Барлауда домбырасын қалдырған батырлар қайда екен?
Бүгінде 80-нің жуан ортасынан асқан Өміртай Ахмадиев – қаһарлы күндерде соғысқа барлаушы ретінде қатысқан ардагер. Ол 1942 жылы ақпан айында 19 жасында соғысқа түсті. Майдан алдында бес айдай Забайкалье әскери округінде болып, арнайы оқу-жаттығу курстарынан өткен Өмекеңнің тобы Орынборда 59-полк құрамында тағы да жарты айдай болып, соғыс тәртібіне бейімделеді. Орынбордан 10 шақырым жерде орналасқан бұл полкке тек соғыстың алғы шебіне баратындарды оқытып, дайындау жүктелген болатын.
Ер Тарғын, Ер Сайын мен Едігелер де соңғы соғысқа «қатысты»
Бір қызығы, осы полк құрамында қазақ жауынгерлері көп болғандықтан, әрбір батальонда бір-бір жырау және әншілер болған екен. Олар алғы шепке әзірленіп жатқан жауынгерлерге жігер беріп, «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге», «Қамбар батыр», «Ер Қосай» тәрізді ірі эпикалық жырларды жатқа соғып отырады.
– Жаттығудан келгенде, беті-қолды жуып тамақтанып алып, жыр тыңдаймыз. Жырдың бәрінде дерлік Отан, ел, жер қорғау тақырыбы айтылады. Осыны тыңдағаннан кейін біз сияқты жастар шоқтай жанып шыға келеміз. Біз де сондай боламыз деп еліктейміз. Біз соғысқа «жолдама» алғанда Орынбордан Орскіге алып келді. Жыраулар сонда да жанымызда жүрді. Солардың жырымен жігерленіп, вагонға міндік, – дейді сол бір шақты еске алғанда Өміртай ақсақал.
Бұл кезде Мәскеу түбіндегі Рязань, Мәскеу, Иванов, Владимир, Ярослав облыстары жауынгерлерінен құралған 4-екпінді армияның құрамындағы 135-дивизияның кетеуі кетіп, қатары біршама азайып қалған екен. Оған Орынбор, Қызылорда, Орал, Гурьев, Петропавл облыстарынан барған барлығы дерлік қазақ жігіттері қосылып, әскерге жаңа толықтыру жасалады.
Калинин майданындағы қазақтың қас батырлары
Ө.Ахмадиев құрамында болған Калинин майданы қазақтардың көптігімен ерекшеленетін. Басқасын былай қойғанда, батыр қазақтардың алғашқылары осы Калинин майданынан шыққаны белгілі. Айталық, олардың қатарында қазақтардың арасында бірінші болып Кеңес Одағының Батыры атанған әйгілі Төлеген Тоқтаров, батырлығы бертінде ғана бағаланған даңқты Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин, «шығыс жұлдыздары» атанған қазақ қыздары Әлия мен Мәншүк бар еді. Осындай жанқияр жауынгерлерден жасақталған Калинин майданы Мәскеудің солтүстік-батысын қорғап тұрды.
– Калинин майданының мұрны бұзылса, немістер Мәскеуді басып алуы әбден мүмкін еді. Қазақ дивизияларының көбі сонда болды. Мәселен, 300-інші және 301-бригада Калинин майданының сол қанатындағы шепті мығым ұстады. Қазақтың 101-інші және 103-дивизиясы да осы майданда болды. Біздің жігіттердің «Мәскеуді алып қалған – қазақтар» деп мақтанатыны да сондықтан. 1942 жылдың маусым айында 135-дивизияға Қазақстаннан келіп қосылған құрамның командирлері болмаса, басқасы түгелдей дерлік, анықтай айтқанда, 90 пайызы қазақ болды. Өкінішке қарай, сол қазақтың көбі қырылып қалды ғой, – дейді Өмекең сұрапыл соғыстағы есіл ерлерді еске алып.
Барлауға әр барғаның – бір майдан
Барлау – соғыстың ішіндегі соғыс. Майдан шебінің тағдырын шешетін де осы – барлау. Барлаудан алынған мәліметтер байыпты болса ғана алға жылжуға болады. Олай болмаған жағдайда мүлде керісінше жағдайға ұшырау аса қиын емес. Сондықтан соғыста барлаушы болған Өміртай ақсақалдың небір сындарлы шақтарды өткергені анық. Оны тұщынудың өзі оңай болмасы хақ. Өйткені барлауға әр барғаның бір-бір майданмен бірдей болғаны ақиқат. Өмекеңнің өзі былай дейді:
– Өзіміздің полктер мен дивизиялардың қай жерге бекінгенін ғана білеміз. Біздің құрамда саперлер, радист және атқыштар болады. Атқыштар алғы шептен бізді қорғап өткізіп жібереді де, өздері қалып қояды, ал бірге еріп шыққан саперлер жолымызды ашып, аршып отырады. Біз екі жақтың алғы шебінен өтерде не оң жақ, не сол жақ қанаттан алдайтын атыс жібереді. Сол аралықта біз ары қарай өтіп кетеміз. Қайтарда да солай, біздің жақ келе жатқанымыздың хабарын алысымен жолды ашып, дайындап қояды. Рация арқылы байланысамыз. Атыс басталып кеткенде, біз де сол көрсетілген бағытпен жылжып береміз.
Иә, бұл әр күніңді емес, әр сәтің таразыға тартылған, өлім мен өмір белдесіп, адам тағдырын санаулы секундтар шешкен алапат күндер болатын...
Ардагердің айтуынша, немістердің барлауы күшті болғанға ұқсайды. Олар бергі жақтың барлаушыларына ұқсап, 20-30 болып топырлап жүрмейді. 5-6-дан аспайтын неміс барлаушылары барлық техникамен жарақтанған. Оның үстіне олар бұдан бұрын да соғысты өткерген тәжірибелі болып келеді.
– Біз неміс барлаушыларымен салыстырғанда бала болдық. Бір фашистің барлаушысын алу үшін 4-5 адам керек. Сонда соғыстағы немістер өңшең алып денелі, денсаулығы мықты келеді. Бірақ немістер арасында жараланғаны болса, тастап, өздері өлтіріп кете береді. Біздің барлаушылар серігін қайткен күнде де алып кетуді ойлайды. Бізден тұтқынға түскендер болған жоқ. Бізді «тұтқынға түспеңдер» деп үгіттеп жіберетін, – деген Өміртай ақсақал 1942 жылы Ржев түбінде 39-армияның түгелдей, 3-екпінді армияның басым бөлігі қырылғанын, соның ішінде 101-інші және 103-дивизиялардың шығыны көп болғанын айтады.
– Бұл турасында кезінде атауға да қорқатын. Айтылса, енді ғана айтылып жатыр. Мәселен, Белый қаласын аларда жай адам тұрмақ, тұтас армия қырылып қалған үлкен трагедия болды, – деп күрсінеді Өмекең. Ол кісінің өзі болса, Ржев маңындағы майданда барлау кезінде ауыр жараланып, оралады. Кейін осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған еді. Ал мұның алдындағы барлаудағы батылдығы үшін Өмекең екі мәрте «Ерлігі үшін» медалінің иегері атанған еді.
Бұрынғы барлаушының айтуынша, ол Тверь орманында, жау тылында жүріп жараланған. Аяғынан жараланып, ес-түссіз жатқанда, оны серіктері екі күн бойы плащ-палаткамен тасып жүрген екен. Оқиға екі жақ барлаушыларының барлаудан қайтып келе жатып атысқан кезінде өрістеген.
Өміртай ақсақал осы шайқаста жараланған өзін алып шыққан қасындағы серіктері Сатқан Серікбосынов пен Оразхан Сұраншыновты елжірей еске алады. Ес-түссіз жатқан Өмекеңді Сатқан мен Оразхан кезек-кезек арқалап, 419-дала госпиталіне жеткізіп, өздері кезекті тапсырмамен әрі кеткен екен. Бір өкініштісі, барлаушының бір ротадағы қандыкөйлек достарынан осы күнге дейін еш хабар жоқ.
Қан майданда қарағай басында қалған домбыра
– Сол Сатқан ән-күй десе, жанып түсетін жігерлі, шымыр жігіт еді. Ол ара-арасында уақыт болғанда, барлау жорығынан оралғанда әнді де нақышымен шырқап, күйді де келісті тартатын. Домбырашылдығына тәнті болған майдандастарға Сатқан көбінесе Махамбеттің әндері мен Құрманғазының күйлерін тартып беретін, – деген Өмекең Сатқанның майдан даласында қарағай басына домбырасын іліп кетуге мәжбүр болғанын айтады.
Ақсақалдың айтуынша, бірде тағы да жорыққа барар алдында «домбыраны қайттік?» деген мәселе туындайды. Тастап кету қиын, алып жүруге тағы болмайды. Барлаушылар жау тылында домбыраны алып жүрудің қиындық келтіретіндігін аңдаған соң, бір амалын қарастыру керек болады. Сонда олар домбыраны ормандағы қарағай ағашының басына іліп, тастап кетуге бекінеді. Кейін қайтып оралып, домбыраны алуға ұйғарғанымен, қанды майдан оған еш мұрша бермеген...
– Сатқан домбырасын қимай, қайта-қайта сүйіп, қарағайдың басына шықты. Биіктегі бұтақтың біріне ілген соң, қайта түскенде оның көздерінде жас тұрды. Барлауда барысша беріспейтін, жауға алдырмай жұлқынып жүретін жігіттің егілгенін көріп, біздің көңіліміз босады. Содан ба, Сатқан бірнеше мәрте қарғып барып, қарағай басындағы домбырасын кеудесіне ұстап, сүйіп қоштасты. Сөйткенше болған жоқ, бұйрық беріліп, ілгері кетуге тура келді. Ал қайран Сатқан домбырасына қайта-қайта қарағыштап, бейне қимас жанын қалдырып бара жатқандай күй кешті. Сірә, домбырасын қайтып көрмесін сезді ме екен? – дейді ақсақал.
...1989 жыл. Жамбыл облысы Талас ауданы «Ойық» совхозында ән кешін өткізген белгілі ғалым, композитор Ілия Жақановқа бір қария келіп, өзінің соғыс кезінде Калинин майданында шабуылға шығып бара жатып, қарағай басына ілінген домбыраны көргенін айтып береді. «Қарағай басында ызыңдап тұрған домбыра бір сәт туған жердің самалын жеткізіп, жігер бергендей көрінді», – деген қарт сонда композитормен біршама сырласқан екен. Бұл жайында композитор 1996 жылы Алматыда өткен авторлық кешінде әңгімелеп береді. Арада бір жыл өтеді. Бірде Ілия ағамызға Өміртай ағаның інілерінің бірі, белгілі дәрігер, ғалым, бүгінде марқұм Мұхтар Айтқазин хабарласып, қарағай басына ілінген домбыраның иесін білетін Өмекең жайында сөз қозғайды. Ілекең де алыстағы орыс орманындағы оқиғаның куәгері Өміртай ақсақалды көріп, бір тілдесуге құмартыпты. Мұқаң кейін Өміртай Ахмадиев пен Ілия Жақановты өз үйінде қонақ етіп, әсерлі жүздесуге себепкер болады. Содан кейін Сатқан Серікбосыновты майдангер де, композитор да екі жақтап іздестіре бастаған...
Жақсымен жақынның өзі де жақсы
Өміртай Ахмадиев кезінде батыр Баукеңмен де жақын араласып тұрған екен. Өмекең батырды алғаш 1942 жылы көріпті. Қарт майдангер сол тарихи сәттерді былай деп еске алады:
– Бірде Ржев қаласы маңындағы Палаткина, Денисовка елді мекендеріне 30-40 шақырым жерге дейін барлау жүргізуге дайындалып жаттық. Комиссар «қазақ жігіттері штабқа келсін» деген соң, ротадағы төрт қазақ сонда келдік. Келсек, штабта дивизия командирі Ромашев, өзімізді шақырған қазақ тілін жақсы білетін жерлес комиссар Булабуевпен қатар барлаушылар тобының бастығы Антонов және ыңғайлы ықшам киінген командир, қараторы қазақ отыр екен. Бұл қазағымыз атақты Бауыржан Момышұлы болып шықты. Сонда біздің әскердің немістерге бірігіп соққы беру жағы сөз болып, Баукең қазақ жігіттерінен барлаушылар іздеп келген екен. Бұдан кейін Баукеңді 1963 жылы бір-ақ көрдім. Содан бастап аралас-құралас болудың сәті түсті.
Жақсының алдын көрген Өміртай Ахмадиев соғыстан кейін сол кездегі ҚазМУ-ді бітіріп, бейбіт күндегі еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында мұғалім болудан бастайды. Одан кейін 21 жыл бойы Аягөз қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, сол кездегі қоғам ісіне белсене атсалысады. Бүгінде Өмекең – 4 баладан 4 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.
Небәрі 19 жасында соғысқа аттанып, ерте сыналып, ыстық күйінде шыңдалған ардагердің арманы да, айтары да әлі көп. Ал арманның үлкені – Сатқан досының бір хабары болар еді...