Батыс Қазақстан облысының автокөлік жүргізушілері газдан тарығып отыр. Өңірдегі газ құю стансаларының кейбірінде көгілдір отын талонмен сатылса, енді бірінде мүлдем жоқ.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Кешеден бері газ іздеп жүрмін заправкаларды аралап. Еш жерде газ жоқ. бүкіл жерде кезек. Бір-екі сағаттай тұрдым. Білмеймін, газға бай елміз, бірақ осындай проблемалар жиі болады.
- Жаңа жігіттерден естідім. Басқа жерде газ жоқ, таба алмайсың дегесін, осы жақтан жаса дегесін осы жаққа келіп тұрғаным.
Салаға жауапты шенеуніктер аймақтағы газ тапшылығы әдеттегідей атыраулық мұнай өңдеу зауытына байланысты дейді. Кәсіпорын екі аптаға жөндеуге жабылған. 22 ақпанда ғана іске қосылады. Бүгінде өңірдегі газ толтыру стансаларында тек төрт күнге жететін газ қалды, бірақ жағдайды реттейміз дейді. Олардың айтуынша, көгілдір отын көршілес Ақтөбе облысы мен жергілікті газ кенішінен жеткізіледі.
Қанат ӨМІРӘЛИЕВ, БҚО энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: Осындай мәселе бұрын жылына бір-екі рет болатын. Қазіргі таңда екі ай сайын қайталанып отыр. Мұның барлығы мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс жұмысын тоқтатуына байланысты. Енді алдағы уақытта осы мәселелерді болдырмас үшін облыс әкімдігі мен энергетика министрлігі арасында келіссөздер жүргізіліп, түсіністіктер бар. Алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдай болған жағдайда басқа зауыттан алу жоспарланып отыр.