтқан жоқпын. Одан тек Рейхстаг жөнiнде ГДР архивiндегi материалдармен көмектесудi сұрадым. Жазылып жатқан деректi повесть үшiн ол өте қажет едi. Жарты жыл өткен соң, Берлиннен үлкен пакет келдi. Карл Кокошкодан екен. Пакеттiң iшiнде Берлиннiң соғыс кезiндегi картасы. Рейхстагтың соғысқа дейiнгi, қираған кездегi, соғыстан кейiнгi суреттерi. Ең кереметi – 3-тегеурiндi Армияның Берлинге кiргеннен бастап, Рейхстагты алғанға дейiнгi шайқас жолы тайға таңба басқандай көрсетiлген. Кәдiмгi немiс баласына тән ұқыптылықпен жасалған үлкен жұмыс. Рахымжанға жүз айтқызғаннан гөрi мынаған бiр қарау әлдеқайда түсiнiктi. Хатында Рахымжан жайлы өзiнiң немiс тiлiнде шығарған мақалаларын атапты.
1965 жыл. Ұлы Жеңiстiң 20 жылдығы қарсаңында деректi повесiмдi жазып бiтiп, көңiлдi жүргем. «Кернеген кек» деп атадым. Қошқарбаевтың ерлiгi туралы баспасөзде көп материалдар шықты. «Правда» газетiне Василий Субботин жазды. «Литературная газета» да жақсы мақала басты. Ақындар да бұл тақырыпқа лап қойды. Ең ғажабы, осы кезде Ұлы Отан соғысы тарихының бесiншi томы шығып үлгердi. Оған еленiп-екшеленiп талай сараптан өтiп, Рейхстагты алуда жаппай ерлiк көрсеткен Совет жауынгерлерiнiң ең ерендерiнiң, бұған дейiн сирек айтылып, тiптi, мүлде айтылмай жүргендерiнiң есiмi жазылды. Мiне, солардың iшiнде Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың да аттары бар едi.
Бесiншi томды оқығанда менiң есiме тағы да Баукеңнiң «Он – исторический человек» деген сөзi түстi. Шынында, тарих дегенiң мына алдымызда жатқан қалың томдар емес пе?!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста