Туған жердің бір уыс топырағын тұмар етіп, Отан үшін от кешкен азаматтар ел мүддесі үшін бірігуі тиіс. Олар патриоттық тәрбие беру жұмысымен айналысып қана қоймай, мемлекеттік істерге де етене араласуы қажет. Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының жаңа басшысы, депутат Бақытбек Смағұл осындай бастама көтеріп, ұйым қызметін ары қарай жандандыруды көздеп отыр. Оның айтуынша, намысы бар әрі рухы биік азаматтар ғана шетелге қашып кететін сатқын шенеуніктермен күресе алады.
Ауған ардагерлері аналарға құрмет көрсетті
Өткен аптада еліміздегі Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдары Астанада бас қосып, кезекті IV съезін өткізді. Мәжілістің ресми отырысын бастамас бұрын Ауғанда болған азаматтар тік тұрып, осы соғыста қаза тапқан сарбаздардың аналарына құрмет көрсетті. Елордада осындай 12 отбасы бар екен. Олардың бірі – Ким отбасысы. Осы үйден Ауған соғысына аттанған жалғыз ұл жат жерде шейіт болған.
Надежда КИМ, Ауған соғысында қаза тапқан сарбаздың анасы:
– Ұлымның о дүниелік болғанына биыл 27 жыл болады. Әрине, ауыр. Ондайды ұмыту қиын ғой (көзіне жас алды). Әлі есімде, ұлым маған жиі хат жазатын. «Ауған жеріндегі қышлақтарды тексеріп, дұшмандардың бар-жоғын анықтаймын», – дейтін. Бір күні қоршауға түсіп, өз жолдастарын артынан қорғаймын деп, сол жерде ерлікпен қаза болды. Бүгінгі жастар да менің ұлым сияқты батыл болса екен деп тілеймін.
Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев съезд жұмысына қатысқан Надежда Кимге және тағы үш анаға құшақ-құшақ гүлдер мен ақшалай сый-сияпаттар табыстағаннан кейін баласынан айырылған аналардың жанайқайын жете түсінетіндігін жеткізді. «Жаңа ғана аналардың бірі маған жолығып: «Сол соғыс бізге не берді? Мен жалғыз ұлымнан айырылдым. Неге?» – деп сұрады. Әрине, бұл сауал бәрімізге қатты тиеді. Себебі 18 жастағы бозбала соғысып жатқан кезде, олардың құрдастары киноға барып, тойларын өткізіп жатты. Соғысқа аттанғандар болса, аман қайта ма, жоқ па, ешқайсысы білген жоқ. Біздің аналарымыз бен жұбайларымыз болса, көршінің баласына қарап, «балам аман қайтсын» деп мешітте құран оқытты. Шыны керек, Ауған соғысы деген кезде жүрегіміз қан жылайды. Ауған алауы мәңгілік жадымызда қалады. Әттең, біз аналарымыздың жан жарасын жаза алмаймыз...», – дейді Б.Ертаев. Осы орайда генерал сол соғыстың бір шындығын ашып берді. «Иә, ол өзге халықтың жерінде болған соғыс. Бірақ біз, ең алдымен, сол жердің тарихын сыйладық, дініне құрмет таныттық. Сол үшін олар да бізге басқаша қарады. Бүгінде ауғандықтар «шурави» атаулыны үлкен құрметпен еске алады. Себебі біз бейбіт халықты өлтіріп, Құранды таптап, өртеген жоқпыз. Біздің кезімізде есірткі олай тараған жоқ. Қазір болса, мыңдаған коалициялық күштерге қарамастан, Ауған жеріндегі жағдай тынышталатын емес», – дейді Б.Ертаев мырза.
Жаңа басшы Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін көтеруді көздейді
Съезд аясында Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдары қауымдастығының жаңа төрағасы сайланды. Ұйым тізгінін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл өз қолына алды. Оның кандидатурасын қауымдастықтың бұрынғы төрағасы, Халық Қаһарманы әрі халық қалаулысы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ұсынды. Содан болар, оның төрағалығын барлық делегаттар бірауыздан қолдады.
Б.Ертаевтың өзі болса, Қазақстанның Ардагерлер ұйымдары үйлестіру кеңесінің басшысы болып ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Енді ол еліміздегі барлық ардагерлер қауымы атынан сөз сөйлейтін болады. Дегенмен генерал Б.Ертаев Ауған соғысы ардагерлерін ұмытпай, олардың мүддесін барынша қорғауға уәде беріп отыр. «Кейбір азаматтар сұрайды: «Сіз бізді тастап кетіп бара жатырсыз ба?» деп. Жоқ! Мен Қазақстанның Ардагерлер ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы ретінде де, Ауған соғысы ардагерлерінің абыройын көтеру үшін де жұмыс істейтін боламын. Ал Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының тізгінін Бақытбек бауырыма тапсырып отырмын. Бұл оңай тірлік емес. Мен болсам, әрқашан сіздердің қастарыңнан табылатын боламын», – деген сөзімен Б.Ертаев мырза Қазақстанның Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының байрағын жаңа төрағаға салтанатты түрде табыс етті. Б.Смағұл ұйымның ақ жалауын қабыл алып, тізерлеп тұрып бірнеше рет сүйді. Өз қызметінде ол Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына және мүгедек болып қалған сарбаздарға көмектесіп, осы соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді (Ауған соғысында 18 қазақстандық жауынгер жоғалып кеткен) іздеп, қазіргі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу жұмыстарына негізгі басымдық беремін дейді. Сондай-ақ жаңа басшы Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін анықтайтын заңды өз мойнына алып отыр.
Бақытбек СМАҒҰЛ, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бүгінде тәрбие жұмысының тізгіні біздің қолымызда болуы керек. Бүгінде ақша ұрлап, шет мемлекетке қашып, сырттан топырақ шашып жүрген азаматтар бар ғой. Оларды тұсаулау үшін Ауған соғысы ардагерлері жоғары жақта отыруы қажет. Біз кезінде туған жеріміздің бір уыс топырағын мойнымызға тұмар ғып кеткенбіз. Ал әлгіндейлер болса, сыртта бой тасалап жүр. Бұл – қызғаныш емес, бұл – күйініш. Тәрбие атаулының бізде болу қажеттігін білдірсе керек. Барлық Ауған соғысы ардагерлері бірігіп, жұмыс істеулері қажет. Өкінішке қарай, біздің арамызда ары-бері тартатындар бар. Оған қарамай, біз бір мақсаттың аясында топтасуымыз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ бізге қарап өсуі тиіс.