Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстанда қабылданған жаңа заң туралы қауесет таралып жатыр, оған сәйкес кез келген адамды 15 тәулікке қамап, үшінші тұлғалардың өтінішімен балаларды тартып алуы мүмкін. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды &ndash елімізде мұндай заң қабылданған жоқ.
Мұндай қауесет 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тарала бастады. Отырыс брысында депутаттар «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаттарының сөздерін дұрыс түсінбеген азаматтар балалары үшін алаңдап, қоғамды жаңа заңның қабылдануына қарсы дауыс беруге үндеді.
Жаңа заң жобасы отбасылық зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге және елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша превентивті шараларға басымдық беруге бағытталған. Осыған байланысты құжатта Ішкі істер органдарының әрекет етуіне жәбірленушінің ресми мәлімдемесі ғана емес, сонымен қатар туыстарының, достарының хабарламалары немесе әлеуметтік желілердегі посттар да сигнал ретінде қабылдануы мүмкін екендігі туралы нормалар қарастырылған.
&ndash Зорлық-зомбылық қаупі туралы хабарлама (жаңа заң жобасына сәйкес &ndash ескертпе Авт.) полицияның әрекет етуіне, алдын алу шараларын қабылдауға және профилактикаға себеп болады, &ndash деді Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова өз сөзінде.
Заңның өзінде баланы ата-анасынан немесе заңды қамқоршыларынан қандай жағдайда тартып алуға болатындығы көрсетілген. Бұл кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлық-зомбылық дәлелденсе және оны отбасында қалдыру қауіпті болса жүзеге асырылады.
«Отбасылық-тұрмыстық салада кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда, қорғау шараларын қолданбау кәмелетке толмағанның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді деп пайымдауға негіз болғанда, ішкі істер органдары баланы одан әрі ұстау немесе ішкі істер органдарының лауазымды тұлғасының рапорты негізінде орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін баланың құқықтарын қорғау функцияларын атқаратын ұйымға уақытша жеткізеді», &ndash делінген жаңа заң жобасының 35-бабының 4-тарауында.
Көршілер жанжал туралы хабарлаған соң отбасының кез келген мүшесі 15 тәулікке қамалатыны туралы ақпарат та дұрыс емес.
Жаңа заң жобасында мұндай жазалау шаралары көрсетілмеген. Депутаттар ұсынған өзгерістер тек қорғау ұйғарымын алуға ғана қатысты, оған сәйкес агрессорға жәбірленушімен 30 күн бойы байланысқа шығуға рұқсат етілмейді.
&ndash Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай ұйғарымды алуға келісімді жәбірленушінің өзі ғана береді. Әрине, олар көбінесе қорқады, кейбір жағдайда отбасылардың қысымы болды. Қазір біз адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, құқық қорғау органдарына зардап шеккен тараптың келісімінсіз осындай ұйғарым алуға өкілеттік беруді ұсынып отырмыз, &ndash деді Ирина Унжакова отырыс барысында.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылым қаңтар айында өтеді деп жоспарланған. Оған дейін қоғам мен мемлекеттік басқару органдарын көбірек тартуды қамтамасыз ету үшін негізгі және ілеспе заң жобасын талқылау жұмыстары жалғасады. Егер құжат екінші оқылымда мақұлданса, онда ол Сенаттың қарауына жіберіледі. Жаңа заң Сенат депутаттарының көпшілік дауысымен мақұлдаған жағдайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберіледі. Заң жобасы әр кезеңде мақұлданып, барлық процедурадан өткеннен кейін ғана қабылданып, заңды күшіне енеді.