Баланың балабақшадағы жағдайы қалай?
Оңтүстікте демографиялық өсiм республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Еліміздегі әрбiр бесiншi сәби оңтүстiкте дүниеге келедi. Cондықтан күнгейде балабақшаларға кезек күту көбірек. Нақты мәліметтерге жүгінсек, Шымкент қаласында 189 балабақша бар. Оның 73-і мемлекеттік болса, 84-і – жекеменшік балабақшалар. Ал мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар саны – 32. Жалпы есеппен оңтүстікте 117 438 бүлдіршіннің 31 614-і бақшаға барады. Біз көбінде байқай бермейміз. Жас өскіннің дені-қарны сау болып өсуі үшін оған 6 шаршы метрден астам еркін қозғалатын өз кеңістігі болуы керек екен.
Мәселенің тағы бір ұшы балабақшалардың қызметі, оның ішінде тамақтандыру мен жатын-орын басты назарда болуы керек. «Ас – адамның арқауы» демекші, жас сәбидің сау денелі өсіп-жетілуіне құнарлы азық ауадай қажет. Әрине, балабақша санының артуына байланысты қызмет көрсету түрінің де жақсара түсетіндігі белгілі. Шындығында, әр күні 5-6 сағатын сонда өткізетін еркелер, тіпті олардың ата-аналары үшін басты сұраныс балабақша қызметі болып тұр. Арыға бармай-ақ, Шымшаһарды алар болсақ, балабақша кезегінде тұрғандар саны 30 мыңның үстінде екен. Ал мемлекеттік бақшаға үміт артатындардың шоғыры, ұзын-сонар кезектегілердің санын дөп басып айтудың өзі қиын. Мектепке дейiнгi мекемелерге деген сұраныс жоғары. Бұрынғы балабақшалардың көпшiлiгi жекешелендiру науқанында арзан бағаға әлдеқашан сатылып кеткен. Республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылып, салынып жатқан балалар мекемелерi әлi де аз.
Осы түйткілдің күрмеуін шешу үшін оңтайлы шаралар да жоқ емес. Мәселен, бір ғана Сайрам ауданының өзінде қазына қаржысына қол жайып отыра бермей, игiлiктi iске бақуатты, қалталы азаматтар мен белгiлi бизнесмендер кірісіп, мектеп пен балабақша салынып та жатыр. Жекеменшiк-мемлекеттiк серiктестiк негiзiнде балабақшалар салу жағымды жаңалық ретiнде қолға алынып, кәсiпкерлерге кеңiнен қолдау көрсетiле бастады. Мысалы, сайрамдық кәсіпкер Низамхан Сүлейменов соңғы үш жылда барлығы үш балабақша ашып үлгеріпті. Сайрам ауылында 70 мыңнан астам халық тұрады. Солардың 1 пайызы бөбекжай мен балабақшаға баратын сәбилер десек, олардың саны 7 мыңнан асады екен. Алып Ресейдiң өзiнде 600 жеткiншекке арналған балабақша ғана бар. Ал бір ғана Сайрамдағы «Гүл Астана» балабақшасы 1000 бүлдiршiнге арналған. Осындағы 3 балабақшаға барлығы 2 мыңдай сәби қамтылып, 300-ге жуық жұмыс орны ашылды. Айтқандай, мұндай мектепке дейiнгi балалар мекемесi Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда, тiптi ТМД мемлекеттерiнде теңдесi жоқ болып шықты. Әрине, қос қабатты әрi А және Б корпустарынан тұратын жаңа типтi балабақшаны салу кәсiпкер үшiн оңайға түспегенi анық. Балабақша ашу кәсiпкер үшiн ешқандай пайда әкелмейдi. Мемлекет тарапынан әр балаға 18 мыңнан төленетiнi рас.
Серiк ӘУЕСХАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық бiлiм басқармасы басшысының орынбасары:
– Өңірдегі балабақша санының артуына байланысты толық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Әрине, өскелең ұрпақты тәрбиелеу iсiне келгенде, жекелеген кәсіпкер азаматтардың да еңбегі ерен. Өз қаражатына білім ұясын салып жүрген халық қалаулысы Низамхан Сүлейменов сияқты белсене араласып, әрқайсысы өз аудандары мен қалаларында осылайша үлес қосса, өңiрiмiзде «Балапан» бағдарламасының орындалу дәрежесi арта түскен болар едi.
Дегенмен жағымды істің де кейбір кемшілік жақтары болатыны белгілі. Шаһардағы жекеменшік балабақшалардың көбеюіне байланысты кейбіреулер шағын балабақшаларды көпқабатты үйлердің пәтерлерінде жасақтап, жұмыс істеуде. Ал ондай балабақшаларда балалардың ойнауына арналған ойын алаңдары болмайды. Әйтсе де бағасы арзандау болғасын, ол туралы талап та ескеріліп жатқан жоқ. Осылайша жекеменшік балабақшалардың қарапайым талаптары да жолда қалып жатады. Мәселен, кейбір балабақшалардың тамақтануға қажетті құрал-жабдықтардың әр баланың есімдерімен, болмаса таңбаланып, белгіленіп жатқаны көп емес. Тіпті тез бұзылатын тағамдардың дұрыс сақталмауы жиі тіркеледі. Бүгінгі таңда отбасылық балабақша ашуға лицензия беруге денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 25 шілдедегі №571 «Мектепке дейінгі ұйымдарды құруға және ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту туралы» бұйрығы негіз бола алады. Санитарлық ережелер мен нормалар толық сақталған жағдайда және «Білім беру қызметіне қойылатын лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Қаулыға сәйкес, отбасылық балабақшалар санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға және өрт қауіпсіздігі ережесіне жауап беретін екі-үш қабатты ғимараттарда ашылуы мүмкін. Алайда бюджет қаржысынан бөлек, жер-жердегi қалталы азаматтардың көмегiмен жекеменшiк балабақшалар көптеп ашылуы қажетсінуді қамтамасыз етуде. Халық саны күн санап өсуде. Оның үстiне шеттен келген қандастардың қатарға қосылып жатқаны, жағдайы нашар алыс елді мекендерден қалаға көшіріліп алып келінген отбасылардың қаракөздері де жұрт қатарлы тәрбиеленуі керек.
Баян МҰСАЕВА, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша МСЭҚБ басшысының орынбасары:
– Жыл басынан бері аудан бойынша 31 балабақшада жоспарлы тексерулер жүргізілген. Оның 21-і – мемлекеттік мекеме. Мамандар жоспарлы тексерулер барысында бірқатар кемшіліктерді анықтады. Қазіргі таңда балабақшаларға қатысты ең өзекті мәселе – ондағы балалар тығыздығы. Балабақшалардағы сыйымдылық дәрежесі бүгінде 1,4%-ға артып кеткен. Бұл мемлекеттік балабақшалардағы орын тапшылығына қатысты болып отыр. Бізде эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша, яғни аурушаңдық жағдайда, арыз-шағымдары негізінде, құзырлы органдардың сұраныс талабына сәйкес тексерулер жүргізілуі де мүмкін.
Жалпы, мемлекетiмiздiң 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасының жүзеге асып келе жатқанына биыл үшiншi жыл. Соңғы үш жылда бала саны – 76 002-ге, мектепке дейiнгi ұйым 734-ке артып, нәтижесiнде бүлдiршiндердi мектепке дейiнгi мекемелерге қамту көрсеткiшi 30,4 пайыздан 58,2 пайызға жеттi. Яғни үш жылда 27,8 пайызға өсіпті. Ал лицензия берер алдында балабақшаның талаптар мен ережелерге сәйкестігі тексеріледі. Содан соң қалалық білім беру бөлімі қорытынды шығарады. Қорытынды негізіне сәйкес, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы лицензия береді екен. Ал әр ата-ана ұрпағының білімді, талапты болып ержетуі үшін білім беру мекемесіне немесе тұрғылықты жердегі ХҚО-ға өтініш жазып, мектепке дейінгі білім беру бөліміне тіркелген соң ғана мемлекеттік балабақшада тәрбиелене алады. Мұнда басты назарға балабақша аумағы, балалар ойнайтын алаңқай, қоршалған алаңы қаншалықты таза екеніне назар аударған жөн. Бүгінгі таңда республика аумағында әр бала үшін 7000-15 000 теңге аралығында бекітілген. Міне, мемлекеттік балабақшаның басты артықшылығы – басқалармен салыстырғанда бағасы арзан. Сонымен қатар бірнеше жеңілдіктер де жоқ емес. Алайда кемшілігі – топтарда бала саны көп болады және әр балаға жеке көңіл бөлінбейді. Ал жекеменшік балабақшасының кейбір олқылықтарын есепке алмағанда, бала санының аз болып, онда дербес тамақтану мәзірі әзірленіп, балаларға барынша назар аударылады. Мұндай балабақшалардың қызметі өте қымбат, ал кей жағдайда ғимараты да тар болып келеді. Міне, дұрыс таңдау жасау үшін «мектепке дейінгі білім беру стандартын» басшылыққа ала отырып, дұрыс шешім қабылдаған жөн.