Бүгінгі заманның жаһандық проблемалары – әлемге қауіп төндіретін катаклизмалардың көбеюі, климаттың өзгеруі, ауызсу тапшылығы, атмосфераның қызуы мен ластануы.
Солардың ішінде атмосфераның ластануы денсаулыққа зиян тигізуші факторлардың ішіндегі ең маңыздысы болып отыр. Соңғы он шақты жылдың ішінде адамзат оны сезініп те, көзімен көріп те жатыр. Бірақ қарқын алған процесті тоқтатуға дәрменсіз. Бүгінде планетамызды мекендейтін халықтардың ортақ байлығы – оттегі тапшылығы әсіресе, ірі мегаполистерде қатты сезіліп жатыр.
Жердің атмосфера деп аталатын үстіңгі қабатын, 80 шақырымға дейінгі биіктіктегі кеңістіктің 78 %-ын – азот, 21 %-ын – оттегі, 0,03 %-ын – көмір қышқыл газы, 0,04 %-ын – аргон және 0,93 % әртүрлі газдар құрайды. Алайда дүниежүзі бойынша жылу энергиясын көп тұтынатын ауыр өнеркәсіптің дамуына байланысты адамдар тығыз орналасқан жерлердегі ауаның құрамында оттегі күрт азайып, көмір қышқыл газы көбейді. Атмосферадағы табиғи тепе-теңдік бұзылды. Ең көп тарайтын улы заттар – көміртегінің оксиді (СО), күкірттің диоксиді (SO2), азоттың оксиды (МОх), көмірсутегі (Cn Hm) және зиянды шаң-тозаң. Олардың құрамында фтор қосындысы, хлор, қорғасын, сынап және бензапирен сияқты 500-ден астам улы заттардың түрі бар. Зиянды газдардың атмосфераға көп мөлшерде шығарылуы тыныс алу арқылы адам организміне ғана емес, тұтастай жан-жануарлар, өсімдіктер әлеміне, экожүйенің, қоршаған ортаның тозуына әсер етеді. Бұл – әлемдік проблема. Америкалық ғалымдардың есебінше, ісік аурулары мен тыныс алу органдарындағы қатерлі ауруларды туғызатын атмосфера құрамындағы ұсақ дисперстік бөлшектер жылына 2,1 миллион адамның өмірін жалмайды екен. Ал жалпылай алғанда, ауаның ластануы жыл сайын 7 млн адамның өліміне себепкер болады.
Орыс жазушысы Александр Беляевтің «Ауа саудагері» фантастикалық кітабындағы қияли болжамдары бүгінде тура келді. Бұрын ауызсуды құтылап сатып алатын болсақ, енді таза ауаға да дәл солай ақша төлеп қол жеткізетін болдық. Өйткені ғылыми-техникалық прогресс ілгерілеген сайын адамзаттың тынысы тарылып, тұншыға бастады. Әсіресе, миллиондаған халық шоғырланған қытай мегаполистері көк аспанды тұмшалаған қара түтінге тұншығып жатыр. Мысалы, Бейжіңде өмір сүретіндер қаланың ауасымен тыныстағанда, күніне екі қорап темекі шеккендей болады екен. Өкпеге түзіліп, тыныс алу ауруларын қоздыратын PM 2,5 микробөлшектер мұнда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан үш есе жоғары көрінеді. Соған байланысты ірі қалалардың тұрғындары қазіргі кезде құтыға сығымдалған таза ауаны сатып алатын жағдайға жетті.
Соңғы жылдары қытайлар 7,7 литрлік баллонға сығымдалған таза ауаны Канададан сатып ала бастаған. Бір құтының құны 108 юань – бес доллар. Баллондағы оттегі шамамен бір секундтық 150 жұтым ауаны құрайды. Канадалық Vitality Air компаниясы соңғы екі айда Аспанасты еліне таудың таза ауасы құйылған құтыларды оттегі маскасымен бірге тұрақты түрде сатып жатыр. Бір жұтқан кезде адамның өкпесіне 400-500 миллилитр ауа барады деп есептегенде, баллондағы ауа 15 рет кеудені кере дем алғанға ғана жетеді. Қытайдың ауасы тым лас, түтін басқан аудандарында таза ауаның бір жұтымы 5 юань (245 теңге) тұрады.
Канада Тынық мұхитының арғы жағында орналасқан, сондықтан алыстан арбалағаннан гөрі, жақыннан дорбалаған тиімді болатынын түсінген қытайлықтар ауаны енді Жаңа Зеландиядан сатып ала бастапты. Бірақ жаңазеландиялықтар ауаның бағасын канадалықтардан қымбатырақ сұрап отырған көрінеді. Жаңа Зеландияның тазаланған, оттегіге бай теңіз ауасы толтырылған, сыйымдылығы 7,7 литрлік баллонның құны 219 юань, оны теңгеге шақсақ 10749 теңге болады екен. Сөйтіп, қазіргі кезде қытайлықтар үшін бір жұтым таза ауа 1,2 юаньға (60 теңге) жетіпті. Үкімет тарапынан үнемі қалың түтін басып тұратын Бейжің халқына таза ауа сатып алуға 75 пайызға дейін, ал басқа мегаполистерге 50 пайызға дейін жеңілдік жасалып отыр.
Қазіргі кезде еліміздегі ірі қалалардағы ауаның газбен ластануы шамамен – 60-80, ал ең ірі мегаполис Алматыда – 90 пайыз. Ауадағы улы заттар Бейжіңде нормадан 3 есеге артық болса, Алматыда ол 9 есеге көп екен. Бұл салыстырулар анық болса, алыстан әкелінетін ауаны құтылап жұтатын күн бізге де туар. Атмосфераға шығарылған зиянды заттар, газдар, химиялық элементтердің мөлшерін Казгидромет ғылыми-зерттеу институты үнемі бақылауда ұстайды. Қазгидромет мәліметі бойынша, жыл сайын орта есеппен республиканың әрбір шаршы шақырымына 1,13 тонна зиянды заттардан келеді. Зиянды заттарды атмосфераға шығару мөлшері – Павлодарда (763,0 мың т.), Қарағандыда (601,6 мың т.), Жезқазғанда (487,0 мың т.), Шығыс Қазақстан қалаларында (170,0 мың т.), Қостанайда (170,0 мың т.), Ақмолада (120,0 мың т.), Атырауда (90,0 мың т.). Бұл аймақтарда жылу энергетикасы, металлургия, мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған. Атмосфераның ластану индексін (АЛИ) бағалау бойынша соңғы жылдарда ауасы ең көп ластанатын қалаларға Жезқазған,Теміртау, Балқаш, Өскемен, Риддер, Зырян сияқты өндіріс орындары көп қалалар кіреді.
Халықаралық сарапшылар ауаның ластану деңгейі бойынша адам өміріне қауіпті болып табылатын Қазақстандағы 15 қаланы атады. Олардың ішінде Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, Петропавл сияқты бес ірі қала бар. Quality of Living Survey халықаралық сараптау орталығының мәліметтеріне қарағанда, Алматы қоршаған ортаның тазалық деңгейі бойынша әлемдегі 230 ірі қаланың ішінде 176-орынды иемденіпті. Бірақ әлгі 230 қаланың көбінде он миллионнан астам тұрғын бар. Біздің Алматының халқы екі миллионға да толмайды, өндіріс орындары да аз, бірақ ауасы өте лас. Ауадағы зиянды заттарды сейілтуге метрологиялық жағдайдың қолайсыздығы себеп болып отырған көрінеді. Almaty Urban Air мәліметі бойынша, Алматының кейбір аудандарындағы ауаның әртүрлі зиянды газдармен ластануы нормадан 9 есеге асып кетіпті. Ауасы нормадан үш есе асқан Бейжің қытайлары Канада елінен саф таза ауаны сатып алып тынысын ашып жатыр, ал бізде болса 9 есе! Демек, алматылықтарға да таза ауаны сатып алып жұтатын күн алыс емес сияқты.
aikyn.kz