Бүгінгі күні көптеген келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Ол біздің қазақ деген атымызға сын. Ертеде мүлдем олай болмайтын. Олардың барлығы өте ұят саналатын. Жезөкшелік, “көгілдірлер” және соған ұқсас барлық оқиға жайлы айту да мүмкін емес-ті. Ондай жанды ардан безген деуші еді. Азғын деген өте ауыр сөз болатын. Бұл мәселе жабық тақырып саналатын. Мүлдем талқыланбайтын. Оны әңгіме етуге өзіміз де ұялатын едік. Қоғам өзгерді, адам өзгерді. Қазір бізден қадір қашып бара жатыр ма деп ойға қаласың еріксіз. Солай деуге негіз де жоқ емес. Ұлтымыздың кіршіксіз тазалығы саналған қыздарымыз қылығынан жеріп, көше кезіп кететін жағдайға жетті. Бұрын жігіт үшін қыздың қолынан ұстау арманға айналса, енді қаңғыған қызға қаржы төлеп, құмарды қандыратын күйге түстік. Әрине, бұл қарныңды аштырады, өзіңді түрлі ойларға жетелейді. Соның шырмауына ілініп, қазақтың келешегі жөнінде күмәнді ойларға қамауына тап боласың.
Қазақ қыз бала түгілі ұлын да адами қасиетті ардақтауға тәрбиелеп өсірді. Әрбір отбасындағы бала үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеуге тырысатын. Бала үшін ата-анасының айтқаны бұлжымас заңға айналды. Оған ешқашан қарсы келмейтін. Әкесі айтса бітті, толық орындалады. Ол ешқашан талқыланып көрген емес. “Әке тұрып ұл сөйлегеннен без” деген тәмсілдің түп-төркіні осында жатса керек-ті. Бұдан ешбір жамандық көрген емеспіз. Соның арқасында халқымыз шаңырақты шаттыққа бөлеп, бала тәрбиесін бағалай білді. Қазіргідей жастар да өзім білемін деген көзқарас мүлдем кездесе қоймайтын. Солай боларлық жөні бар. Қазір балалар шолжаң болып барады. Өзінікін дұрыс деп санайды. Осылайша ойлағанын жүзеге асырып, ойнақтап жүріп от басып қалатын кезі де аз емес. Бәрінен бетімен кеткеннен сақтасын дейміз.
Өкінішке орай, қазір бетімен кеткен жастардың көбейіп бара жатқаны көңілге қаяу салады. Тіпті, олардың ұлтымыздың атына сын келетін жағдайларда да төбе көрсетіп қалатыны ойландырады. Өткенде Алматыда гейлер жөніндегі мәселе де кейбір қазақ жастары оларды қорғап шыға келді. Ал қазақ пен орыстың құрмет тұтатын тұлғалары – Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған постер шығарғандар қатарында біздің қазақтың қыз-жігіттері болғаны өкінішті-ақ. Осыдан кейін бізде оларды тәрбиелеп отыратын үлкендердің жоқтығы ойлантып тастады.
Жалпы, біздің өмірімізде мұндай оқиғалардың жиі орын ала бастағаны неліктен? Осы жағына бір мезет болса да, бас ауыртып көрдік пе екен? Әй, қайдам-ау? Күнделікті тіршілік қамымен оған ешбір бас ауырта бермейтін жағдайға жеттік. Ал жастарымыз адамзат баласы үшін өте лас тірліктер жайында көріп-естіп біліп отыр. Олардың санасы қалай қабылдайды? Мәселен, әлемге әйгілі кейбір адамдар аяқ астынан өзінің қызтеке екенін айтып, жаһандық желі беттерінде “мақтанып” отырады? Бұдан кейін желкілдеп өскен жастардың “Апырмай, мұның ешбір ұяты жоқ екен ғой” деп ой түюі әбден мүмкін. Адамның санасы солай қабылдаса, оны қалай өшіре аламыз? Осы жайында ойлап көрдік пе екен? Әйтеуір, олардың санасына жақсы мен жаманды айттық деп соған тоқмейілсіп отыра береміз бе? Егер солай немқұрайлы болсақ, көп уақыт өтпестен-ақ одан опық жейтініміз айдан анық. Қазірдің өзінде оның “жемісін” жеп отырған жайымыз бар. Еліміздің іргелі қалаларында “қызтеке” мен “еркекшораларға” арналған арнайы клубтардың ашылғанын қалай түсінеміз? Оларға әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның табылмай отырғандығы ойлантады бізді. Әлде, еркіндіктің жөні осы екен деп олардың жалғанды жалпағынан басып жүре беруіне рұқсат береміз бе?
Осындай біздің қоғамға жат құбылыстар қазір елдің арасын жайлап барады. Жөн-жосықты білетін, имандылықты бойына сіңірген қарапайым қазақ баласы оған үрке қарайды. Алайда, кезінде ұл босандым деп қалжа жеген жеңгелеріміз күні ертең баласының жат қылығын естігенде қандай күйде болады? Осы жағын әлі де түсіне алмай отырған жайымыз бар. Ашығын айтқанда, қазір қала мен ауыл қазағының арасы алшақтап барады. Қалада тәрбие көрген бала қазақы тәрбиеден алыстау секілді. Еуропаша тәрбие алған. Ауыл қазағы әлі де қазақылықтың қаймағын бұзбай отыр деуге әбден болады. Яғни, жастар арасында айырмашылық аз емес. Қала баласы өзімдікі жөн екен деп кейде жат қылықтарға бой алдырып қоятыны жасырын емес. Сондықтан бұл орайда біздің ойлануымыз тиіс.
Ертеден отбасы тәрбиесін көріп, жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып өскен өрен бүгінгі таңда сондай жағдайды бастан өткізе алмай жүр. Соның салдарынан қаншама қапы қалдырған жағдайлар кездесіп отыр. Жоғарыда біз сөз еткен мәселелер соның бір пұшпағы. Қалай десек те, бұған бейжай қарауымызға болмайды.
Қазір жаһандық желі беттерін парақтай қалсаңыз, барлық оқиға көз алдыңнан өтіп жатады. Түрлі ақпарат көздері сондай жағдайларды хабарлап отырады. Бәлкім, оқырман жинау мақсатында сондай әдістерге баратын шығар. Бірақ, оның зардабы аз емес. Осы жағын ойланып көргеніміз артық болмас. Қазекем кезінде мұндай қылықтарға тосқауыл қоюдың жолын іздеген. Оларды қатаң түрде жазалап, елдің көзінше оларға қарсы тас атқан. Сондықтан да шығар, мұндай ұятсыздық көп кездесе бермейтін. Тентекті тезге салатын ата-бабалар әрдайым осындай жат қылықтардың алдын алып отырған.
Қазір бәрі де демократия дейді. Алайда оған бағына қоймайтын нәрсе бар емес пе? Ол – отбасындағы тәрбие мәселесі. «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деген бар. Сол тәмсілдің растығын қазір көріп отырмыз. Ұрпағымыз ұяттан жұрдай болып бара жатқан секілді. Бұл орайда бұрынғы тәрбиенің ақсап жатқанын айта кету керек. Ата-бабалар ұл мен қызды ес білгеннен тәрбиелейді. Бүгінгі күні бауырындағы баласына дұрыс тәрбие бере алмайтын ата-ана көбейіп бара жатқанын несіне жасырамыз? Сондықтан бұл орайда ата-ананың өзін тезге салып алуымыз керек пе екен? Бірді айтып бірге кетпейік, қазақы қоғамның қағидасына сай келмейтін жезөкшелікке қалай тосқауыл қоюға болады?
Азғындыққа неге бейім болып барамыз?