«Бақыт деген – сенің бала күндерің» деп жырлаған мұзбалақ ақын Мұқағали атамыздың осы ойларында бүгінде қаншалықты астар мен мән қалды екен? Балалық шағы қаншалықты бақытты өтіп жатқан қанша бала бар екен? Мұқағалидың балалық шағы, әрине, соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен бақытты бола қоймады. Тағдырдың, отбасының тауқыметтері әрбір он-он екі жастағы ұландарға тиесілі боп қалды. Ал, бүгінгі күндегі кейбір балалардың бақытсыздығы неде? Ешқандай соғыс, ашаршылық, жоқшылық жоқ қой, тәубе. Бірақ, бақытсыз балалардың саны арта түсуде.
«Тастанды бала» термині бұрын-соңды қазақ лексикасында болмаған ұғым еді. Өйткені, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ұлы халық едік. «Балалар үйі», «Аналар үйі» деген естір құлаққа түрпідей тиер, денеңде суық жылан ысылдап жүргендей әсер беретін сөздер шыққанына, оларға елдің құлағы мен көзі үйрене бастағанына, өкіметтің миллиондаған қаржыларды бөлгеніне біршама уақыттар өтіп жатыр. Олармен күресудің орнына, қолдау көрсету үдей түсуде.
Отбасылық өмірге не дайын емес, не бір-бірінің мінезін көтере алмау, өткінші сынақтарға дес бермеу, азғана ауыртпалықтарды бірлесе көтеруге ұмтылмау, әрқайсысы өз «меніне» салудың нәтижесінде осындай бақытсыздыққа душар болған «тірі жетімдер», «тастанды балалар», «көкек аналар» саны артып барады.
Бұлардың барлығының ең басты үлкен себепшісі – отбасылық тәрбие, өз ата-аналарымыз. Мысалы, көптеген ата-аналар баласына барлық жағдайды жасайды, үлде мен бүлдеге орайды, ешқандай еңбекке баулымайды. Барлық техниканы бағындырып, өздері де, балалары да саусақтарын қимылдатпай, жылы суға салып отырады. Ең ақшасы көптер үйінде қызметкер жалдайды. Өздері де, балалары да қолына газет-журнал ұстамайды, кітаптың бетін ашып қарамайды. Рухани құндылықтың барлығы кітапта, айналасындағы адамдармен жылы қарым-қатынаста екенін естен шығарған. Қолдарында ең соңғы үлгідегі қымбат гаджеттерді ұстап алған жасөспірімдердің мектептегі ұстаздарын тыңдамауы, сыйламауы да осының салдары. Содан келіп шығып, өз білгенімен өскен, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған, беттеріне жел боп келуге батына алмаған ата-анадан тәрбие алған ұл мен қыз ешкімнің бұйрығы мен тілегін орындамайды. Тек өз дегенімен жүру керек. Соңында, барлығын ақшамен өлшеп, қымбат дүниелермен сараптап үйренген олар ешқандай сөз де көтермейді, күнәні жасай сап оған өкінбейді, отбасылық ауыртпалықтарға мүлде төзбейді.
Екінші бір себеп те жоқ емес. Ол бүгінгі еліміздің кейбір әлеуметтік қатпарларындағы жоғарыдағы адамдарға кереғар орталар. Оларда, керісінше, өте аз деңгейдегі жалақы, оның нәтижесінде отбасындағы жетіспеушіліктен келіп туындайтын керістер, түрлі дерттерге шалдығу, ұл мен қыздың үйден қашуы, кейбірінің оңай жолмен ақша табам деп пәлеге ұрынуы – тастанды балалар мен бақытсыз балалардың санын арттыруда.
Осы екі топтың да көптеген қателігі – қалай болса да баласының қолына интернетке жалғанған гаджеттерді ұстатып, оны қадағалауға мұршаларының келмеуі. 10-15 жас арасындағы жасөспірімдердің оларды түрлі мақсаттарға пайдаланып, жаман жолдарға түсуі, түрлі діни ағымдарға өтіп кетуі, керек болса, үлкен қылмыстар жасап қоюы да белең алуда. Сонда мұның барлығын бақытты балалық деуге сая ма? Баламыздың бақыты қымбат көліктермен, қымбат киімдермен, техникалық құралдармен өлшеніп қалғаны ма? Онанша, олармен жақыннан сырласып, өзіміз қолымызға бір жақсы қызықты романды алып бірге оқысақ, ондағы кейіпкерлердің жан дүниесіне бойласақ, сыртқа серуендеуге, табиғат аясында әңгімелесуге апарсақ, айналадағы адамдармен мейірімділік ортасын орнатсақ, қазақтың ұлттық дәстүрлері мен құндылықтарын үйретсек, иба мен ар-ұятты, адамгершілікті ең басты орынға қойып үлгі болсақ балалардың өздері де, олардың балалары да бақытты боларына күмән қалмаушы еді. «Бауыр еті баласын» шырқыратып далаға ешкім қалдырмас еді, әке бір жақта, ана бір жақта ортада бала олардың мейіріміне зар боп есеймес еді. Десек те, «ештен кеш жақсы» демекші, әле де ата-аналар да ойланып, жастардың өздері де ақылға келіп, осы мәселелердің оңтайлы шешімдерге ойысарына үмітіміз мол.
Самал Бейбітқызы АСҚАР,
11-сынып оқушысы