Аузымен сурет салып, кесте тоқитын ерекше қыз
Жамбыл облысында аузымен сурет салатын ерекше қыз тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 
Табиғаттың сұлулығы мен сыр-сымбатын, әлемнің әдемілігін алуан түсті бояулармен ақ параққа түсіру суретшілерге ғана берілетін қабілет. Әсіресе, ерекше жаратылған жандардың өнерге деген құштарлығы мен қабілеті тіпті бөлек десек, жүрегі мейірімге, көзі нұрға толы Аяжан да сондай айрықша қабілетке ие.
 
Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғыны Аяжан Жуатай 24 жаста. «Үміт» мектеп-интернатының түлегі. Бірнеше, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы.
 
Ерекше жаратылған ару қыз қаламын тістеп отырып, сурет салады. Аяжанның сырға толы суреттері жанға жылулық сыйласа, тоқыған кестесі, моншақтармен жасаған түрлі әшекей бұйымдары көздің жауын алады.
 
Мұндай өнер туындыларын өз көзімен көрмеген жан екі қолы мен аяғы дамымаған адамның ауызымен жасаған дүниесі деп айтуы екіталай.
 
Дарынды Аяжанның өнерге, өмірге құштарлығы жоғары.
 
«Мен туа бітті осылай жаратылған жанмын. Бірақ, тағдырыма еш уақытта налымадым. Себебі, менің екі қолым мен аяғым дамымаса да, есту, көру қабілеттерім ерекше. Күн ұзақ жата бермей, сурет салу мен кесте тоқудан бөлек, жаныма жақын ақын -жазушылардың өлеңін оқығанды жақсы көремін. Неге екені белгісіз суретті түнде салу ұнайды. Компьютерді жақсы меңгергенмін», &ndash деген дарынды қыз жанына жақын жандардың қамқорлығы мен сүйіспеншілігіне, демеуіне дән риза екендігін жеткізді.
 
Өзінің жай-күйін бақытсыздыққа баламай, қоршаған орта, қоғам туралы да тұшымды ойын ортаға салды.
 
«Орындалмайтын орынсыз арманды ойлаудан аулақпын. Мен үшін атқан таң мен батқан күнді, анамның ақ жүзін көре алатыным, саф ауамен тыныстай отырып, ойымды жеткізудің өзі үлкен бақыт. Бастысы еліміз әлемді жайлаған індеттен аман шықса. Адамдар денсаулықлықтың қадірін біліп, ақшамен де ала алмайтын дүниелердің бар екенін терең түсінсе деймін», &ndash дейді ол.
 
Кейде пенделікпен күйкі тірліктің күйбеңіне шыдай алмай налып, қажып жатамыз. Осындай сәтте айналамыздағы сан түрлі тағдыр иелерінің өмірге, өнерге құштарлығынан сабақ алу артық етпейді.