Соңғы кездері елімізде жаға ұстатарлық жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, отбасылық жанжалдар мен ұрыс-керістер көбеймесе, кемімей отыр. Мұның бір себебі &ndash жәбірленушілердің дер кезінде құзырлы орындарға арыз жазбай, мәселені жылы жауып қоя салуы. Бұл жөнінде zamana.kz сайтында жарияланды.
Осыған дейін ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 25 пайызға артқаны туралы айтқан болатын. Дегенмен, министрдің айтуынша, зардап шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға жүгінеді екен.
Үнемі отбасылық даулы мәсе­лелердің басы-қасында жүретін белгілі журналист Гүлмира Әбіқай да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тиылмай тұрғанын айтып дабыл қағуда. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жиі жазады. Біз сол оқиғалардың бірқатарын сол күйінде жариялап отырмыз.
Отырса опақ, тұрса сопақ&hellip
«Ирина Саматпен 2017 жылы танысты. Келіншек жігітпен тез тіл табысты. Көп ұзамай Ирина жүкті болды. Отбасындағы алғашқы шыны сол кезде шытынады. Мұның соңы ұрыс-керіс, агрессиялық зорлықтар­ға ұласып, соңғы бір жылда келіншек тиранның уысында қалды. Әр аузын ашса жұдырықтау, өз пікірін білдірсе, өлімші қылып сабау жиі орын алды, отырса опақ, тұрса сопақ қыл­ды.
Самат &ndash бизнесменнің баласы, не ішем, не кием демей өсті. Ең алғаш Иринаны ұрғанда: «Маған сот жоқ. Бәрін ақшамен сатып аламын!» &ndash деді.
Ирина баласын туғалы көрген жоқ. Самат оны бірден әкесінің қарауына берген. Нәрестесін іздеген жас ана өзін-өзі өлтірмекші болды, полицияға шағымданды, еш нәрсе өзгерген жоқ.
Қатты таяқ жеген Ирина үйден ебін тауып қашып шығып, анасына барады. Сол кезде Самат екінші қабаттағы енесінің пәтеріне өрт сөндіретін сатымен өрмелеп шығып, есік-терезені сындырып кіріп, әйелін аяусыз төмпештеп, көлікке салып әкетеді. Осы оқиғаға куә болған ондаған көрші-қолаң ернін бір сылп еткізді, алайда ешкім полицияға хабарлаған жоқ.
Зорлықты көбейтетін &ndash немқұрайдылық. Нұр-Сұлтан қалалық полициясы бұл оқиғаға қатысты бірнеше бап бойынша іс қозғады», &ndash деп жазады журналист.
Тұншықтырып өлтірмекші болған
Осы секілді оқиға Орал қаласында да болған екен. «Күйеуі (әкімшілік полиция капитаны) өлімші етіп сабап тастаған Әсел Ақанова құқық қорғау органдарының жа­уапсыздығына шағым жасады. Бұл &ndash күйеуі Ж. Хамитовтың Әселге алғаш рет қол көтеруі емес. Жылдар бойы қатыгездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған келіншек күйеуінің ішімдікке жақындығын айтады.
«2019 жылы қыркүйекте араққа сылқия тойып алған ол мені ессіз ұрып, ваннаға тұншықтырып өлтір­мекші де болған. Қызым шырқырап жылаған соң бір мезгіл қолын босатқанда қашып құтылып, көрші­лерді паналадым», &ndash деп еске түсірді Әсел. Ең сорақысы, мұндай оқиғалар үш жасар сәбидің көзінше орын алуда. Қатыгездікке шарасыз кішкентай қыз уайымнан өз тырнақтарын кеміріп тастаған», &ndash дейді тағы да.
Екі жасар қызын пышақтап тастапты
Ал желідегі мына бір хат тіпті жан түршіктіреді. Онда былай делінген:
«Бізде, Қызылордада осыдан 1-2 күн бұрын әкесі өз қызын пышақтап тастады. Қызы небәрі 2 жаста. Қызын көтеріп, құшақтап сүйіп тұрып, 3 рет пышақ тыққан. Анасы арыз жазды, бірақ бір күнге қамап, босатып жіберіпті.
Кішкентай періште әлсіз, ауруханада жатыр. Ал әкесымақ  ештеңе болмағандай үйінде жүр. Әйелінің туыстары жоқтығын пайдаланып, осы уақытқа дейін әйеліне жасамағаны жоқ. Басын да жарды, мұрнын да сындырды. Енді бұл жолы өз туған қызын пышақтады».
«Қырып кете ме деп қорқамын&hellip»
Келесі хаттың иесі кімге барып, қайдан көмек сұрарын білмей отыр.
«Мен Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында тұрған едім. Сол кезде бір жігітпен кездейсоқ таныс­тым. Жақсы сөйлесіп жүрдік. Кейін ол ауыр сөздер айтып, мені, бала-шағамды қорқыта бастаған соң менен «аулақ жүр» деп едім, пышақ алып жүгіре бастады. Балаларым қорқып, далаға шығудан қалды. Қанша айтсам да, соңымнан қалар емес. Түнде де, күндіз де келіп, өзін-өзі пышақтап: «Енді сенің кезегің, бала-шағаңмен осылай бауыздаймын», &ndash деп қорқытып жүр. Құрбымның үйіне қашып келдім, ол жерді де тауып алып, оларға да айтпаған сөзі қалмады. Құрбым эпилепсиямен ауырады, зияны тиіп кете ме деп қорқамын. Барар жер, басар тауым жоқ. 102-ге хабарлассақ, учаскелік полиция келіп: «Өлтіріп кетсе немесе терезеңді сындырса ғана айт, болмаса мазалама. Бала-шағаңмен далаға шықпай, үйіңде отыр», &ndash дейді. Балалар ойнағысы келеді, бірақ үйден шығуға қорқамыз. Бала-шағаммен қырып кете ме деп үрейіміз ұшып отыр», &ndash дейді ол.
Қашуға бел байлап отыр
25 жастағы Жанар есімді келіншек бала-шағасын тастап қашудан бас­қа амалы жоқ екенін айтады.
«Қорқамын, қатты қорқамын. Қашамын, басқа амалым қалмады. Бірақ балаларым не болады? Жүрегім қақ айырылып барады. Бірақ мен балаларымның керек­сіздігінен кетіп бара жатқаным жоқ. Амалымның жоқтығынан, қайтейін?! Кімнен көмек сұраймын? Кімге барайын? Кім мені төрт баламен есігін ашып қарсы алады? Күнімді қалай көремін? Бала-шаға не жейді, не ішеді? Уайымым &ndash сол.
Есімім &ndash Жанар, 25 жастамын, төрт баланың анасымын. Күйеуім ұрып, тепкілеп тастады. Қызымды алып қашамын. Тұрғым келмейді. Қалған бала-шағамды қайтемін, не істеймін, білмеймін. Бірақ оларды ешкімге бермеймін. Сауығып, аяққа сәл тұрғанша әкесінде қалдырмас­қа амалым жоқ. Қалдырсам, бөтен жер емес. Мәңгілікке тастамаймын. Ертең күйеуім: «Сен қалдырып кеткенсің», &ndash деп бермей қоя ма деп те қорқамын. Бірақ мен әдейі тастап кетіп бара жатқан жоқпын. Тепкіге салып, ұрып, қолымды шығарып, қылқындырып тастайды. «Өлтіремін! Асып қоямын!» &ndash дейді. Не істесем екен?» &ndash деп амалы құруда.
Бұрынғы күйеуі бопсалап жүр екен
«Жасым &ndash 28-де, бірінші тұрмысым сәтсіз болды. Жеті жасар қызым бар. Қызымның әкесімен бес жыл тұрдық. Ажырасқан соң Алматыда, Атырауда жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп сонда бірге жұмыс істейтін жігітпен танысып, былтыр қыркүйекте үйлендік. Азаматтық некеде едік. Ол мені: «Заңды некеге отырайық», &ndash деп қаншама сүйреледі, бірақ мен қаламадым. Себебі картадағы ақшамды қалағанынша жарататын. Мен: «Киім алам», &ndash десем: «Бар киіміңді ки де, жүре бер, бар ғой», &ndash дейтін.
Маған  қол көтеріп, қылқындырып, «отвертканы» басыма тығып ала жаздады. Басымнан теуіп, «сотрясение» болдым. Енді сол күйеуім мені өзіне қайтару үшін бәрін істеуде. Бопсалап, ақша талап етеді. «Мен сені бәрібір тауып аламын, өлтіремін, ашулансам пышақ алып жүгіретінімді өзің де білесің, мені оған жеткізбе», &ndash дейді. Мен онымен қайта қосылғым келмейді. «Ұмыт мені, хабарласпа» &ndash десем, сөз ұқпайды. Менен ақша талап етіп, шантаж жасағаны жайында «участковыйға» айтқан болатынмын. Бірақ арыз жазбадым, қорқамын», &ndash деп жазады  тағы бір келіншек.
&hellipБұл &ndash елімізде орын алып отырған оқиғалардың тек бірнешеуі ғана.  Өкінішке орай, тығырыққа тіреліп, не істерін, қайда барарын білмей отырған әйелдер саны күн санап көбейіп келеді.  Осындайда заңның әлсіздігі қынжылтады. Қатаң жаза қолданса, қиналған жандардың қатары да азаяр ма еді, бәлкім?
М. ӘМІР.