Уақыт өтіп, заман өзгерген сайын тәртіп сақшыларына қойылатын талап пен міндеттер де өзгерді. Ендігі кезекте тәртіп сақшыларының алдында өзіне берілген тапсырманы тез және тиянақты орындау ғана емес, халықтың сеніміне ие болу мәселесі шығып отыр. Өйткені бүгінгі таңда полиция қызметкерлеріне деген халықтың сенімі азайғаны жасырын емес. Осы орайда «полиция қызметкері қандай болу керек» деген сауалға жауап алу мақсатында, Алматы облыстық ІІД бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Берік Байболұлы Бисенқұлов мырзаны әңгімеге тартқан едік.
– Берік БАЙБОЛҰЛЫ, полицияға қызмет етуге келген азамат қандай талаптарға сай болуы керек?
– Менің ойымша, бүгінгі күннің тәртіп сақшысы ең алдымен жоғары білімді, мәдениетті, жан-жақты, әр нәрсеге байыппен қарап, артын болжай білетін көреген, кең ауқымды түсінігі мол, саяси сауатты бола білуі аса қажет. Маманнан жан-жақты біліктілік талап етіледі. Сондай-ақ тәртіп сақшысына психологиялық дайындық пен сезімталдық та артықтық етпейді. Мәселен, қызмет барысында азаматтардан жаныңды жаралайтын жаман сөздер естуің, не болмаса тосын жағдайға душар болуың мүмкін. Осындай жағдайда сабырлылық таныта білу қажет. Ал егер сабырлылық таныта алмай, ашуға салса, онда ол қызметкер өрескел әрекет жасап, заңсыздыққа баруы мүмкін. Мұндай жағдайда, «бір құмалақ бір қарын майды ірітеді» дегендей, бір полиция қызметкерінің қылығы, бүкіл Ішкі істер органына күйе жағады. Сондықтан кадр қызметінің басты жұмысы да – Ішкі істер органына қызметке қабылдау кезінде қырағылық танытып, мамандарды дұрыс іріктей білу болып табылады.
– Жалпы, қазіргі уақытта заңсыз әрекеттерге баратын полиция қызметкерлері жиі кездесе ме? Мұндай жағдайда қандай шара қолданасыздар?
– Әр қызметкер ішкі істер саласының айнасы іспеттес. Бір ғана тәртіп сақшысының әрекеті арқылы бүкіл жүйеге баға берілетіні жасырын емес. 2009 жылы Алматы облыстық ІІД-нің алты тәртіп сақшысы жұмыстан шығарылды. Осы жылдың басынан бері бір қызметкер жұмыстан қуылды. Біз заңды белден басып, полиция қызметкері деген атқа кір келтірген қызметкерлерді дер кезінде және қатаң түрде жазаға тартуға тырысамыз. Соның ішінде, әсіресе жемқорлыққа жол бергендерге кешірім жоқ. Нақты мысалдарға тоқталар болсақ, осы жылдың басынан бері облыстық ІІД-нің тәртіп сақшыларына қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды, оның бесеуі жемқорлыққа байланысты болып отыр.
– Халықтың полиция қызметкерлеріне деген көзқарасын оңалту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Үстіне полицейлік форма киген адамдарға бір жақты үстірт көзқараспен қарауға болмайды. Кейде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәртіп сақшылары жайлы алып-қашпа жеңіл сөздердің тарап жататынын естіп, көріп қаламыз. Бір қызметкердің қателігі үшін бәрін бірдей кінәлауға тырысатындар бар. Ал, шын мәнінде, олай емес. Тәртіп сақшысы дегеніміз күн-түн демей, кез келген уақытта азаматтарға қол ұшын созуға даяр жандар екенін естен шығармайық. Елімізде орын алып жатқан жүздеген, мыңдаған қылмысты ашып, қылмыскерлерді заң алдында жауап беруге мәжбүрлейтін де сол тәртіп сақшылары. Солардың тынымсыз еңбектерінің арқасында жүздеген адам ажалдан арашаланып, халқымыз алаңсыз күн кешуде. Сол жолда өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, заң бұзушылықпен бел шеше күрескен тәртіп сақшыларының ерліктерін ұмытпауымыз керек. Мәселен, өткен жылы қарулы қылмыскерлерді ұстау барысында Талғар АІІБ аға лейтенанты Әділжан Еділ Бақытұлы қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. ҚР Президентінің бұйрығымен оған ІІ-дәрежелі «Айбын» төсбелгісі берілді. Сол сәтте оның әріптесі Дулат Жылқыайдаров ауыр жарақат алған. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Аса маңызды операцияны өткізу барында Сарқант АІІБ қызметкері Ермұқаш Қасенов қылмыскерлердің қолынан өлім құшты. Ол ІІІ-дәрежелі «Айбын» төсбелгісімен марапатталды. Полиция капитаны Дәулет Мұрзабаевқа да ІІ-дәрежелі «Айбын» төсбелгісі берілді. Осы жылы Президенттің бұйрығымен ІІ-дәрежелі «Айбын» төсбелгісі Жамбыл АІІБ қызметкері Бақтияр Құрамысовқа берілді.
– Кейде қылмыстың дер кезінде ашылмауына «полиция қызметкерлерінің техникалық жабдықталуының нашарлығы себеп» дегенді естіп жатамыз. Сіздерде мұндай мәселе туындамай ма?
– Дегенмен қазіргі таңда тәртіп сақшыларының еңбегі ел тарапынан еленіп, басқарушы билік органдарының да қамқорлығына бөленіп келеді. Соның арқасында қылмысқа қарсы күрес жүргізуде біраз нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Соңғы кездері облыс аймақтарында қылмыстың саны едәуір азайды. Бұған облыстық ІІД басшылығы тікелей әсер етті деп нық сеніммен айтуға болады. Жергілікті әкімшілік үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, біздің ұсынысымыз бойынша облыс әкімшілі 213 қызметкерге штат бөлді. Оған біз Жол полициясы қызметкерлерін, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторларды және патрульдік полиция бөлімшесіне жаңа қызметкерлер алдық. Нәтижесінде, көптеген олқылықтардың орнын толтырдық. Мәселен, Талдықорған қаласында орналасқан мектептердің бәріне керекті мектеп инспекторлары, яғни жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар тағайындалды. Осы арқылы мектеп, тағы басқа оқу орындарында орын алатын заңбұзушылықтардың алды алынып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Ішкі істер министірлігі көрсеткен көмекті айрықша атап өткім келеді. Өткен жылы ІІМ қаржыландыруымен облысымызда Жедел Басқару орталығы құрылды. Енді келіп түскен хабарлар мен арыз-шағымдар әр жерден емес, бір аймақтан таралуға мүмкіндік алды. Облыс аймақтарына бейнекамералар орнатылды. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында заңбұзушылықтар мен орын алған қылмыстарды ашудың жаңа тәсілдері іске қосылды.
Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ІІД техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Осы жылы облыстық бюджеттен ІІД арналып 388,5 миллион теңге бөлінді. Оның 250 миллионы тәртіп сақшыларына қызметтік автокөліктер алуға жұмсалды. Қазіргі кезде арнайы техникалық жабдықтармен қамтылған 144 автокөлікке тапсырыс беріліп, келісімшарт жасалды. Қазірдің өзінде 112 қызметктік автокөлік алынып, тәртіп сақшыларының пайдалануына берілді.
Басты мақсат–халықтың сенімі
Последние статьи автора