Алай-дүлей мінезді қыстың құрсауынан құтылдық. Жер-дүниеге жылу сыйлаған көктем есік қағып тұр. Осындайда бәйшешек гүлі ойға орала береді. Оны көктемнің хабаршысы дейді жұрт. Жер-Ананың буыны босаған сәтте жер бетінде қаулап шыға келер еді. Сол бір сәттер көз алдымыздан кетпейді. Қаратаудың етегіне қоныс тепкен ауылда өскендіктен бұл бізге таныс көрініс. Елді мекенге ентелеп тұрған қырат жақ көктем келгенде көркем кейіпке еніп жүре беретін. Гүлдің неше алуан түрі шығатын. Алдымен бәйшешек бойын тіктер еді-ау. Жердің бетінде сол гүл көбірек көрінетін. Бұл – өткен шақ. Бәйшешек жайында «Алаш айнасы» ой толғайды.
Енді бүгінге бет бұрайық. Ауылға барамыз. Көктем болса да, ауылдың айналасы тап-тақыр күйге түсіп тұрады. Байқамайды екенбіз. Бәйшешек түгілі өзге өсімдіктер де азайып кеткен. Көңіліміз қоңылтақсып қалады. Табиғаттың сұлу көрінісіне үйреніп қалған баяғы әдетпен «Бәйшешек қайда?» дейміз ауылдасқа. Ол иығын қиқаң еткізеді. Қайдан білсін? Дала заңы өзгеріп кеткен бе? Себебін іздедік. Кітап ақтардық. Ғалымдармен пікірлестік. Жаһандық желіні шарлап шықтық. Не керек, жіптің бір ұшын ұстадық-ау. Бәйшешек те азайып барады екен. Қолға түскен деректе солай деп тұр. Бәсе, бекер күдік алмаппыз. «Қызыл кітапқа» еніпті. Апыр-ау, сол кітапқа енбеген табиғат байлығын саусақпен санап алатындай екенбіз ғой...
Елдің арасында аңыз бар. Бәйшешек жайлы. Көне кезеңде болған оқиға. Қытымыр қыс жер бетінде ұзақ аялдайды. Таудың етегіндегі қара үйде қарапайым шаруа өмір сүрген. Отағасы күнкөріс қамымен жыраққа кетеді. Әйелі мен екі перзенті соңында қалады. Күндердің күнінде бір баласы сырқаттанып қалады. Әйел не істерін білмей абдырайды. Осылай иен далада көз жасын көл етіп келе жатады. Осындай сәттің бірінде оның көз жасы қарға тамып, оның астынан бәйшешек бой көтерген екен. Солайша бала да аман қалады.
Сол бәйшешек неге азайды? Қазір жердің ылғалы кеміді. Бұрын әр ауылдың іргесінде өзен-көлдер болатын. Бүгінгі күні олар да тартылып кеткен. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Суландыруға көңіл бөліне бермейді. Ілгеріде жауын-шашын да көп болушы еді. Көктем келді дегенше жаңбырдан көз ашпайтынбыз. Дәл қазір бір тамшы да тамбай, елдегілер алаң күйге түсетіні тағы бар. Оны табиғаттың тосын құбылысы деп қараймыз ба? Бәлкім, қоршаған ортаның өзара байланысына назар аудара алмай жүрміз бе? Солай-ау. Оның анық-қанығын ғалымдар айта жатар. Біздің айтпағымыз, сондай құбылыстар салдарынан өсімдіктер әлемі де құрып барады. Ілгеріде дала төсінің сәніне айналған бәйшешек те сондай салғырттық салдарынан қазақ жерінен жойылып кетуі ғажап емес.
Бәйшешек жер жүзінің бірқатар бөліктерінде өседі. Әсіресе, Еуразия мен Жерорта теңізінің маңынан көбірек кездеседі. Қазақстанның Алатау тауының бөктерінде, Қаратау баурайында шығады. Гүлдейтін уақыты – наурыз айы. Бұл уақытта өзге өсімдіктер әлі де көктеп шыға бермейтінін білеміз. Қысқасы, бәйшешек ерте гүлдеп, жердің тоңын жібітіп, адамзат баласына қарбалас тіршілікке толы көктем мезгілін алып келеді. Сондай-ақ, жазғытұры келгеннен бәйшешек жұлғыштар да көбейе түседі. Әрине, біреулер анасын, жан-жарын, қарындастарына гүл сыйлап қуантқысы келетіні анық. Алайда сол кезде бәйшешек біткен азайып, оның шыққан аумағы да тарылып, көзден ғайып бола түседі. Қазіргі таңда ірі қалалар маңында оны емге іздесең де таба алмайтын күйге түсіп барамыз. Тіпті, елді мекендер маңында да ол көзге ұшыраса бермейтін болмайды. Басқа да мақсаттарда есепсіз жұлынған бәйшешек осылайша қас пен көздің арасында еліміздің «Қызыл кітабынан» орын алып, арнайы қорғау шарасы жүргізілуде. Осының салдарынан көркем көрінетін аталмыш гүл аялы алақан күтетін жағдайға жетті. Оны қаншалықты қорғай аламыз? Бұл сауалдың жауабын алдағы уақытта табармыз.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Бәйшешек жойылу қаупінде тұр. Ол көп теріледі. Әсіресе, Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркі маңында бұрынғы жылдарда көп өскен. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік бөлігін бойлай жатқан қарт Қаратауды жағалай қоныс тепкен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары аумағында да кездеседі. Біздің Сыр өңірінің Шиелі және Жаңақорған аудандарында бұрын бәйшешектің көп шығатынынын көзіміз көрген. Дегенмен табиғаттың түрлі себептерімен және адамдардың оған деген жанашырлығы жоқтығынан қазір өте сирек кездесетін болды. Әрине, оған бейжай қарауға болмас. Өйткені, қоршаған ортаның әрбір құндылығы тұрғындар үшін бағалы байлық емес пе? Біздің осыны ескере алмай жүргеніміз өкінішті.
Елімізде арнайы қорғауға алынған табиғи парктер мен қорықтар саны аз емес. Әйтсе де кең-байтақ өлкеміздің барлық аумағын бақылауға алу өте қиын. Десе де осы жағдайға жеткілікті деңгейде көңіл бөлу біздің басты парызымыз. Рас, Қазақстанда арнайы қорғауға алынған өсімдіктер мен жан-жануарларға қастандық жасаған адамға түрлі шаралар қолданып, арнайы айыппұл салынып жатады. Әйтсе де мұндай жағдайға душар болған адам қалтасынан мардымсыз қаржыны шығындайды. Мәселен, рұқсатсыз жұлынған әрбір бәйшешек үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Оның көлемі 706,5 теңгені құрайды. Әрине, бұл өте төменгі деңгейде екені көзге көрініп тұр. «Қызыл кітапқа» енген бәйшешекке осындай ауыз тұщытпайтын айыппұл төлейтін болса, кез-келген адам одан оп-оңай құтылып кете береді емес пе?
Біздің елімізде гүлді заңсыз жұлған адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын естіген де, көрген де емеспіз. Сондықтан осы бағыттағы заңдық шараларды қатайтпасақ, туған өлкенің табиғатын сақтауда оң нәтижеге жете қоймайтын секілдіміз. Осындай салғыртық салдарынан қазақ даласындағы қаншама табиғат байлықтары «Қызыл кітапқа» еніп кетті. Ендігі кезекте әрбір жан-жануар мен өсімдікке көзіміздің қарашығындай қарау лазым. Олай болмаса әлі де көптеген құндылықтың құрып кетуі әбден мүмкін.
Бәйшешек гүлі неге құрып барады?
Последние статьи автора