Балабақша емес, шалабақша...
Соңғы жылдары еліміздегі үлкен қалаларда халық санының күрт өсуі бірқатар әлеуметтік мәселелердің қордалануына әкеліп соқтырды. Сондай мәселелердің бірі – балабақша мәселесі. Балабақша мәселесінің күрделенуінің тағы бір себебі – бір кездері жекешелендіру деген желеумен балабақшалардың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетуі.
Ұсыныс пен сұраныс – нарық заңының егіз ұғымы. Қандай да бір қызмет түріне сұраныс көбейсе, тиісінше ұсыныс та көбейеді. Ал егер сұраныс өте жоғары болса, онда ұсынып отырған қызмет түрінің сапасы, қауіпсіздігі кейінгі орынға жылжи береді. Осындай сұраныс жоғары болып отырған қызмет түрлерінің бірі – мектепке дейінгі білім ошақтарының қызметі. Мысалы, Алматы қаласында балабақшалар жетіспейді. Бүгінгі таңда ресми балабақша кезегінде тұрғандар саны 15 мыңнан асып жығылады екен. Ал үмітін үзіп, кезекке тұрудан баз кешкендер санын ешкім дөп басып айта да алмайды. Міне, осыдан келіп қалада жекеменшік балабақшалар көбейіп отыр. Ал олардың қызмет сапасы мен қауіпсіздігі қай деңгейде екендігі жайлы біздің күдігімізді прокурорлық тексеру дәлелдеп берді. Прокуратура мамандары жүргізген тексеру барысында жекеменшік балабақшаларда қарапайым ережелер мен талаптардың орындалмайтыны анықталған. Көптеген балабақша көп қабатты үйлердің пәтерлерінде орналасқан. Ал ондай балабақшаларда балалардың ойнауына арналған ойын алаңдарының болмасы әркімге де түсінікті. Өйткені жекеменшік балабақшалар бала санына шектеу қоятын заңды талаптарды орындамайды.
Отбасылық балабақша ашуға лицензия беру «Мектепке дейінгі ұйымдарды құруға және ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 25 шілдедегі №571 бұйрығымен бекітілген (№2464 нормативтік-құқықтық актілердің тіркеу тізілімінде тіркелген) санитарлық ережелер мен нормалар толық сақталған жағдайда және «Білім беру қызметіне қойылатын лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 маусымдағы №452 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Қаулыға сәйкес, отбасылық балабақшалар санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға және өрт қауіпсіздігі ережесіне жауап беретін екі-үш қабатты ғимараттарда ашылуы мүмкін.
Отбасылық балабақшаны ұйымдастыру үшін бес балаға арналған (30 шаршы метрден кем емес пайдалы алаң) бір бөлмелі пәтер немесе тұрғын үй, тоғыз балаға арналған (50 шаршы метрден кем емес пайдалы алаң) екі бөлмелі пәтер немесе тұрғын үй, 13 балаға арналған (80 шаршы метрден кем емес пайдалы алаң) үш бөлмелі пәтер немесе тұрғын үй пайдаланылады. Яғни әр балаға кем дегенде 6 шаршы метрден тиесілі алаң болуы керек. Ал пайда тапқысы келетіндер бұл талапты ескермейді.
Лицензия алар тұста кәсіпкерлер құжаттарды талапқа сай етіп жасайды. Құжат бойынша бес бала қабылдаймын деген балабақша иесі рұқсат алып алған соң, бес баланың орнына 10 бала қабылдайды. Міне, осы тұстан бастап санитарлық талаптар мен ережелер бұзылады. Балалардың ойнайтын, жүріп-тұратын алаңы азаяды. Тамақтанатын орын жетіспегендіктен, балалар кезек күтіп, уақытында тамақ іше де алмайды.
Прокуратура мамандарының анықтауынша, кейбір балабақшаларда тіпті тамақ сақтау талаптары да толықтай орындала бермейтін көрінеді. Осы орайда тексерушілер дәрігерлік кабинеттің жоқтығын, қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтылмау және бар дәрі-дәрмектің мерзімі өткендігі жайлы фактілерді анықтаған.
Людмила ТӨЛЕШҚЫЗЫ, Алматы қалалық білім басқармасының бас маманы:
– Алматы қаласы бойынша үш жастан алты жасқа дейінгі 15,5 мың бала балабақша кезегінде тұр. Сондай-ақ қала бойынша 59 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Білім басқармасы балабақшалардың оқу-тәрбие жұмыстарына ғана жауап береді. Балабақшаларды аттестациядан өткізіп тұрамыз. Егер кемшіліктер анықталып жатса, ол жайлы коллегияға хат жолдаймыз. Ал санитарлық және басқа да талаптарды құзырлы мекемелер бақылап отырады. Лицензия берер алдында балабақшаның талаптар мен ережелерге сәйкестігі тексеріледі. Содан соң біз қорытынды шығарамыз. Ал лицензияны қорытындыға сәйкес Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы береді.
Сұраныстың жоғары болуы ата-аналардың баласын кімнің қолына сеніп тапсырып отырғанын тексеріп, білуге мұрсат бермейді. Мәселен, Көкшетау қаласындағы бір жекеменшік балабақша тәрбиешісінің есірткіге тәуелді болып, ал отағасының сол пәтерде есірткі сатумен айналысқанын жоғарыда айтқанымыздың дәлелі ретінде келтіруге болар.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді атам қазақ. Демек, ел боламыз десек, мына заманда қоғамның бесігі болып отырған балабақшамызды түзеуіміз қажет. Балабақшаны тәрбиенің, білімнің бастауына айналдыру жолында мемлекет күш-жігерін де, қаржысын да аямауы тиіс.