Ауру да ұлт таңдайды
«Ұлттық» деген сөзді естігенде әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігі, тірлігі мен дәстүрі еске түсетіні рас. Қай жағын алып қарамасақ та жер бетіндегі әрбір ұлттың ешкімге дес бермейтін, басқалардан көшілгері болатын қыры болады. Мәселен, кавказдықтар күрестен алдына қара салмаса, бокстан қазақ ұлтына ілесер халық кемде-кем. Футболдан бразиялықтарға, баскетболдан Америка құрама штаттарына, жүгіруден кениялықтарға жету мүмкін еместей. Ұлтты ұлы мұраттарға жеткізетін де, биік межелерге өрлете тін де осындай ерекшеліктердің әсерінен сияқты. Дегенмен, ұлт болып ұйыған жұрттың тірлігінің ойран-топырын шығаратын ұлттық ауру деген болады дегенге сенер ме едіңіз? «Алаш айнасы» осы мәселеге зер салады.
Сенбесеңіз әріқарай тыңдай беріңіз. Аурулар да ұлт таңдайды. Таңдамайды-ау, ұлт сол ауруларды таңдайтындай. Ұлттық ауруларда да сол ауру түрлерінен көштің алдын бермей, алдына қара салмайды. Қазақта да осындай бірнеше ұлттық ауруы бар ма деп қалдық. Біз бүгін сол ұлттық аурулардың бесеуін назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.
Сіздер қалай ойлайсыздар біздің ұлттық ауруымызға қай ауруларды жатқызуға болады? Біз барлық мәліметтерді ой таразысына салып көрдік. Көргеніміз бар болсын! Көзіміз шарасынан шыға жаздады. Бұрындары ата-әжелерімізден қазаққа қынадай тиетін ауру – «қызылшешек» дегенді еститінбіз. Шешек тиген адамға ем қонбай, қанша тәуіп-балгерлерге қаратса да беті бері қарамай о дүниеге аттанып кетеді екен. Ал қазір жүрек және қан тамырлары, тыныс жолдары мен туберкулезден қазақ елі ешкімше дес бермей тұр.
Жүрекке ауру жетпесін...
Қазаққа қанжардай болып қадалған аурудың ішінен алғашқы орынды жүрек-қан тамырлары алатын көрінеді. Адамның басты органы һәм бар ағзасын тіршілік нәрімен қуаттандыратын жүрек пен қан айналымы ауруының қазақтың ұлттық ауруына айналуына не себеп болды екен?
Қазақ еліндегі жүрек және қан тамырлары ауруы тек дәрігерлер ғана емес тұтас қоғамның дабыл қағатындай дәрежеге жетіпті. Тіпті, жүрек қан тамырларының аурулары еліміздің демографиялық жағдайына да елеулі кері әсерін тигізіп келетіні жасырын емес. Тек соңғы ғасыр ширегінің өзінде елімізде болған өлім-жітім мен мүгедектікке ұшыраудың бірінші себебі де жүрек және қан тамырлары болып шыққан. Тұтас жер бетіндегі адамзат баласының бас ауруына айналған бұл аурудың аса қауіптілігі айқындалды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне жүгінсек жүрек және қан тамырлары ауруларынан жылына 17 миллион адам шамасында адам қайтыс болады. Бұл барлық болатын өлімнің 29 пайызын құрайды. Тіпті, басқа ауру-сырқаулардан да жүрек-қан тамырларынан болатын өлім әлдеқайда артық болып шықты. Мұны дүниежүзілік статистикалық деректер де растап берді. Оған қарағанда жүрек ауруларына шалдығатындардың негізгі бөлігін 35 тен 65 жасқа дейінгі адамдар құрайды.
Ал 2030 жылға қарай тіпті 23 миллионға жетіп жығылмақ. Қазақ елін де бұл ауру қылкеңірдектен алып тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтеріне жүгінсек жүрек және қан тамырлары аурулары үшін еліміз жыл сайын 89 миллиард теңгені жұмсайтын көрінеді. Ал дүниежүзілік сарапшылардың есептеуінше Қазақ елі Еуропалық Одақ, Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймағында қан айналымынан қайтыс болған адамдардың санынан көш басында. Ал еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарының ресми ақпары дәл қазір 2 миллионнан астам қазақстандық жүрек ауруларына шалдыққанын айғақтап берді. Бұл жұмысқа қабілетті халықтың 12 пайызын құрайды деген сөз.
Қысқасы, жүрек аурулары қазақтың ұлттық ауруларының басы болып тұр. Ал одан құтылу қазіргі медицинаның қауқары жетпей тұрған сияқты.
Тыныс жолдары да тыным бермей тұр
Қазаққа қатер болып төнген тағы бір ауру – тыныс жолдарының ауруы екен. Яғни, Аллергия! Денсаулық сақтау министрлігінің және тәуелсіз сарапшылардың статистикасына сенсек 100 мың адамға шаққанда 22 900 адамға жеткен. Яғни, еліміздегі әрбір үшінші адам тыныс жолдары ауруларына шалдыққан.
Бұл экологиялық жағдайлардың әлсіреуінен деп есептейтіндер де бар. Яғни кейбір мамандардың пікірінше демікпе, өкпенің қабынуы, пневмония сияқты аурулардың көпшілігі табиғаттың ластануының салдарынан болып отырған сыңайлы. Бұл аурулар әсіресе, Алматы, Шымкент, Өскемен, Теміртау мен Ақтау секілді климаты өзгеріске ұшыраған, аспанан көк түтін басқан, өндіріс қалдықтары тау тау болып үйілген қалада өршіп тұр. Алматылықтар арасында «Аллергиядан арылғың келсе Астанаға көш» деген нақыл сөз пайда болды бұл күні.
Дәрігерлердің пайымдауынша, аллергиялық аурулар қазіргі таңда ең бір қатерлі науқастардың қатарына жатады. Өйткені, адамның қандай да бір заттан ауыратынын анықтау қиынға соғады. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған аллергиялық аурулар тыныс жолдарына да орасан зиянын тигізетін көрінеді.
Серік АЯҒАНОВ, Ақмола облыстық ауруханасының бәс дәрігері:
–Тыныс аурулары өкінішке қарай біздің өңірді де алаңдатып отырғанын жасыра алмаймын. Әсіресе, көктем уақытында гүлдер мен ағаштар бүр жарған сондай-ақ, теректердің мамықтары үшқан кезде аллергиялық аурулар кең етек алады. Тыныстары тарылып, ауа жетпей қиналған адамдар ауруханаға түседі.
Аурулардың алдын алу үшін экологиялық жағдайларға көбірек көңіл бөліп тазалыққа ден қоюымыз қажет дейді мамандар.
Туберкулез түбімізге жететін түрі бар
Қазақтың «ұлттық ауруына» кіретін аурудың келесісі – туберкулез. Талай адамның көкірегінен таяқшасып табылып, дәрігерлер көмектесе алмай бақилық болғанын оқығанбыз. Дегенмен, соңғы кезде осы ауруды қанша емдедік десе де қазақ әлі де туберкулездің тырнағынан құтылар емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне жүгінсек жыл сайын адамзат баласының 9 миллионы туберкулез дертіне шалдықса, соның 1,7 миллионы қайтыс болатын көрінеді. Қазақстан да бұл қара тізімнің қақ ортасынан ойып тұрып орын алған десек қателеспейміз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше егер 100 мың адамға шаққанда 50 адам туберкулез дертіне шалдықса мұның өзі індет деп саналады екен. Ал, Қазақ еліндегі туберкулез дерті бұл санды үш орап алатындай. Яғни, 100 мыңға шаққанда 180 адамға жеткен, Туберкулез ауруымен ауыратындар есебі жөнінен еліміз ТМД елдерінің ішінен де алдыңғы орынға жайғасыпты. Тіпті көршілес қырғыз елі де қазақтан кейінгі орында.
Ең бір жанға ауыр тиетіні бұл аурудың да басты үлесі еңбекке жарамды 18-ден 54 жасқа дейінгі адамдар болып отыр. Ал олардың жартысының жасы 34-ке жетпеген жас азаматтар екенін ескерсек қазақтың ұлттық ауруының тамырлысы – туберкулез екенінде дау жоқ.
Өкпе аурулары өкіндіріп тұр
Кейінгі уақытта қазақты өкпе ауруы өлімге көбірек әкеліп жүргенін айтпасқа болмас. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек 2011 жылы 30 мың адам болса, ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы науқастардың санын 500 мыңнан кем емес екенін мәлімдепті. Ал қазіргі саны кемінде 1 миллионнан артық болуы тиіс деп болжайды мамандар. Нақты саны әзірге ешкімге белгісіз.
Бұл көбінесе ең алдымен темекі шегу және есірткі өнімдерін тұтынудың әсерінен болатын көрінеді.
Бұл туралы бізге Алматы қаласындағы диагностикалық орталықтың дәрігері Саттар Ералиев мәлім етті.
Оның айтуынша, темекі шегушілер қазақ елінде жыл санап көбейіп барады. Бірте-бірте ішкі ағзаларды әлсірететін бұл науқас кейін өкпе ауруына шалдықтырады. Бүгінде еліміз бойынша темекі шегетіндер саны шамамен 4,5 миллион адам екен.
Жүйкесі сыр берген жастар көп
Дүниежүізілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы қазаққа бұл күні оңбай тиіп тұрған ауру ол жүйке аурулары болып отырғанан меңзейді. Өйткені, қазіргі таңда қазақ еліндегі өзін-өзі өлімге қия салатын балалар мен жасөпірімдердің саны жыл өткен сайын артып келеді. ҰБТ тапсыра алмай қалса да, қызы тастап кетсе де асылып өле салатын қаракөздердің қатары көбейген.
Ұлт санын өсіргеннің орнына өшіріп бара жатқан мұндай ауру дәрігерлер жүйкенің тозуынан деген нақтама қойыпты.
Суицидтің сағымызды сындырып, санамызды шайқалтқаны сондай өлімге бас тіккеннің 90 пайызы жастардың үлесіне тиеді екен.
Бұл қасіретті көріністермен бірлесе күресу қажет дейді мамандар. Ертеңіміз еш, тәуелсіздігіміз текке болмасын десек осы бес «ұлттық ауруларды» емдейтін кез жеткен сияқты.
Сіз қалай ойлайсыз?, оқырман!. Бес ауру шынымен де ұлттық ауру болуы тиіс пе, әлде оның түп-тамырымен жоя аламыз ба?